«Осы жасында журналист ретінде не тындырды?» деген сұраққа Амандық Рахұлы туралы берер жауап дайын. Газеттердегі тек басшылық қызметін тізіп шықсақ та жетіп жатыр. 1976 жылдан бастап Ақадыр ауданындағы екі тілде шығатын «Ақадыр таңы» газетінің жауапты хатшысы, редактордың орынбасары.
‣ 1983 жылдан Приозерный аудандық «Ленин жолы» – «Ленинский путь» газетінің редакторы.
‣ 1985 – 1996 жылдар аралығында Жезқазған облыстық «Жезқазған туы» газетінде бөлім меңгерушісі.
‣ 1997 – 2002 жылдары Жезқазған қалалық «Сарыарқа» газетінің бас редакторы.
‣ 2008 – 2013 жылдары аймақтық «Мысты өңір» газетінің бас редакторы.
А. Рахұлының журналистік еңбек жолындағы алған құрмет-қошеметі ауыз толтыра айтарлықтай. Ол баспасөз саласындағы ұзақ жылғы еңбегіне орай бірнеше мәрте Қазақстан Журналистер одағының және облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен, дипломдарымен марапатталған. Облыс әкімінің «Алтын сұңқар» сыйлығының лауреаты, «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісінің иегері және Қазақстанның Құрметті журналисі.
Газет журналисінің жазғандарын баспадан басып, кітап етіп шығара берсе, бірнеше том болар еді. Бірақ, оны Амандық Рахұлы мақсұт тұтбаған. Рас, кезінде кітап құрастырушылар Қарағанды облысы қаламгерлерінің «Сарыарқа» сериясымен шыққан басылымына және басқа да ұжымдық жинақтарға очерктерін енгізіпті. Ал өзінің төл еңбегі – «Тарпаң тірлік» атты жалғыз кітабы. Ол 2012 жылы «Ұлытау кітапханасы» сериясымен жарық көрді. Жезқазғандық қаламгерлердің әдеби туындыларымен қатар оның очерктері мен мақалаларының кітап болып басылуы А.Рахұлының журналистік қабілет-қарымының айтарлықтай екендігін бағалағандық болып табылады.
Осы кітабына «Шикізатқа тәуелділік алысқа апармайды» атты ойтолғауы енгізілген екен. Газетте 2010 жылы жарияланған бұл мақаласында: «…Жезқазған облыс орталығы мәртебесінен айрылған 13 жылдан бері «бұл жер «Қазақмыстың» қамқорлығына бөленген» деп, Үкімет қаланың одан әрі дамуы тұрмақ, тыныс-тіршілігін қалыпты сақтауға да ешқандай көңіл бөліп көрген емес. Шағын қалаларды дамыту жөніндегі Үкімет бағдарламасының шапағаты да Сәтбаев пен Жезқазғанға тимей келеді. Сондықтан металлургтер мен кеншілер қаласының болашағы Үкіметтің оңтайлы шешіміне байланысты екенін ұмытпайық», – деп жаза келіп, автор шикізатқа тәуелді емес кәсіпорындар құруды ойластыру керектігін айтады.
Әріптесіміз Амандық Рахұлының Жезқазған өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты осындай көкейкесті тақырыптарды тұрақты көтеріп отыратындығына қызыға қарайтынбыз. Оның «Осы Үкімет Жезқазғанды біле ме екен?» деген мақаласында көтерілген мәселелер кезінде Парламенттегі депутаттардың, жоғары басшылардың назарына жетіп, Жезқазған-Ұлытау өңірін дамытудың кешенді жоспарының қабылдануына қозғау салғаны есімізде. Журналист тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету, экологиялық проблемаларды шешу, шикізатқа тәуелділіктен арылып, өндіріс орындарын кеңейту тұрғысында көптеген мақалалар жазды.
