Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жұмыс сапарымен Балқаш қаласына барды. Сапар барысында «Қазақмыс» компаниясының ірі өндірістік құрылымдары орналасқан аймақтағы жағдаймен танысты.
Өңір басшысы «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС Балқаш мыс балқыту зауытында болып, өндіріс жөніндегі директор Марат Әубәкіровпен кездесіп, «Қазақмыстың» негізгі өнімі – катодты мыс өндірілетін мыс балқыту цехы мен мыс электролизі цехының жұмысымен танысты.
Күннің екінші жартысында әкімшілікте өткен қалалық кеңейтілген кеңесте, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС тұрақты даму жөніндегі директоры Сәкен Шаяхметов Балқаш қаласын дамытудың кешенді жоспарын орындау жөнінде таныстырды.
«Қазақмыс» жоспары аясында экономикалық және әлеуметтік маңызды жобалар іске асырылды. Мәселен, 2023 жылы тазартылмаған селенді тазарту және бағалы металды қожды қайта өңдеу цехының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Жаңа цехта 70 адам жұмыс істейді.
Қоңырат кентінің ауданында белгіленген қуаттылығы 100 МВт болатын «Балқаш» күн электр станциясы құрылысының екінші кезеңі жүргізілуде. «KAZ GREEN ENERGY» ЖШС-нің «жасыл» энергетика жобасын пайдаланға берілуі мерзімі – 25 жыл.
2023 жылы «Қазақмыс» әлеуметтік салада үлкен жұмыс атқарды. «Ұстаз-Ұлытау» педагогикалық трансформация орталығы жобасымен қаланың жеті мектебі қамтылып, Ермеков атындағы мектеплицейінің аккредитациясы алынды, 40 адам біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Компанияның қолдауымен Қарағанды және Ұлытау облыстарының 200-ден астам педагогтарының қатысуымен ғылыми-практикалық конференция өткізілді.
Балқаш өндірістік алаңы қызметкерлерінің 50-ге жуық мүмкіндігі шектеулі баласы «Қазақмыстың» қолдауымен Қазақстанның түрлі емдеу мекемелерінде оңалтудан өтті. Сондай-ақ, компания өз қызметкерлерін сауықтыруға және ардагерлерді қолдауға үлкен көңіл бөледі.
2024 жылы «Қазақмыс» компаниялар тобы Балқашта әлеуметтік бағдарламаларды іске асыруға шамамен 2 млрд. теңге бөлуді жоспарлап отыр. Іске асырылып жатқан жобалардың ішінде Балқаш жылу электр орталығын жаңғырту, күкірт қышқылы цехының екінші желісін салу, «Металлургтер» алаңын және «Жастар» саяжолын абаттандыру бойынша жобаларды әзірлеу қарастырылған.
«Қазақмыс» компаниялар тобы әлеуметтік бағдарланған компания бола отырып, 2024 жылы халықтың өмір сүру, еңбек жағдайларын жақсарту және өзі қатысатын өңірлерді дамытуға өз үлесін қосуды жалғастырады.
«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС баспасөз қызметі.