Ойы жүйрік, табанасты тапқыр, қалжыңы қалтасында жүретін жастар сынға түсті. Халық достығы мен мәдениеті үйінде алғашқы республикалық «Жайдарман» ойындары өтті.
Жыл өткен сайын жастарымыз «Жайдарман» десе, ішкен асын жерге қоятын болды. Сондықтан болар, зал жастарға лық толы. Республикалық КВН ойынын облыстық жастар ресурстық орталығы КВН федерациясымен бірлесіп ұйымдастырды. Ойында Ұлытау және Қарағанды облыстарынан 6 команда бақ сынады.
«Жайдарман» – жастарды тәрбиелеп қана қоймай, қоғамдағы келеңсіз мәселелерді астарлы әзілмен жеткізетін ойын түрі. Ойындар еркін түрде өтті. «Жайдарманшылар» түрлі тақырыптарды қамтуға тырысты.
Сонымен, көптен күткен сәт те келіп жетті. Ойындар нәтижесінде Ұлытау облысының құрама командасы Гран-при, Қарағанды облысының командалары 1 және 2-орындарды иеленді. Жезқазған гуманитарлық колледжінің қыздар командасы 3-орынға тұрақтады. Барлық жеңімпаздар кубоктармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.