Жалпы Аужекең көпсөзділікті қаламайды. Мақаланың жұп-жұмыр шағын болғанын ұнатады. Не жазса да илеуін келтіріп, байыппен жазады. Өзінің мінезі қандай салмақты болса, жазғаны да сондай салиқалы, ой-тұжырымы орнықты шығатын. Біз тілге тиек етіп отырған «Тарпаң тірлік» кітабындағы «Қанекең есімін қайтарайық», «Тоқтар еккен қарағай қайда?», «Сұрақ» емес «мәселе», «Нөмірленген аудандар несімен жақсы?» және басқа мақалалары соған айғақ.
Бірінші шегініс:
2015 жыл келіп жетті. Зейнеткерлікке шығудың жай-күйі алаңдата бастады. Ең бастысы, еңбек кітапшаң дұрыс толтырылуы керек екен. Оны қолға алып қарасақ, бір жерінде мөрі жоқ, бір жеріндегі таңбасы, енді біріндегі жазуы көмескі дегендей. Туған күні ақпанның 2-сіндегі Амандық кездесіп қалды.
– Ау, Аужеке, құжаттарыңызды реттеп, тапсырдың ба? – деп сұрағанбыз.
– Несін айтасың, біраз әурешілік болды ғой. Жезқазғандағы, Жаңаарқадағы архивтерді сағалауға тура келді. Сөйтіп қиналып жүргенімде оның бір оңай жолы табыла кетті. Мектепті бітіргеннен кейін ауылда жұмыс істеп жүргенімде партияға мүшелікке қабылданған едім. «Есеп карточкамда» сол тракторист кезімнен бастап барлығы тап-тұйнақтай жазылған екен. Сол құжатты өткізіп келемін, – дегені.
– Мектеп бітіре салып, Жаңаарқа аудандық «Жаңаарқа» газетінде корректор болдым деуші едің ғой, – дедім.
– Оным рас. Бір жыл корректор бола жүріп хат қорытумен де айналысып, ара-тұра мақала да жазып, газет тірлігінің алғашқы әліппесімен қанықтым. Газет жолдамасымен келесі жылы ҚазМУ-дің журфагына оқуға түстім. Бір курсты бітірген соң отбасы жағдайыма байланысты сырттай оқуға ауыстым. Біздің кезімізде мектепте жүргенде механизаторлыққа оқытатын еді ғой. 9-ды бітірген жылы жаздай ауылым Ақтүбекте тракторға отырып, шөп шапқаным бар. Ауылға келе тракторист болдым. Сөйтіп жүргенімде армияға алып кетті. Екі жылдан соң армиядан келгенімді естіп ауылымыздың басшысы мені үйге іздеп келсін. «Өзіңе су жаңа трактор ұстап отырмын» деп мені қызықтырды. Сөзінде тұрды. «Коммунист боласың» деді. Айтқаны келді. «Түбі ауылымыздың мықты механизаторы етіп шығарамын» деді. Бірақ ол ойы орындалмады…
***
Қаламы ұшқыр журналист Амандық Рахұлының публицистикалық туындылары бірқыдыру. Бірқатары «Тарпаң тірлік» кітабына енгізілген екен. Соның бірі – «Ұлтқа ұран болған Ұлытау». Мақала: «Ұлытау жайлы сөз қозғағанда тарих тұңғиығынан тартылар тылсым сырларға соқпай кету мүмкін емес» – деген сөйлеммен басталады. Осы өңірге қатысты тарихи деректерге бойлай өрілген туынды көп жайттан хабардар етеді. Мақала 5 тақырыпшаға бөлінген. Олардың атауларынан-ақ автордың не жазып отырғанынан ой түйесіз: «1. Қазақ мемлекетінің кіндігі», «2. Ел тарихын шертеді ескерткіштер», «3. Қасиетті өңір қайта өрлеуде», «4. Құмкөл компаниялары бетін бері бұрды». Соңғы «5. Тобықтай түйін» деп атаған бөлімде болашақ жүзеге асырылса екен деген келелі мәселелерді алдыға тартады.
«Кербез кеңгір жағасында» – лирикалық сарында жазылған публицистикалық туынды. Белгілі композитор әрі өнер зерттеушісі Ілия Жақановтың шабытын оятқандығы әсерлі баяндалған. «Кеңгірдің қоңыр кештері» әдемі әнінің қалай жазылғанымен ортақтастырады.
