Академик Қаныш Сәтбаев туралы жазылған «Қаныш және ғылыми майдан» атты жаңа кітаптың тұсауы кесілді.
Қазақ КСР Ғылым Академиясының тұңғыш президенті, академик Қаныш Сәтбаевтың туғанына биыл – 125 жыл. Мерейтой аясында ғалымның атын алған қаладағы таныстырылымда кітаптың тұсауын қанаттас қос қала Сәтбаев пен Жезқазғанның әкімдері мен облыс орталығындағы Қ. Сәтбаев атындағы тарихи-өндірістік музей директоры Кенжал Балкенов кесті.
«Отбасы хрестоматиясы» жобасының Тұлғатану бағыты бойынша жарыққа шыққан жинақ авторы Санжар Керімбайдың айтуынша, кітапта Қаныштың жұртшылық аса біле бермейтін ерлік істері мен текетіреске толы ғылым жолынан кеңінен ақпарат берілген.
– Қаныштың атын өшіру, Қанышты қазақ тарихынан жоқ қылып жіберу, оған ешқандай ескерткіш қоймау, бірде-бір мерейтойын атап өтпеу процесі 40 жыл жалғасқан. Отбасы хрестоматиясының командасы соңғы 6 ай жарғақ құлақтары жастыққа тимей, күндіз түні жортып жүріп бұрынғы деректерді қайта қопарып, Қаныштың еңбегін жаңғыртты, – деді «Қаныш және ғылыми майдан» кітабының авторы Санжар Керімбай.
Ш. Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайына жиналған оқырмандар қауымына аталған кітапты жазу кезіндегі ізденістер мен түрлі қызықты оқиғалар баян етілді. Ұлтты ұйыстыру мен ұрпақты тәрбиелеу төңірегінде тағлымды әңгімелер айтылды. Шара соңында Сәтбаев шаһарының басшысы Мұрат Бөрібаев сәтбаевтықтардың атынан кітап авторына ат мінгізіп, шапан жауып құрмет көрсетті.
Айта кетейік, осы жолғы кітап 3000 данамен жарық көріп, айналасы бір аптаның ішінде сатылып кеткен. Бұл – екінші басылым.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.