Облыс орталығындағы Даңқ аллеясында Ұлы Жеңістің 79 жылдығына арналған іс-шара өтті. Мәңгілік алау ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, майдангерлер рухына тағзым етілді
Мәңгілік алау. Сап түзеген сарбаздар. Бейбіт аспан. Осы бейбіт аспанның астында ұрпақтары алаңсыз өмір сүру үшін өткен ғасырдың қырқыншы жылдары мыңдаған боздақ майдан даласында қан төкті. Олардың жанқиярлық ерлігі еш ұмытылмайды. Жиынға облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы, сенатор Советбек Медебаев және облыс активі мен шаһар басшылығы, ақсақалдар алқасы мен белсенді жастар қатысты. Іс-шарада сөз алған еңбек ардагері Қадыр Үңгітбаев өткен күннің жаралы жылдарына тоқталып өтті.
– Сұрапыл соғыстың зұлматы майдан даласынан қашықта жатқан қазақ елін де айналып өткен жоқ. Қолына қару ұстай алатын ел азаматтарының барлығы дерлік ұрыс даласына аттанды. Ең өкініштісі, сол соғыс жауынгерлерінің тек бір бөлігі ғана аман-есен оралды. Бейбіт заман үшін, келешек ұрпақ үшін опат болған ата-әкелерімізді ешуақытта ұмытпауға тиістіміз. Бұл – барша адамзаттың киелі парызы!
Иә, бұл күн – қуаныш, қайғы, естелік, құрметті біріктірген Тарихтың ең қайғылы парағының жабылған күні. Өкінішке қарай, біздің өңірде көзі тірі соғыс ардагері қалмады. Қала тұрғындары олардың рухына қашанда тағзым етеді. Жиын соңында қатысушылар әскери асханадан дәм татты.