Автор одан әрі былайша суреттейді: «Байыппен қарар болсақ, Кеңгір айдыны шын мәнінде кешкілік бір әдемі кейіпке енеді. Көпшілік жұрт жазғы қоңыр кеште Кеңгір самалымен тыныстайды. Ондайда маған толқыны тыншыған Кеңгір айдыны тіпті кербездене қалғандай әсер тудырады. «Кербез Кеңгір» деймін іштей сүйсіне қарап…».
«Өмір нәрі – су. Өнеркәсіпті Жезқазғанға тіршілік нәрін беріп отырған Кеңгір су қоймасының құдіреті күшті». Бұл келтіргеніміз де автордың өз сөзі. Осы үзіндіден-ақ ұға беріңіз, әңгіме өзегі кербез Кеңгір жағасындағы Жезқазған қаласының кешегісі мен бүгінгісі. «Иә, өркениет көшінен қалыспай жаңа асуларға ұмтылған кербез Кеңгір жағасындағы керім қаланың бүгінгі тынысы қандай кең болса, болашағы одан да жарқын, сәулетті болары сөзсіз», – деп түйіндейді мақаласын А. Рахұлы.
Жезқазған қаласының тыныс-тіршілігін баяндағанда сан алуан цифрларға тіл бітірсе, ал «Жезқазғанға жер асты суы керек» деген проблемалық мақаласында да небір сандарды сөйлетеді. Айтарын небір дерек-дәйектемелерімен тұздықтайды. Мұның өзі журналист Амандық Рахұлының әр мақаласын тереңнен толғап, тақырыбын мейлінше зерттеп-зерделеп жазатындығының жарқын дәлелі. Көп сөзділікке салынып, ежік-тегеннен есеп-қисаптар, пайыздық өлшемдер әлдеқайда ұтымды. Сол дәлелдемелері айтар ойына, межелеген жеріне дөп тиіп жатады. Мұны Амандық Рахұлының журналистік шеберлігі деп бағалаған жөн.
Екінші шегініс:
Жастар ауылға тұрақтай бермейтіндіктен ауыл басшысы Амандықты айналып-толғанып, «түбі мықты механизатор боласың» деп көтермелеп бағады. Әрі еңбекқорлығына, тыңғылықтылығына да қызыққан болар. Бірақ мектепте оқып жүргенінде-ақ жергілікті тілшісі болған, бір жыл корректор жұмысын атқарып жүргенінде көңілдерінен шыққан Амандықты «Жаңаарқа» газетінің басшылары неғып ұмытсын. Олар қойарда-қоймай жүріп, ақыры Раховты тілшілік жұмысқа шақырып алады.
Амандық өзінің туып-өскен ауылы Ақтүбектің сол басшысына дән риза. Партия мүшелігіне қабылдатып, болашақ жолын ашып беріпті. Ол кезде коммунист болмасаң абырой-беделің көтерілмейтін, қызмет лауазымың өспейтін. Журналистер қауымы партияның алдыңғы шептегі жауынгерлері болып саналатын.
Марал Хасенов «Жаңаарқа» газетінде жауапты хатшы болып жүрген кезінен Амандықты жақсы білуші еді. Ол жаңадан ашылған Ақадыр ауданындағы қос тілді газеттің редакторлығына тағайындалысымен оны жұмысқа шақырады. Сөзбұйдаға салып, бірден келісім бере қоймайды. М. Хасенов ақыры жас коммунист Амандық Раховты партиялық жүйенің ықпалымен Ақадырға алдыртады. Осылайша бір топ жас қаламгерлерді тәрбиелеген «Марал мектебінде» журналистік қабілетін ұштауының сәті түседі. Бұл уақытта сырттай оқуын да бітіріп алған еді. Жауапты хатшы болып екі жылдай істеген соң редактордың орынбасарлығына тағайындалады.
