Осыған орай облыста авариялық-құтқару және коммуналдық қамтамасыз ету қызметтері қыс мезгіліне дайындығын пысықтап жатыр. Осы аптада Ұлытау облыстық полиция департаменті жергілікті атқарушы билік өкілдерімен және төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп, жол және коммуналдық мекемелердің қыс мезгілінде жолдарды күтіп ұстауға дайындығын тексерді.
Республикалық және қалаішілік жолдар мен трассаларды күтіп ұстауға жауапты ұйымдардың өкілдері полиция мен төтенше жағдайлар басқармасына есеп берді. Айта кету керек, былтыр Жезқазғанда қар тазалығына қажетті техниканың аздығынан бірқатар қиындық туындаған болатын. Ал, биыл аталған кәсіпорын паркі су жаңа 15 арнайы көлікпен толықты. Республикалық маңызы бар жолдарға қызмет көрсететін «ҚазАвтожол» филиалы да «қыстан қысылмай шығамыз» деп уәде берді.
– Бүгінгі таңда бізде үш жол пайдалану басқармасы бар, олар – Жаңаарқа, Ұлытау және Жезқазған қалаларында. Сонымен қатар, қолда бар 20 техникаға қосымша 5 жаңа техника сатып алдық. Келесі аптада жаңадан тағы 5 техника келеді, – деді «ҚазАвтожол» ҰҚ Ұлытау облысы бойынша филиалының директоры Сұңғат Рахымжанов.
Тексеру барысында қар тазалау техникасының болуы мен олардың жарамдылығына, жанар-жағармай және көктайғаққа қарсы материалдармен қамтамасыз етілуіне, сондай-ақ, өндірістік жоспарлардың сақталуына ерекше назар аударылды.
Жалпы, анықталғандай, барлық техникалар қажетті құрал-жабдықтармен толығымен жабдықталған. Мұның барлығы қыста көліктердің қауіпсіз әрі кедергісіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін іске асырылуда.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.