Қарсақбай металлургия зауытында бірнеше буын еселе еңбек етіп, өсіп-өнді. Солардың ізбасарлары кешегі сексенінші жылдары зауыттың тынысын кеңейтіп, күні бүгінге дейін тынымсыз еңбек етуіне негіз қалады. Солардың бірі – Ғабит Төкенов. Мереке қарсаңында біз ардагерге арнайы қоңырау шалып, хабарласқан едік.
– Мен, 1980 жылы осы зауыттың механикалық өңдеу цехна слесарь болып келдім. Ол кезде шойын құю цехын Тілеуберген Балабиев деген ағамыз басқаратын. Ал зауыттың директоры Қадыр аға Мәткенов еді.
Еңбек жолын қатардағы құюшы, қалып жасаушы болып бастаған Тілеуберген аға жастарға ерекше қамқорлықпен қарап, білгенін жалықпай үйрететін. Мені де сол кісі өзі үйретті. Соның нәтижесі шығар, өзіме жүктелген жұмыстарды мінсіз атқардым. Жұмысқа ынтамды, тапсырылған іске жауапкершілікпен қарайтынымды бағалады ма, Тілекең мені шойын құю цехына жұмысқа ауыстырды. Бұл жұмыс негізінен бірнеше процестерден тұратын үлкен жұмыс қой. Сол, көп сатылы жұмысты ұжым болып бірлесе атқаратынбыз. Ол кезде тапсырыс та көп. 120-дан астам өнім түрлерін құйып, әзірлеуіміз керек. Бұйымның модулін ол кезде Жезқазғандағы құю-механикалық зауыты әзірлейді. Ол жақта тапсырыстың көптігінен қажетті модульді ұзақ қүтіп қалатын кездеріміз де көп. Осындайда өзіміз ақылдаса отырып құйылатын бұйымның модулін жасауды қолға алдық. Ағаштан бұйым жасауда қолымның ебі болған соң бұл жұмысты маған жүктеді. Әуелі үлгі ретінді бір бұйымды жасап, оны тапсырыс берген кәсіпорынға апарып, сынақтан өткіздік. Онымыз зауыттың бұйымынан кем болмады. Сынақтан сәтті өткен соң партиялап құя бастадық. Қазіргі жігіттер әр жерден түскен бұйымдарды сол біздің жолымызбен өздері қалыптап, құйып келеді.
Сол жылдары жұмысымның сәтті болғанын зауыт басшылары да әділ бағалады. Бригадир, ауысым шебері, цех бастығы қызметтеріне сатылап көтерілдім. Молдаш Қойлыбаев, Бөлтірік Құрманбаев, Сыздық Байназаров, Қазыбай Биназаров сынды аға буын өкілдерімен бірге еңбек етіп, үлкен биіктерді бағындырдық. Сырымбек Досжанов сынды бір жылдың төлімен бірге еңбек еттім. Цехтың бүгінгі бастығы Ғабит Ермағанбетовке ұстаз болдым. Бүгінде Мұрат Мұқанов, Серік Түлкібаев сынды жастар біздің ізбасарларымыз. Біз оларды әркез мақтан етеміз.
Екі мыңыншы жылдардың басында Қадыр аға мені шақырып алып, «Сен зауытта біраз жыл еңбек еттің, тәжірибең толысты. Енді Басқармаға кел, басшылық жаса» деп зауыттың механигі етіп тағайындады. Сол қызметте жүріп зейнеткерлікке шықтым, – дейді ардагер аға ағынан жарылып.
Түйін
Қарсақбай зауытының арғы, бергі тарихын бір мақалаға сыйғызу әсте мүмкін емес. Қарашаңырақтан басталған үлкен істер әлі талай мақалаларға арқау болары анық. Бүгін біз металлургтердің кәсіби мерекесі қарсаңында соның бір парасын ғана тілге тиек еттік. Келешекте ардагерлеріміз бен еңбек майданының бүгінгі ерлері туралы жиі қалам тербейтін боламыз.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.