Ақадырда жүріп, газет жұмысына әжептәуір төселіп қалған-ды. «Обком шақыртып жатыр, жедел жет» деген хабар келеді. Неге шақыртқанын ешкім білмейді. Жайдан-жай шақыртпайтыны анық. Қай саладағы болсын кадрларды іріктеп, орналастыру мәселесінің барлығын партия органдары шешетін кез ол. Содан шақырту жіберген насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі Сағындық Үсенұлы Қожамсейітовке келіп кіреді. «Сені Приозерный ауданының «Ленин жолы» – «Ленинский путь» газетіне редактор етіп жіберуге ұйғарып отырмыз. Қазір үшінші хатшыға кіреміз», – десін Сәкең әй-шайға қаратпай. Партия айтты, бітті.
Содан арада екі жыл өткен. Облыс көлеміндегі журналистерді «жатқызып-тұрғызатын» облыстық партия комитетінің насихат және үгіт бөлімін басқаратын Сағындық Үсенұлы және шақыртады. Сөйтіп Амандық Рахұлы обкомның ұсынысымен 1985 жылдың қыркүйегінде облыстық «Жезқазған туы» газетінің ең бір жетекші бөлімі – партия тұрмысы бөлімінің меңгерушілігіне бекиді.
***
Ұжым басшысы болып жүргенінде Амандық Рахұлы сөз зергері Әзілхан Нұршайықовтың сол бір айтқанын әрдайым тілге тиек етіп отыратын. «Журналист бойына барлық қаситтерді жинаған, елгезек, елпек, қарапайым, кішіпейіл, жұғымды, ерінбейтін еңбекшіл, ұстамды, ұйымдастырғыш, жазғыш, айтқыш, ақылды азамат болу керек», – деген ғой ол өзін сол журналистердің бірі санап. Қарап отырсақ, Амандықтың өзі сол талап үдесінен көрінуге ұмтылыпты, қарамағындағылардан да осыны талап етіпті. Дәлірек айтқанда, сол қасиеттерді бойына жинауға ұмтылып қана қоймай, өмірлік қағидасы ретінде ұстанып келеді. Оның журналистік еңбек жолы мен туындыларын ой елегінен өткізер болсақ, осылай тұжырым жасар едік.
А.Рахұлы бір жазбасында: «Талай дария ойлы, көңілі тұнық, көкірегі ояу жандармен пікірлес болдым. Тұнық өзендей тынып ағатын таза жандармен сөйлесудің өзі жан рахатын сыйлайды. Олар туралы құлшына қалам тербеп, қуана жаздым», – деп ой толғайды. Иә, қаламгер туралы әңгіме қозғағанда оның жазған очерктеріне тоқтала кетпеу мүмкін емес. Әлгі «Тарпаң тірлік» кітабының «Аймақтың айтулы адамдары» бөліміне соның біршамасы ғана топтастырылған екен.
Бір еңбегіне «Әлемді мойындатқан академик» деген тақырып қойыпты. «Ол кім?» дейсіз ғой. Ол – көпке жақсы танымал Төрегелді Шарманов. Иә, оны білесіз. Әйтсе де ол туралы білмейтініңіз де көп. А.Рахұлының бұл очеркін оқу барысында Төрегелді аға туралы көп жайтқа қанығасыз. Журналист оның елге келіп жүрген сапарларында үш рет кездескенін баяндай отырып, көп сырды суыртпақтайды. Академик Төрегелді Шармановтың әлем ғалымдарын қалайша мойындатқанына ортақтасасыз.
Журналист Рахұлы «Дала сахнасының дүлділі» туындысында Тайжан Қалмағамбетов жайлы, «Өңір тарихының шырақшысы» Сүтемген Бүкіров туралы, «Тарихқа табан тіреген тарлан» Мәкен Төрегелдин жайында төгілте, көсілте жазады. «Мәуелі бәйтерек» мақаласын оқи отырып, адал еңбегі үшін екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту» және «Құрмет Белгісі» ордендерімен марапатталған, Жезді, Ұлытау және Шет аудандарының бірінші хатшысы болған Мейрам Абақановтың кейін Жезқазған облысын басқарған Н. Давыдовтың кезінде партиядан шығарылып, сергелдеңге түскенін жайбарақат оқи алмайсыз.
