Облыс орталығында белгілі ақын, журналист, жазушы Батырбек Мырзабековтің 75 жасқа толуына арналған «Ұлытаудың ұлымын» атты шығармашылық кеш өтті. Кеште қаламгер «Ахмет ишан» атты жаңа романының тұсауын кесті.
Салтанатты жиында облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы мерейтой иесін құттықтап, өңір руханиятына сіңірген қажырлы еңбегі үшін алғысын білдірді.
– Күні бүгінге дейін туған жеріңіз Ұлытау өңірінің мәдени өмірінде орын алған елеулі өзгерістерде қазақ руханиятының жоқтаушысы ретінде өзіңіздің қолтаңбаңыз бар екенін ел-жұрт жақсы біледі. Қабырғалы қаламгер, ойы жүйрік журналист ретінде сіздің қуатты қаламыңыздан туған тарихи, көркем публицистикалық шығармаларыңыз оқырман жүрегіне жетіп, халық арасында үлкен беделге ие болдыңыз. Құт-берекеңіз артып, көрер қуанышыңыз молынан болсын! Ғұмырлы болыңыз! – дей келе, аймақ басшысы жазушының иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.
Ұлытаудың ұлын «Алаш» сыйлығының лауреаты, арқалы ақын Ғалым Жайлыбай Астанадан арнайы келіп құттықтап, жыр арнауын оқыды. Сондай-ақ, қанаттас жатқан қос қаланың әкімдері Қайрат Шайжанов пен Шапағат Әубәкір, мерейтой иесін қанат қақтырып, қияға шыңдап ұшырған Ұлытаудан аудандық мәслихаттың төрағасы Ахат Құрмансейіт бастаған делегация құттықтап, ақжарма тілектерін жеткізді, сый-сияпаттарын жасады. Ал, өнерге жанашыр кәсіпкер азаматтар жазушы ағаларына темір тұлпар мінгізді.
Мерейтой кешінде жазушының әлі сиясы кеуіп үлгермеген тағы бір тарихи туындысы – «Ахмет ишан» кітабының тұсауы кесілді. Ұлытау өңірінде туып, исі қазаққа аты мәшһүр болған, өз заманында дінді де саясатты да тең ұстап, қазақ жұртының хақ жолынан адаспай жүруіне, бір шаңырақтың астында ұйысуына үлкен еңбек сіңірген тарихи тұлғаның өмірі мен өнегелі істері арқау болған бұл кітап та өз оқырмандарын табары сөзсіз.
Кеш барысында Серке Қожамқұлов атындағы театрдың жас әртістері қаламгердің өлеңдерін мәнерлеп оқыды, сондай-ақ әншілер ақын сөзіне жазылған ырғақты сазды орындап, жиналған қауымға мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Кеш соңында мерейтой иесі Батырбек Тиыштықбайұлы өлең оқып, келген қадірлі қонақтар мен оқырмандарына шынайы алғысын білдірді.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.