Ұлытау облысында ауқымы 489 млрд. теңгелік қос инвестициялық жоба жүзеге асырылмақшы. Осыған орай өткен аптада қытайлық инвестор «Sinohydro» мен қазақстандық «ТехноГруппСервис» компаниялары және Ұлытау облысы әкімдігінің арасында үшжақты меморандумға қол қойылды.
Меморандум аясында келісілген бірінші жоба бойынша Жаңаарқа ауданында желден қуат алатын энергия станциясы салынады. Станция жылына 3,4 млрд. киловатт сағат энергия қуатын өндіретін болады. Қазірде ауданда жобаны іске қосуға арналған 20 мың гектар жер телімі бөлінді. Екінші жоба – жел энергия станциясы мұнараларының металл конструкцияларын шығаратын зауыт құрылысы. Ол Жезқазған қаласында орын тебетін болады. Осылайша жел энергиясы станцияларының жабдықтары жартылай жергілікті жердің өзінде өндірілмекші. Өндірістік қуаты жылына 100 мұнара шығара алатын жаңа зауыт қаланың индустриялық аймағында орналасады.
Меморандумға қол қойылғаннан кейін облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы бастаған тараптар Жезқазғанда салынатын болашақ зауыт орнына барып, тас қалау рәсімін өткізді. Жоспарланған жобалардың жүзеге асырылуы болашақта елімізде көмір қышқылы газының шығарылымдарын азайтуға және көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді қамтамасыз етеді деп күтілуде. Сондай-ақ, инвестициялық жоба ойдағыдай жүзеге асқанда облыста 300-ге жуық жаңа жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік береді.
Амандық РАХҰЛЫ.