Ал «Абыз ақсақал мақаласын: «Ой-зердесі терең, көргені көп, көшелі қарияларымыздың бірі Мәкенбайұлы Қалкен ақсақал, халқы қадыр тұтатын Қалекең қай қырынан алып қарасаңыз да ауқымды әңгімеге өзек боларлықтай кейіпкер», – деп бастайды. Осылайша алғашқы сөйлемдерінен-ақ «мені оқы» деп менмұндалап тұр. Қаламы қарымды қаламгер Амандық Рахұлы очерктерінде кейіпкерлерінің бар ғұмырын, еңбек жолын оқиғалар негізінде баяндай отырып, жеріне жеткізе жайып салады. Ешбір қаламгер аймағымыздың осы айтулы адамдары туралы екінші қайтара жаза алмас та еді, Амандық Рахұлының жазғанын толықтыра алмас та еді. Оның әр туындысы осынысымен шоқтығы биік, осынысымен құнды.
Үшінші шегініс:
Сонау 1985 жылдың күзінде облыстық «Жезқазған туы» газетінің партия тұрмысы бөліміне меңгеруші болып ортамызға келгені әлі көз алдымызда. Өзіміз қатарлы отыздан енді асқан жас болса да аудандық газеттерде тәжірибе жинақтағанын, бәрінен бұрын қаламының ұшқырлығын бірден байқатқан. Оның осал емесін партия тұрмысы бөліміне меңгеруші болып келгенінен-ақ топшылап қойғанбыз. Бұл бөлімнің тізгінін анау-мынау журналистің ұстамайтыны белгілі. 1973 жылдың көктемінен бастап шыға бастаған жас газетіміздегі бұл бөлімнің алғашқы меңгерушісі Алматыдан арнайы еңбек жолдамасымен келген Болат Бабақов болатын. Тәжірибелі қаламгер редакциямызда «Жас журналистер мектебін» ашып, жоғары оқу орнын жаңа бітіріп келген жастарға сабақ бергені есімізде. Кейінірек Болат Бабақов бізден «Ақиқат» журналына бөлім меңгерушісі болып кеткен.
Келе Амандық Рахұлы әдетте күзде болатын партия ұйымдарының есеп беру-сайлау науқанына бел шеше кірісті. Одан қалды аса жауапты пленум, партия конференцияларын шұғыл жазып, келесі нөмірге беруі тиіс. Айта берсек, шаруасы шаш-етектен. Амандық өзінің іскерлігін танытып, соның бәрін меңгеріп алып кеткен еді.
Мамандыққа адалдық таныта білу – айтары жоқ үлкен қасиет. Осы қасиет Аужекеңе аса тән. Ол газеттен ауысып, бір жылдай облыс әкімі аппаратының қызметкері болғаны бар, бірақ онда да мақала жазуын қойған жоқ. Ал Жезқазғандағы екі газеттің бас редакторы болған жылдардың аралығында Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің Жезқазған өңіріндегі меншікті тілшісі болып, өндірте жазды. Біз білетін әріптесіміз Амандық Рахұлы – мамандығына адалдықтың жарқын үлгісін көрсетіп келе жатқан қаламгер.
Өткен жылдар ізсіз емес. Амандық Рахұлының зейнеткерлікке шыққанына да 6-7 жылдың жүзі болды. Әйткенмен әлі де журналистер сапында. Қалалық «Сарыарқа» газетінде өзекті мақалалары жарық көріп тұрды. Міне, қазір «Мысты өңір» газетінің жаңаша бетбұрыс жасауына өзіндік үлесін қосуда. Бір сөзбен айтқанда, мерейлі 70 жасқа келген Аужекең «өңір баспасөзінің ауыр жүгін белі қайыспай көтерген қара нары» атанған қаламы ұшқыр қаламгер. Бұл – өмір қуанышы, тағдыр сыйы.
Шахмұрат ИБАДАТҰЛЫ.