Елімізде жыл сайын өз кәсібін өрістеткендер саны көбейіп келеді. Әсіресе, кәсіпкерлік әліппесін меңгеруден аналар қауымы да қалыс қалып жатпағаны қуантады. Қазыналы Қаражал өңіріне қарасты Жәйрем кентінің өзінде кейінгі жылдары бірнеше шағын және орта бизнес нысандары ашылып, халықтың сұранысына сай қызмет атқаруда.
Фариза Жеңісқызы – бала күтімі бойынша демалыстағы ана. Бірақ «бала күтімімен үйдемін» деп қарап отырған жоқ. Жәйрем кентінде алғашқы қанатқақты жобаны іске асырып, балаларға қамқорлық көрсетіп келеді. Жас кәсіпкердің бастамасына себеп болған кішкентай ұлының жағдайы екен. Алдымен жас ана массаж курсына барады, кейін облыс әкімінің грантына қатысып жоба қорғайды.
«Бөбегім» массаж орталығының иесі әрі маманы Фариза Жеңісқызының айтуынша, арнайы массаж баланың жасына және дамуына байланысты жүргізіледі.
– Балаларға арнайы субұрқақтар арқылы массаж жасаймыз. Сонымен қатар арнайы массаж, электрофорез, балаларға керекті ортопедиялық төсеніштер, фитболдар бар. Оның барлығы кішкентай балалардың денсаулығын жақсарту үшін аса маңызды, – дейді кәсіпкер ана.
Иә, бүгінгі заманауи әйел бейнесі – іскер, кәсіпкер сынды қызметтермен толыққан. Олар бала тәрбиелеп қана қоймай, кәсіп ашып, оны дамытуға қабілетті. Жалпы, бизнес бастаймын деген адамға мемлекеттен қолдау көп. Әсіресе, аналар үшін арнайы жеңілдетілген несиелер, гранттар қарастырылған.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.