«Бюджеттің мүмкіндігі мен міндеттемесін ескере отырып, мемлекет кепілдік беретін медициналық көмектің бірыңғай базалық топтамасын жасау қажет. Ал, одан асып кеткен шығынның бәрі сақтандыру жүйесі арқылы төленуге тиіс».
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ
«Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауынан.
Облыста жылына 30 мыңға жуық науқас ауруханада жатып ем алады, амбулатория мен емханада 70 мың адамға медициналық көмек көрсетіледі, «Жедел жәрдем» бригадалары орта есеппен 80 мың шақыртуға қызмет қылады.
Сондай-ақ, облыс тұрғындарының республикалық деңгейдегі медициналық мекемелерде ем-дом қабылдауына бөлінген квота аясында трансплантология, кардиохирургия, онкология, инновациялық жасуша технологиясы саласы бойынша жоғары сапалы медициналық қызмет алуына мүмкіндігі бар.
Таяуда біз облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ләззат РАНОВА ханымға кездесіп, салада қалыптасқан жағдай төңірегінде бірнеше сауал қойған едік.
– Жаңа облыс құрылысымен денсаулық сақтау саласын қайта құруды, оның барлық жүйесін жаңғыртуды қолға алдық, – деп бастады әңгімесін Ләззат Нәбиқызы. – Қазір облыс тұрғындарына 15 мемлекеттік және 22 жекеменшік медициналық мекеме қызмет көрсетеді. 11 дербес амбулаториялық-емханалық мекеме (екеуі мемлекеттік емхана, тоғызы отбасылық денсаулық орталығы) және мың төсектік 11 стационар бар.
Жаңадан облыстық емдеу-профилактикалық қызметтері ашылды, олар: жедел жәрдем станциясы, СПИД-пен күрес, фтизиопульманология, психикалық денсаулық, ұрықты қорғау орталықтары. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында Жезқазған және Сәтбаев қалалары мен Жаңаарқа ауданында екі нейрооңалту бөлімшесі, «MD Vision» офтальмологиялық орталығы, сондай-ақ, үш гемодиализ бөлімшесі жұмыс істейді.
Бүгінде аймақтың медициналық саласы кеше немесе бүгін пайда болған емес, көптен бері қордаланған кейбір қиындықты бастан өткеруде. Мәселен, 1997 жылы бұрынғы Жезқазған облысы жабылғанда көптеген әлеуметтік бағдарлама мен жұмыс орны қысқарды. Бұл кадр тұрақтамауын тудырды, олардың қатарында медицина қызметкерлері де болды. Сонымен қатар, аймақтың денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымдық және технологиялық дамуына салқынын тигізді.
Мінсіз қызмет көрсетуді алдына міндет етіп қойған, саланы дамыту үшін кез-келген мәселені оңтайлы шешудің маңыздылығын түсінген облыстың денсаулық сақтау басқармасы алда тұрған стратегиялық міндеттерді айқындап, өткен жылдан бастап белгіленген жобаларды жүзеге асыруға кірісті. Біздің бұл бастаманы облыстық мәслихат пен әкімдік жан-жақты қолдады.
– Белгіленген стратегиялық бағыттарға тоқтала кетсеңіз…
– Бірінші, денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын жетілдіру. Алдымен, қаралатын адамның қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында амбулаториялық-емханалық қызмет желісін одан әрі дамыту керек. Сосын әйелді босандыру қызметін жақсарту үшін Жезқазған қаласында перинатальдық орталық салынады. Мұның перзентханадан айырмашылығы – заманауи құрал-жабдықпен жарақтандырылып қана қоймай, болашақ ана босанғанға дейін де, кейін де бақылауда болады.
Екінші, медицина мамандарын аймаққа тарту мен оларды орнықтыру. Бұл бағытта жергілікті биліктің бюджеті есебінен жоғары оқу орындарында оқып жатқан жастардың резиденттік кезеңін төлеуге қаражат бөлінеді. Сырттан аса қажет тәжірибелі мамандар шақырылуда. Біржақты бейінді мамандық бойынша тәжірибе алмасу және шеберлік класын ұйымдастыру арқылы медицина қызметкерлерінің біліктілігін көтеру көзделген. Сондай-ақ, ұлттық ғылыми орталықтармен берік байланыс орнатып, диагностика мен емдеуге жаңа технология енгізу ойда бар.
