Ұлытау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің ұйымдастыруымен ашық есік күні өтті. Шара барысында салық төлеушілерге еліміздің салық заңнамасына енгізілген өзгерістер түсіндірілді. Жиынға Ұлытау облысының Мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшылары қатысты.
Шара барысында «жалпыға бірдей декларациялау, тауарлар мен қызметтер үшін мобильді аударымдар, салықтық тексерулерге мораторийдің аяқталуы, кедендік әкімшілендіру бойынша және жеке тұлғалардың банкроттығы секілді басты төрт мәселе бойынша баяндама жасалды.
Баяндамада сала мамандары аталмыш өзгерістердің мақсатын, енгізілген нормаларды және жалпыға бірдей декларацияны тапсыру кезеңдерін рет-ретімен түсіндірді. Олардың айтуынша, 1 қаңтардан бастап декларацияны заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары, жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары тапсыру міндетті. Биыл өңірімізде 27 мыңға жуық адам декларация тапсырады деп жоспарлануда.
Статистикаға сүйенсек қазіргі таңда Ұлытау облысы бойынша тіркелген шағын және орта кәсіппен айналысатын тұрғындар саны 19 858 бірлікті құрайды. Іс-шара барысында облыс тұрғындары өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, департамент қызметкерлерінен тиісінше жауап алды.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.