Халықаралық әйелдер күні қарсаңында ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасы Аида Балаева «Ару Ана» республикалық үздік жобалар байқауының қорытындысын жариялап, жеңімпаздарымен кездесті. Осы байқауда ұлытаулық кәсіпкер Жұлдыз Рахымбекова аталмыш байқауының жеңімпазы атанды.
Мықтыларды іріктеу үшін еліміздің барлық өңірінен 260 жоба ұсынылған. Оның ішінде 20 жоба отбасы институтын, әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін қолдауға, балалар құқықтарын қорғауға, инклюзивті қоғамды, креативті индустрияларды, IT, агробизнесті және қайырымдылықты дамытуға бағытталған үздік деп танылды.
Жезқазған және Сәтбаев қалаларындағы «MamaRada» балалардың зияткерлік даму академия желісі» жобасының авторы Жұлдыз Рахымбекова «Инклюзивті даму саласындағы үздік жоба» бағыты бойынша топ жарды.
Байқау 2023 жылдан бастап Ұлттық комиссияның қолдауымен үздік идеялар мен әлеуметтік жобаларды жүзеге асыратын әйел көшбасшыларды қолдау, біріктіру және алға жетелеу мақсатында өткізіліп келеді.
Досан ДУЛЫҒАЛЫ.