Қашанда игі бастамаларға арқау болып келе жатқан «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы «Ардагерлер кеңесінің» мүшелері өткен аптада Сәтбаев қаласының Спорттық-сауықтыру кешенінде шахматтан жарыс ұйымдастырды. Ол Сәтбаев қаласының құрметті азаматы, Ұлытаудың асыл перзенті – Cадық Қасымұлы Асатовтың 90 жылдығына арналды.
«Ұрпақтар сабақтастығы» жобасы негізінде жастарға аға буынның өмір жолын насихаттап, салиқалы өмір салтын қалыптастыру мақсатында жұмыс жасап келе жатқан «Ардагерлер кеңесі» мүшелері шахмат сайысына негізінен Сәтбаев қаласының жас шахматшыларын шақырды. Зейнеткер кеншілерден екі адам қатысты.
Жарысты «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС жанындағы «Ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігі Сәтбаев филиалының басшысы, қалалық мәслихат депутаты Әбулайс Молақов сөз сөйлеп ашып, Сәтбаев қаласының 50 жылдығы мен осы қаланың қалыптасуы жолындағы Садық Асатовтың үлесі жайлы қысқаша таныстырды.
– Атамыз, әкеміз Садық Асатов ақсақал Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы, еңбек жолын кен мастері болып бастап, шахта бастығы, Солтүстік, Батыс Жезқазған кеніштерінің директоры, Жәйрем кен-байыту комбинатының бас директоры қызметін атқарған. Өзінің 55 жас қысқа ғана өмірінде қоғамдық жұмыста болсын, өндірісте болсын артында айрықша із қалдырған адам. Әсіресе, жапан түзде Жәйрем қалашығын көтеруде сіңірген еңбегі орасан зор. Сәкең қазақтың салт-дәстүрін қолдаушы болған адам, кеншілікпен қоса тамаша ақын еді, бірнеше өлең кітаптары жарық көрген. Садық Асатов есімінде Сәтбаев қаласында, Жәйрем кентінде көшелер бар. Сәкең бірнеше орден, медальдармен марапатталған, осындай абзал жанның өмірі сендерге үлгі-өнеге болсын. Алдағы жарыста сендерге толайым табыс тілеймін, – деді Ә. Молақов өз сөзінде.
Іс-шараға Сәтбаев қаласының әкімі Шапағат Әубәкір, қаланың бас имамы Қондыбай қажы Әкбаров, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы, Сәкеңнің інісі – Яхия Асатов және шахматшылар клубының төрағасы, бірнеше буын жас шахматшылар дайындаған тәлімгер – Әзірбек Молдағалиев арнайы шақырылды. Қондыбай қажы Сәкеңнің аруағына құран бағыштады. Қала әкімі Ш. Әубәкір «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы «Ардагерлер кеңесі» атқарып жатқан іс-шараға үлкен ризашылығын білдіріп, жас шахматшыларға спорттық жарыстарда қаламыздың, еліміздің мәртебесін көтере берулеріне тілек білдірді.
Яхия ақсақал ағасы туралы тебірене сөйлеп, шараны ұйымдастырушыларға үлкен алғысын жеткізді, жастарға батасын берді.
Екі күнге созылған бәсекені Ардагерлер кеңесі Сәтбаев филиалының басшысы Әбулайс Молақов қорытындылап, жеңімпаздарды дипломмен марапаттады және ақшалай сыйлық тапсырды. Жарысқа белсене қатысқан ойыншылар да сый-сыйапаттан құр қалған жоқ.
Жәми Тұрсынбаев,
«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы Ардагерлер кеңесінің мүшесі.