Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Шайжанов Талап ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Кездесудің негізгі мақсаты – елде болып жатқан әлеуметтік-экономикалық және саяси реформаларды көпшілікке түсіндіру, өткен жылдағы нақты мәселелердің шешімі мен өзекті мәселелер бойынша ой-пікір алмасу, халықпен тікелей тілдесу. Талапта 150-ге жуық түтін бар. Жүздесуде мінбеге алдымен ауыл әкімі Қайрат Бапанов көтеріліп, 2023 жылы атқарылған жұмыстарға шолу жасады. Өтіп бара жатқан жыл талаптықтар үшін жағымды жаңалықтарға толы болды.
Атап айтқанда, биыл «Талап-2023» ЖШС құрылды. Инвестор Телибай Бекмуратов өз қаражатымен 500 млн теңгеге кірпіш зауытын салды. Талап ауылында жұмыссыздықты жою мақсатында 5 адам әр түрлі жұмыстарға қабылданды.
Ауылда мемлекеттік бағдарламалар жақсы жолға қойылған. Елді мекендегі 9 көшеге қосымша 59 жарық шам және 9 фотореле орнатылған. Кәріз және су құбырлары құдықтарының қақпақтары ауыстырылып, көшеішілік жолдар жаңартылған. Айта кетейік, талаптықтар өңірге келген көгілдір отынның шапағатын алғаш болып көргендер қатарында.
Өз кезегінде Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Шайжанов ауылдың сыртындағы қоқысты ретке келтіру керектігін ескертті. «Жылы аялдамаларды Жезқазғанда салып бастадық, енді 3 аялдаманы сіздерге орнатамыз», – деді.
Жұртшылық қойған сауалдардың дені әлеуметтік салаға қатысты болды. Екі қолға бір күрек іздегендер мен әлеуметтік көмекті уақтылы ала алмай жүргендердің шағымын шаһар басшысы тікелей қадағалауға алатынын айтты. Жалпы, елдің үлкендерінің ауылда қолға алынып жатқан жұмыстарға көңілдері толады.
– Ауылымызда жақсы өзгерістер болып жатыр. Ауылымыз өскен сайын, біздің талабымыз да күшейіп келеді. Қала әкімінің есебін тыңдап, қанағаттанарлық жауаптар алдым. Үлкен істер басталып, әрі қарай ілгерілеп жатса жақсы емес пе. Газ келді, зауыт ашылды, көркейіп келеміз , – деді ауыл ақсақалы Төлеубай Асанғазин.
Талап ауылдық округінің әкімі Қайрат Бапанов – жергілікті халықтың өздері сайлаған әкім. Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылдың жазында елімізде алғаш рет село-кент әкімдерінің сайлауы өткен болатын. Халық сайлаған әкім, әрине, халыққа қызмет етуі керек.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.