Үшінші, денсаулық сақтау жүйесін цифрландыруды одан әрі жетілдіру. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында бұл тұрғыда: «Бір-біріне байланысы жоқ ондаған бағдарлама мен ақпараттар базасының орнына бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпарат жүйесін жасау керек» деп қадап айтты. Біздің стратегиялық бағдарламада жағдаяттық орталықтарды (талдау, болжам, тәуекел) дамыту, телемедицинаны (ауруды анықтау, оны емдеу жолы туралы дәрігерлер кеңесі, ауруға үй жағдайында медициналық қызмет көрсету, мониторинг) кеңінен қолдану көзделген. Бұл орайда Астана орталығымен жұмыс белсенді жүргізілуде.
– Енді инфрақұрылымды жетілдіру жағына ойыссақ…
– Былтыр «Ауыл – ел бесігі» ұлттық жобасы аясында 5 нысан қарастырылған еді. 4 фельдшерлік-акушерлік бекеттің үшеуі Ұлытау ауданының – Сарысу, Жаңаарқа ауданының Байдалы би және Бидайық ауылдарында пайдалануға берілді. Ұлытау ауданының Қаракеңгір ауылындағы фельдшерлік-акушерлік бекетін жарақтандыру шарасы жасалуда. Ал, Ұлытау аудандық ауруханасының құрылысы одан әрі жүргізілуде.
Сондай-ақ, 2023 жылы «Ауылдық денсаулық сақтау саласын жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасын іске асыру қолға алынды. Жоба аясында 7 фельдшерлік-акушерлік бекет, 11 медициналық бекет, 2 дәрігерлік амбулатория салу жоспарланған. Бүгінгі күнге Жаңаарқа ауданының Ынтымақ ауылында фельдшерлік-акушерлік бекет пайдалануға берілді. Қалған нысандар да сәтін салса, көп кешікпей ел игілігіне айналады.
Өткен жылы 4 нысанға күрделі жөндеу жүргізу жоспарланды. Оның ішінде Сәтбаев қаласының орталық қалалық ауруханасы мен Жаңаарқа аудандық көпсалалы орталық ауруханасының емханасындағы жұмыстар толық аяқталды. Жезді кенті ауруханасының жөндеуі бітуге жақын. Қаражал қаласының ауруханасында құрылыс-монтаж жұмысы кешігіп басталуы салдарынан жөндеу созылып кетті.
Биыл жоғарыда аталған нысандармен қатар облыстық жоғары медициналық колледжінің оқу ғимаратын жөндеу аяқталуға жақын, Жезқазған қалалық емханасы мен Жаңаарқа аудандық көпсалалы ауруханасын, облыстық көпбейінді аурухананы, облыстық психикалық денсаулық және фтизиопульмонология орталықтарын күрделі жөндеуден өткізудің жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Сәтбаев қалалық ауруханасы базасында «Қазақмыс» корпорациясымен жасалған меморандум аясында травматология бекетін салу көзделген. Қазір мердігерді анықтау үшін байқау рәсімі жүріп жатыр.
Денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымын кеңейту үшін «Қарлығаш» шипажайы базасында үстіміздегі жылдың 30 қыркүйегінде мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығын ашпақпыз. Мұнда жергілікті бюджет есебінен ағымдағы жөндеу жүргізілді. Ал қажетті медициналық техника «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының және Бірінші Президенттің «Қамқорлық» қорының қаражаты есебінен сатып алынды. Орталықта шунгит, тұз, сенсорлық бөлмелер бар, емдік денешынықтыру кешені мен сумен емдеу сабақтары, тағы басқа денсаулыққа пайдалы жаттығулар өткізілетін болады.
