Өңір өндірісінің күре тамырына айналған металлургия саласының майталмандары 21 шілдеде өздерінің төл мерекелерін атап өтті. Аймағымыздағы Жезқазған мыс қорыту зауытының металлургтері мен ардагерлеріне «Байқоңыр» қонақүйінде құрмет көрсетілді.
Түсті металлургияның дамуына қосқан айрықша үлестері үшін бір топ еңбек озаты түрлі дәрежедегі марапаттарға ие болды. Тау-кен, металлургия және аралас өндіріс еңбеккерлерінің «КәсіпҚорған» кәсіподағы тарапынан үздіктерге ІІ және ІІІ дәрежедегі «Еңбек даңқы» төсбелгілері тапсырылды.