Жаңаарқада той-томалақтарда таратылатын «жүгіртпе» шапандар кейінгі уақытта аса бағаланбайтын болды. Өйткені, көпшілік жұрт кәделі сыйға беруге қолдан тіккен шапандарды дұрыс көреді. Осыған байланысты болар, аудан аумағында шапан тігетін шеберлер көбейе түсуде. Солардың ішінде өзіндік өрнекпен тігілген шапандары сырт өңірлерге де кеңінен таралып, ұлттық брендке айналған Эльмира Ержанованың тігіншілік жолы туралы ерекше тоқталып айтуға болады.
Эльмира ине мен жіпке оқушы кезінен бейім болыпты. Мектепте еңбек сабағында қыз балалар ол уақытта кесте тігеді. Ол мұғалім берген тапсырмаға орай кестелеумен қатар әртүрлі бұйымдарды өрнектеп, өз бетімен іс тігуге құштарлық танытады екен. Бүгінде өзі тігіншілік анамнан дарыған деп біледі. Анасы Мәрия дәрігер бола жүріп тігіншілік қабілетімен де белгілі болған көрінеді. Әттең, ол кісі өмірден тым ерте – 37 жасында кетіпті. Анасы өмірден өткенде Эльмира 15 жаста болыпты. Сол кезден-ақ майда-шүйде бұйымдарды тігумен айналыса бастайды. Орта мектепті 2003 жылы ойдағыдай бітіріп, құрбылары арман қуып үлкен қалаға кетіп жатқанда Эльмира өзінің болашақ мамандығы осы тігіншілікпен байланысты болар деп ойлап қоятын. Содан өмірлік жарымен кездесіп, тұрмыс құрғанда да көңіл төріндегі сүйікті ісін тастамады. Ескі маталардан құрақ құрап, көрпешелер тігіп жүрді.
Негізінде, құрақ құрау – шеберлікке шыңдаумен қатар шыдамдылыққа тәрбиелейтін іс. Әуелде енесінің қол машинасымен құрақ көрпе, қоржын тігіп, таныстарының қажетін өтей жүріп, арасында тапсырыс та қабылдап көрді. Сұраныс болып тұрған соң ынталана түсті. Жолдасы Алтай теміржол бойындағы белгі беру-байланыс дистанциясында машинист болып істейді. Жұбайының шұқшиып іс тігіп отырғанын көрген сайын жанашырлық танытып: «осыдан гөрі басқа бірдеңемен айналыссайшы» дейтін. «Өнерді үйрен де жирен» демекші, отағасысының осы сөзі қамшы болды ма, әлде тағы басқа да мүмкіндігін байқап көргісі келді ме, ол үш жылдай кондитер өнімдерін пісірумен айналысты. Алайда, ол кәсібі аса жанына жақын бола алмады. Көңілі тігіншілікке қарай ауа берді. Содан 2009 жылдан бастап толықтай тігіншілік ісіне бет бұрды. Көңіл төріндегі өзінің жүрек қалауы да осы екенін ұғып, бар ынта-ықыласымен кірісті. Ең алғашқыда 38 мың теңгенің тігін машинкасын сатып алып, қыз жасауын дайындаумен айналысты. Содан біртіндеп шапан тігуді қолға алып көрді. Өз бетімен үйреніп, ұлттық өрнектер салып тігетін болды. Қазақтың жеті қазынасына қатысты ұлттық нышандарды салған шапандарға жұртшылық қызығушылық таныта бастады.
Тігін цехын жабдықтап, кәсібін кеңейту мақсатында Эльмира бизнес жобасын жасап аудан әкімдігі өткізетін конкурсқа қатысқан еді. Бірақ, сәті түспей, кәсіпкерлікті қолдауға арналған грантқа іліге алмады. Сондықтан да, ешкімге жалтақтамай, барлық ісін отбасына сүйене отырып өз күшімен атқаруына тура келді. Біртіндеп күрделі тігін операцияларын орындай алатын тәуір машинкалар сатып алды. Алдыңғы алған машинкасы 250 мың теңге болса, ою-өрнек пен сурет салып тігетіні 800 мың теңге тұрады екен. Қазір сондай 4 тігін машинкасы бар. Үй жанындағы жаздық бөлмені қарапайым тігін цехына айналдырды. Тапсырыс болып тұрса күніне 2 шапан тіге алады. Сырт жерлерде де киіп шығуға болатын шапандарға көбінесе әншілер, өнер адамдары тапсырыс береді екен.
– Мен тігетін шапан үлгілеріне облысымыздан тысқары Ақтөбе, Шымкент, Семей, Петропавл қалаларынан да тапсырыстар болды. Қырғызстан мен Германияда тұратын қазақтар да ат-түйедей қалап алдырғаны бар. Ресейден бір орыс азаматы келіп арнайы тапсырыс берді, бұрын Балқаш қаласында тұрыпты. Бірыңғай шапан тігумен шектелмей алдағы уақытта кәсібімнің аясын кеңейте түскім келеді. Мысалға, біздің Жаңаарқада ұзатылған қыздың жасауы үшін Алматыға, Түркістанға барып сабылатындар көп. Тігін цехын кеңейтсем 4-5 адамды жұмысқа алып, замануи үлгідегі қыз жасауын даярлауға мүмкіндік алар едім, – дейді Эльмира.
Он саусағынан өнері тамған тігінші кәсібін нәсібіне айналдырумен қатар, жолдасы Алтаймен және ата-енесімен бірге төрт балапандарын тәрбиелеп отыр. Балаларының алды студент, кішісі мектепте оқиды. Эльмираның шапандары Елордамызда да танымал болған. Ол Астанада өткен «Өнерлі аналар» – «Тақия Fest» республикалық фестиваліне қатысып, дипломмен марапатталып, арнайы сертификатқа ие болыпты. Сондай-ақ, «Bilim-orkenieti» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығы 2022 жылы Эльмира Рамазанқызын ұлттық киімді насихаттауға қосқан елеулі үлесі мен мінсіз қызметі үшін «ҚР жылдың үздік маманы» төсбелгісімен марапаттапты.
Ж |
алпы, оның қолынан шыққан ұлттық киімдердің қазіргі заман үлгісімен астасып орындалуы тапсырыс берушілердің қызығушылығын туғызуда. Ең бастысы, тігіншінің ыждаһатты еңбегіне көпшілік жұрт риза. Қалай дегенмен де, Жаңаарқа шапанының даңқын шығарып, ұлттық брендке айналдырған кәсіпкер тігіншіге аудандық әкімдік тарапынан көмек пен қолдау көрсетілсе де артық болмас еді деп ойладық.
Амандық РАХҰЛЫ.