Медициналық жедел жәрдем қызметі үшін заманауи құралмен жабдықталған В санатындағы – 7, С санатындағы 5 жаңа санитарлық автокөлік алынып, бірнешеуі ауылдық жерлерге бөлінді. Сонымен қатар, облыстық мәслихаттың қарауына ауылдық жерге арналған 4 санитариялық автокөлік пен санитариялық авиацияға арналған жүрдек автомобиль сатып алуға қаражат бөлу мәселесін көтердік. Биыл мамырда Жезқазған қаласындағы емхана базасында қуаты 1,5 Тесла МРТ кабинеті ашылды. Бұған қоса облыстық көпбейінді аурухананың ғимаратында осы қыркүйекте осындай екінші кабинет ашылды. Олар тегін кепілді көлем және медициналық сақтандыру аясында, сондай-ақ ақылы негізде жұмыс істейді. Сонымен, облыс орталығында жоғары көрсетілімді 2 МРТ аппараты халыққа қызмет етуде. Енді тұрғындарға Астана, Қарағанды қалаларына барудың қажеті жоқ.
Сондай-ақ, медицина мекемелеріне жалпы сомасы 1 млрд. 644 млн. 3 мың теңгеге бейнеэндоскопиялық тірек, неонаталдық құрал, шұғыл терапияға арналған қондырғы, функционалдық жиһаз сияқты бірқатар медициналық жабдық сатып алынды. Медициналық жабдықтар сатып алуға жалпы сипаттағы трансферттер шеңберінде 2024 жылы барлығы 1,5 млрд. теңге бөлінді. Қазір жабдықтаушыны анықтау мақсатында байқау өткізу жұмысы жүргізілуде. Ірі көлемді техникадан биыл ангиограф пен КТ сатып алынбақ. Екі жабдыққа да сатып алуға хабарландыру жарияланды. Тендерлік құжаттарға талдау жасалып жатыр.
«Перинатальдық орталықтар желісін салу» жобасын жүзеге асыру үшін дайындық жұмыстары басталып кетті. Аумағы 5,5 га. жер телімі бөлінді. Жоба жасау алдындағы құжатты дайындау үшін «TurarHealthcare» мекемесімен келісім-шартқа отырдық: жер теліміне талдау жасалды, медициналық-техникалық тапсырма дайын.
– Маманмен қамтамасыз ету мәселесі қалай шешіліп жатыр?
– Облыстың денсаулық сақтау мекемелерінде 2980 маман еңбек етеді, оның 630-ы дәрігер, 2350-і орта медициналық қызметкер. Былтыр 66 маман жетіспесе, бүгінгі күнге бұл көрсеткіш 50-ге дейін кеміді. Елеулі алға жылжу бар. Бұған біз нақты жүзеге асырылып жатқан жаңа жобалардың арқасында қол жеткіздік.
Біріншісі, аймаққа келген, үш жылдан артық еңбек өтілі бар медициналық және фармацевтикалық мамандарға көшу шығынын көтеру мен жергілікті бюджет есебінен баспана беру арқылы әлеуметтік қолдау жобасы. Былтыр 19 маманға 5 млн. теңгеден көшу шығыны қайтарылды. Биыл ауыл немесе қалаға келгеніне қарай 5-тен 8 млн. теңгеге дейін көшу шығынын төлеу үшін 150 млн. теңге қаражат қарастырылып отыр. Қойылатын талап – жаңадан келген медициналық маман кемі 5 жыл жұмыс істеуі керек.
Екіншісі, республиканың медициналық жоғары оқу орындарында жастарды оқыту. 2023 – 2026 жылдары 65 резидентті оқыту жоспарланған. Оларға қойылатын талап – жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін кемі үш жыл осы аймақта жұмыс істеу. Бүгінде облыстық денсаулық сақтау басқармасы, медициналық мекеме және үміткер арасында 15 үш жақты келісім-шарт жасалды.
Үшіншісі, дәрігерлер мен орта медициналық қызметкерлердің біржақты бейінді мамандық бойынша біліктілігін арттыру. Бұл бағытта ұлттық ғылыми орталықтармен, шетелдік медицина ұйымдарымен бірлесіп жұмыс атқарамыз. Былтыр сертификаттау курстарында 121 дәрігер, 639 орта медициналық қызметкер оқыды. Бұл үрдіс биыл да жалғасын табуда.
Десек те, әсіресе, медицина маманына зәрулік Жезқазған (17 бірлік) мен Сәтбаев (17 бірлік) қалаларында әлі де айқын аңғарылып отыр. Сондықтан, аймаққа мамандар тарту мен оларды орнықтыру үшін үш бағытта жұмыс жүргізудеміз.
– Аймақтағы медициналық-демографиялық ахуал қалай?
