Мыс алыбына айналған «Қазақмыс» компаниясының қолдауымен іргесі қаланып, бүгінде республикалық деңгейде жеңіл өнеркәсіптің көшін бастап тұрған «Ютария LTD» Холдингі әр салаға арналған киім тігуде.
Сәуле Шәуенова басшылық жасайтын кешеннің тынысы кең. Жақында Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Дастан Рыспеков «Ютария LTD» Холдингі мен көтерме-тауар орталығында болып, аталмыш құрылымдардың жұмысымен танысты.
«Ютария LTD» тігін фабрикасы – озық технологияларды пайдалана отырып, өнеркәсіптік секторға арналған киім, тоқыма, қорғаныс құралдары және әскери киім-кешек өндірісінде Қазақстан нарығында көшбасшы. Сонымен қатар, кәсіпорында бизнес үдерістерді жеңілдету және жұмысшылардың еңбегін есепке алу үшін авторлық IT жүйесі енгізілді. Мұнда түрлі саланың мамандарына арналған киімдер тігіледі.
«Қазақмыстың» қолдауымен еңсе тіктеген құрылымның бірі –«ULY DALA» көтерме тарату орталығы. Нысан 2022 жылы іске қосылды. Заманауи үлгіде жабдықталған көтерме тарату орталығы азық-түлік тауарларын айына 1150 тонна көлемінде сақтауға қабілетті.
Нысандарды аралау барысында облыс әкімінің орынбасары Дастан Рыспеков өндірілетін өнімнің жоғары сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін атап өтті. Сонымен қатар, Холдингтің бас директоры С.Шауеновамен заманауи көкөніс қоймасын құру бөлігінде компанияны дамыту мәселелері талқыланды. Өз кезегінде Дастан Адайұлы инвестициялық жобаларды іске асыруға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары туралы кеңінен баяндады.
Бағдат АЙТӨРЕҰЛЫ.