Сонымен, 5 қазан күні Қазақстанның 17 облысында әкімдер сайлауы өтті. Мемлекет басшысының бастамасымен тұңғыш рет қанатқақты жобада өткен бұл саяси доданы ел Жаңа Қазақстандағы саяси реформалардың үрдісі деп бағалауда.
Орталық сайлау комиссиясы таратқан ақпараттарға қарағанда, аудандар мен облыстық маңызы бар қалаларда өткізілген сайлау барысында 1553 сайлау комиссиясы жұмыс істеп, оған 17 облыстық, 3 қалалық, 42 аудандық және 1491 учаскелік сайлау комиссиясы жұмылдырылған. Балама негізде өткен сайлау бюллетеньдеріне 125 кандидат енгізіліп, елдегі электораттың – 62,79 пайызы дауыс берген. Қорытындысында 42 аудан мен 3 маңызы бар қаланың 29 әкімі орнында қалса, өзгелері жаңарды.
Хоош. Елді елең еткізген осы саяси науқанға біздің өңірден Ұлытау ауданы да қатысты. Бұл – демократиялық, әлеуметтік, құқықтық бағытты таңдап алған еліміз үшін, дамудың жаңа кезеңі екені сөзсіз. Ел тарихында алғаш рет қанатқақты жобада өткен додада ұлт ұясы атанған Ұлытау өңірінің болуы да заңды құбылыс. Көпке үлгі болған, қасиетті өңір, тағы бір мәрте өзінің саяси мәдениетін көрсетіп, таңдауын жасады. Аудан бойынша үш азамат үміткір ретінде тіркеліп, солардың қатарында ауданның бұрынғы әкімі Аманжол Мырзабеков халық сеніміне ие болып, кандидатурасы қолдау тапты.
Сәрсенбі күні Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы аудан активіне қайта сайланған басшыны таныстырды. Актив жиынын ашқан аймақ басшысы Тәуелсіз Қазақстанның тарих жылнамасына жаңа саяси реформалармен қадам басқанын айтып, сайлау науқанында жоғары белсенділік танытқаны үшін аудан тұрғындарына ризашылығын білдірді.
– Ұлт бесігі атанған Ұлытаудың алдағы даму бағытын айқындайтын саяси науқан өз мәресіне жетіп, аудан халқы жаңа басшысын сайлады.
Туған жердің ертеңі, өскелең ұрпақтың жарқын болашағы үшін таңдау жасаған, сайлауға белсенді қатысқан Ұлытау ауданының тұрғындарына алғыс айтамын, – деді Берік Әбдіғалиұлы өз сөзінде.
Жиында аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Мақсұт Ахметов Ұлытау ауданы бойынша сайлау қорытындысын хабарлап, саяси додада жеңіске жеткен Аманжол Мырзабековке аудан әкімінің куәлігін табыстады.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.