– Бала туудың төмендеп кеткені (3,9 %) байқалады. Жалпы өлім-жітім азайды (8,2 %). Ана мен бала өлімінің азаюында айтарлықтай ілгерілеу бар: ана өлімі – 73,3%, нәрестенің шетінеуі 54,4 % кеміді. Бұл – бірсыдырғы жаман көрсеткіш емес. Алайда, аймақтағы медициналық-демографиялық ахуалды одан әрі жақсартудың жолын қарастыру үстіндеміз.
Облыстық көпбейінді аурухана базасында былтырғы қаңтардан бері ұрықты қорғау орталығы жұмыс істейді. Онда пренатальдық скрининг пен ұрықты допплерографиялау жүргізіледі. Шетелдік «Voluson» эксперт аппараты қолданылады. Апта сайын облыстық денсаулық сақтау басқармасында қиын жағдайда қалған ана мен баланың ахуалы акушерлік және педиатрия сағатында жан-жақты талқыланады.
Еліміздің жоғары оқу орындары мен ұлттық орталықтарының жетекші жаттықтырушылары әйел босандыратын мамандарымыз үшін шеберлік-класын өткізіп тұрады. Сондай-ақ, әртүрлі семинарға қатысып, біліктілігін көтеріп отырады. 15 маманымыз шетелдердегі, оның ішінде әсіресе Түркия еліндегі орталықтарда біліктілігін көтеріп қайтты. Алматы, Шымкент және Балқаш қалаларынан әлеуметтік қолдау жобасы аясында 4 акушер-гинеколог келді.
– Қазір қандай проблемалық мәселелер бар?
– Денсаулық сақтау ұйымдары желісінің мемлекеттік нормативіне сәйкес өңірде облыстық балалар ауруханасы, онкологиялық орталық, облыстық арнайы медициналық жабдықтау базасы, қан орталығы, офтальмологиялық орталық сияқты мекемелер болуы керек. Бұлар – бүгінде күн тәртібінде тұрған өткір мәселелер. Әсіресе онкологиялық орталық мәселесі өте өзекті болып тұр.
Осыған байланысты былтыр ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне облыс әкімінің атынан хат жіберілді. Онда 200 төсектік заманауи радиологиялық блогы, 25 төсектік күндізгі стационары бар онкологиялық орталық кешенін салу қажеттігі, оған 5,0 га. жер телімі бөлінетіні айтылды. Сондай-ақ, жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге 170,0 млн. теңге қаражат бөлу қарастырылды. Құрылысқа республикалық бюджет есебінен 15,0 млрд. теңге тарту мүмкіндігі де ойластырылды. Бұл жоба ҚР Премьерминистрі О. Бектенов тарапынан, оның облысымызға келген сапары кезінде қолдау тауып, хаттамалық шешімге енгізілді. Яғни, онкологиялық орталық бізде салынады.
– Ләззат Нәбиқызы, соңғы сауал. Әлеуметтік желіде медициналық қызметке көп сын айтылып жатады. Әсіресе, блогерлер белсенді. Айтылатын сын қаншалықты негізді?
– Блогерлердің белсенділігінен келетін зиян жоқ. Қайта кем-кетікті түгендеп, тиісті шара қолдануға түрткі болады. Бірақ, мән-жайға қанықпай жатып, жөн-жосықсыз жалаулататындар да бар. Соның салдарынан ел арасында түсініспеушілік туындап жатады. Әлеуметтік желіде талқыға түскесін, кейбіреу тіпті жекебасқа тиетін артық пікір айтып қалады. Біз орынды сынды дұрыс қабылдап, тиісті қорытынды шығаруға тырысамыз.
Сосын стационарлық емдеу мекемелері стратегиялық нысан қатарына жатады. Оның өзіндік ішкі тәртібі бар. Соған қарамастан, кейбір блогерлер ескертпей, тосыннан баса-көктеп кіріп келеді. Егер шын жаны ашыса, асығыстыққа салынбай, мән-жайды жан-жақты зерттеп барып, толыққанды хабар таратар еді деп ойлаймын. Біз кез-келген сауалға жауап беруге әрқашанда әзірміз.
– Өңірдегі денсаулық сақтау саласында қалыптасқан ахуал туралы ашық, бүкпесіз айтқан әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Әлібек ӘБДІРАШ.