Қазақ тарихындағы тұлғалардың қатарында сан саланы меңгерген, ұлтына адал қызмет еткен Қаныш Имантайұлының шоқтығы биік. Туған жер топырағындағы көнбенің көзін ашқан оның геология, минералогиядағы еңбегі ұшан-теңіз. Кеңес үкіметінің солақай саясатымен тіресе жүріп, Қазақстанды байлық көзіне айналдыруда Қаныш Сәтбаевтың есімі әлемге танылды.
Бүгін, 12 сәуір – дара дарын иесі, ғұлама ғалымның өмірге келген күні. Ғұмырының соңына дейін қазақ ғылымына маңдай терін сарп еткен академиктің 125 жылдық мерейтойы Жезқазған қаласында да айшықты шаралармен астасты. Сондай бір мағыналы да мазмұнды жиынды Жезқазған қаласының әкімдігі «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы Қаныш Сәтбаев атындағы тарихи-өндірістік мұражайда ұйымдастырды.
Ұлы ғалымның есімі мен еңбегін ұлықтауға бағытталған конференцияға ардагер журналист, Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газеті бас редакторының бірінші орынбасары қызметін атқарған, Қазақстанның Құрметті журналисі, Бұқар жырау ауданының Құрметті азаматы, Қарағанды қаласы ардагерлер кеңесінің хатшысы, Қаныш Сәтбаевтың аталас туысы Аман Жанғожин Қарағандыдан арнайы ат терлетіп келді.
Жиынға Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының «Тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі басшысының міндетін атқарушы, тарихшы-бакалавр, жазушы-өлкетанушы Мұхтар Бақытұлы қатысты.
Конференцияның ашылуында Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Бақытжан Жайлаубаев пен Жезқазған қалалық мәслихатының төрағасы Раушан Қапарова сөз алып, академиктің Үлкен Жезқазған мен геологияны дамытудағы еңбектерін айта келіп, көмірлі өлкеден жиынға келген Аман Жағдаұлына алғыстарын білдірді.
Аман Жанғожин өз баяндамасында Қаныш Имантайұлымен жеті атадан туыстығы бары екенін, оның ғылымға, өнер мен мәдениетке, тіпті ботаникаға қосқан үлестерін жеке-жеке тарқатып айтып берді. Мейман сондай-ақ, Қаныш Имантайұлы Қарағанды өңіріндегі бас басылым, сол кездері «Советтік Қарағанды» атауымен жарыққа шыққан қазіргі «Орталық Қазақстан» газетімен тығыз байланыста болып, үнемі оқып отырғанын да әңгіме етті. Халқымыздың салт-дәстүрін, ғұрпын, тарихын зерделеуде де ғалымның еңбегі орасан зор екенін тілге тиек еткен Аман Жанғожин Қаныш Сәтбаевтың мұралары өміршең екендігін уақыт дәлелдеді деді.
– Қаныш Имантайұлының есімі Үлкен Жезқазғанды қалыптастырумен ғана шектелмейді. Оның геология, минерология салаларынан басқа ботаникаға да ерекше мән бергенін аңғарамыз. Оның ықпалымен Қарсақбай кентінде, Жезқазған мен Қарағандыда саябақтар пайда болды. Маңғыстау өңірінде мұнай көзінің ашылуына да тікелей ықпалы бар. Біздің ғасырда бір туатын осындай дара тұлғаны ұмытуға хақымыз жоқ. Кейінгі ұрпаққа ұлы ғалымды ұлықтау парыз, – деді Аман Жағдаұлы.
Өлкетанушы Мұхтар Бақытұлы Қаныш Имантайұлының өңірдегі тарихи жәдігерлерді зерттеп, зерделеудегі еңбегіне тоқталды.
Конференция қонағы Аман Жанғожинге Жезқазған қаласы әкімдігі атынан сый-құрмет көрсетілді. Аймақтағы журналистика ардагері, қарымды журналист, газетіміздің тілшісі, Қазақстанның Құрметті журналисі Амандық Рахұлы, журналист Абдолла Дастанов сөз алып, ғұламаның мерейтойында Қарағандыдан келіп, ой толғанысын жеткізген Аман Жағдаұлына алғыстарын білдірді.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.