Ғұмырын ғылымға арнаған ұлттың ұлы перзенті Қаныш Сәтбаевтың Томск интитутын тәмамдағаннан кейінгі тағдыры Жезқазғанмен қатар өрбіді. Оның Үлкен Жезқазғанды ашудағы еңбегін күллі жұрт жақсы біледі. Менің айтпағым, Қаныш ағаның Жезқазған өңірінде қызмет еткен жылдарда ол кісімен кездесіп, алдында ән салғандығым.
Бұл оқиға 1950 жылы болатын. Терісаққан ауылындағы Оралтау мектебінде оқып жүрген 13 жастағы қыз едім. «Ауылға Қаныш келе жатыр екен» деген әңгіме естілді. Ауыл түгел Қаныш ағаның күтіп алуға қамданды. Қаныш аға ауылдың ақсақалдарынан бастап, 4-5 жасар балаға дейін қолдарын алып, амандасты. Кешқұрым ауыл түгел ағамен кездесуге жиналды. Бұйра шашты, ақ сары жүзді, қарыс маңдайы жарқырап, аялы жүзінен мейірім төгілген аға ақсақалдармен біраз әңгімелес-
ті. Мұғалімдер мен оқушылар шағын концерт қойдық. Жұрттың біразы: «Шабалдың әнін тыңдайық» – деді. Сөйтіп көптің қолқалауымен «Баянауыл» әнін бастадым. Ол ән кейін басқа әндермен жалғасып кете барды. Осылайша алғаш рет ұлы ғалымды көзбен көру бақытына ие болдым. Ағамен кездесуім 1954 жылы болатын. Алматыға арман қуып оқуға түстім. Сол кездегі КазПИ-ге Нағи Берденова есімді құрбыммен бірге оқуға қабылдандық. Бірінші курс студентіміз, жатақханада орын тапшы. Нағи екеуміз 3 ай бір керуетте жаттық. Мұндай қиындыққа шыдамаған құрбым оқудан шығып, ауылға қайтамын деді. Менің ойыма сол кезде Қаныш аға сарт ете қалды. Құрбыма:
– Қаныш ағаға барып, неге жағдайымызды айтпасқа? Ол кісі біздің қиындығымызды түсінеді, – дедім де Ғылым академиясына жол тарттым. Кіреберістегі хатшыдан рұқсат алып, қызметтік кабинетіне кірсем, аға алуан түрлі тастарға қарап, терең ойда отыр екен. Мені көре салып, ғалым аға күлімсіреп қарап, амандасып:
– Сен Ұлытаудың қызы емессің бе, қалқам? – деді
– Иә, ауылға келгеніңізді қасыңызда отырып, таңға дейін ән шырқаған дүкенші Бейсенбектің Шабалымын ғой, – дедім.
Ауыл-аймақтың, мал-жанның жағдайын толық сұрап, білген соң келген мәселемді сұрады. Құрбыма жатақханадан орын тимей жүргенін айтқаным сол еді, аға инситуттың ректоры Мәлік Ғабдулинге телефон шалды.
– Мәке, үй-іші аман ба? Маған Ұлытаудан төркіндер келіп қалыпты. Шабал деген әнші қызымыздың құрбысына жатақхана керек екен, соған сенің қамқорлығың керек. Шабал қызымызды көркемөнерпаздар үйірмесіне қатыстырып, талантын танытуға да қолұшыңды соз, – деді. Телефонмен сөйлесіп болған соң Нағи екеумізге әкелік, ағалық ақыл-кеңесін айтты.
Қаныш ағаның мәселемізді шешіп бергеніне бір қуансақ, ғұлама ғалымды көріп, дидарласқанымызға екі қуанып академиядан институтқа қарай бет алдық. Ректор Мәлік Ғабдулинге жолықтық.
– Ал, Шабал қайсың боласың? Маған ән айтып бер. Жатақхана мәселесі сосын шешіле жатады, – деді. Мен ректордың алдында ән шырқадым. Ол кісі тыңдап болғасын:
– Көркемөнерпаздар үйірмесіне қатыс. Дауысың жақсы екен, – деді. Мәлік аға комендантқа қоңырау шалып, жатақханадан Нағиға орын қарастыруын тапсырды. Сөйтіп Қаныш Имантайұлының қамқорлығының арқасында Нағи құрбыма орын табылып, көңіліміз жайланды. Бұл екі жүздесуден кейін де Қаныш ағамен жатақхананың көгалында емтиханға дайындалып жатқанда кездестік. Бізге арнайы тоқтап, хал-жағдайымызды сұрап, «көбірек оқыңдар. Заман – оқығандыкі» деп кеңесін айтып кетті.
Кейіннен мен Қаныш ағаға арнап «Озық ойлы аға» деген өлең жазып, оны жергілікті газеттер жариялады. 1961 жылы Жезқазған поселкесінде өткен Қазақ Ғылым академиясының конференциясына келгенде:
– Менің Шабал деген қызым маған өлең арнапты. Соны қиып беріңдерші, – депті.
Шын мәнінде Қаныш Имантайұлы озық ойлы жан болатын. Қазақ жастарына деген қамқорлығы, оқуға, білуге талпынғандарды қолдауы ерекше болатын. Сол ағаның аялы алақанының жылуын мен де сезінген едім.
Шабал БЕЙСЕМБЕКОВА, ардагер ұстаз, Қазақ КСР оқу ісінің озаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері,
Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы.