Өңірімізде облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының «Ресурстық тілдерді дамыту орталығының» ұйымдастыруымен Жезқазған қаласының 70 жылдығына орай «Ақындарым – ақиқаттың айнасы» облыстық ақындармен тағлымды кездесу кеші өткізілді. Кешке облыстың әр өңірінен қарымды қаламгерлер мен жас ақындар шақырылды.
Кештің басты мақсаты – мемлекеттік тіл саясатын насихаттап, ана тіліміздің қоғамдағы белсенділігін арттыру, қолдану аясын кеңейту. Тарихқа көз жүгіртсек, осынау жырға арқау болған мысты қаламыздың іргетасы 1954 жылы Кеңгір өзені жағасындағы Кеңгір ауылының орнына қаланған еді. Үш мыңнан астам ғана халқы болған шағын елді мекен бүгінгі таңда тағлым мен тарихқа толы шаһарға айналып отыр. Осы орайда ақындар арнайы қаламыздың 70 жылдығына жыр-шумақтарын арнады.
– Облысымыздың қала, аудандарына хаттар жолданып, сол өңірлердегі мәдениет, тілдерді дамыту мекемелері екі ақыннан бізге ұсынды. Сол ақындармен бүгін жақсы, тәлімді кездесу кеші өтті. Жалпы, ақындар дегеніміз ақиқаттың айнасы, қоғамның эталоны деп бекер бағаланбайды. Міне, осыған бүгінгі кездесуде тағы да бір көз жеткізе түскендейміз, – деді облыстық «Ресурстық тілдерді дамыту орталығы» КММ басшысы Ержан Көшербаев.
Кешке Жаңаарқа ауданынан Гүлнұр Стамбекова, Ұлытау ауданынан Құрмет Тілеулинов, Сәтбаев қаласынан Мұса Тілеуов және Гүлнар Өтемісқызы, сондай-ақ, Жезқазған қаласынан Мұқанбетқали Сейтқазинов, Абай Ораз және Жоламан Мағзұм қатысты. Тағлымды кештің сәнін домбырашылар әспеттей түсті. Сонымен қатар, кездесу кешіне арнайы келген ақындардың өмірбаянынан қысқаша бейнероликтер көрсетілді.
Осындай мазмұнды кештің өтуіне мұрындық болған Ресурстық тілдерді дамыту орталығының басшысы Ержан Көшербаев қорытынды сөз сөйлеп, қаламгерлерге алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етті. Сондай-ақ, алдағы уақытта да мұндай жобалардың жалғасатынын жеткізді.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.