Сары мыс сапырып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына негіз болып отырған Жезқазған қаласының бой түзегеніне биыл 69 жыл толып отыр. Қойнауына құт дарыған мекенге 1954 жылы қала атауы беріліп, 1973-1997 жылға дейін облыс мәртебесінде болды.
Көне кәсіп – металлургияның өркендеген отаны ретінде танылған Жезқазғанның тарихында айрықша атап өтетін жағдай Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен ширек ғасырдан соң Ұлытау деген атаумен облыс мәртебесі қайта беріліп, орталығы Жезқазған болып бекітілді.
Металлургтердің мекені атанып кеткен Жезқазған өндірісті өлке ретінде өңірдің ғана емес тұтас елдің тірегіне айналып отырған жайы бар. 8 қыркүйек қала күніне орай шаһар тұрғындарының лебіздері мен ой-пікірлерін білген болатынбыз.
Сағат ҚОЖАСОВ,
«Жезқазған» медициналық орталығы» ЖШС
ота бөлімінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты:
– Мен Қарсақбай кентінде туып, өсітім. Томск қаласынан әскери-медициналық факультетті тәмамдаған соң, Кировта еңбек жолымды бастадым. Кеңес одағы ыдыраған соң елге оралып, Жезқазғанда тұрақтап қалдым. Алғашында қалалық емханада, кейін Жезқазған кентіндегі облыстық емхана Жезқазғанға көшірілгенде сол жерде еңбек еттім. Кейін медициналық орталық ашылған соң осында ауыстым. Жезқазғанның алғашқы облыс болған кезеңін де көзімізбен көріп, ондағы оқиғаларға да куә болдық. 1973 жылдан 1997 жылға дейін облыс мәртебесінде болған мысты шаһарда сол кезеңдерде қарқынды дүниелер жасалды деп айта аламыз. Жай қала болып қалған тұста қалада өркендеудің бәсеңсіп кеткені шындық. Міне, бір жарым жылдан асты Ұлытау облысы болып қайта құрылдық.
Қала күнінде мәселе айтты деп ешкім сөкпес, облыс аталғалы бері ауыз толтырып айтатындай дүниелер жасалып жатқан жоқ. Жезқазғанды жайнатып, дәулетіне сәулеті сай қала жасауға бел шеше кірісу керек. Қалада өзекті дейтін мәселелер көп. Осыған облыс, қала басшылығы көңіл бөліп, қаланың облыс атына сай болуына баса мән берген жөн. Қаланың бірыңғай сәулет кешенін қалыптастыру керек. Қазір көпқабатты үйлердің қасбетін түрлі бояулармен сәндегендей болып жатыр. Алайда, ол сай келе ме, жоқ па, оған көңіл бөліп жатқан ешкім жоқ.
Жезқазғанда халық серуендейтін үлкен саябақ пен жастарға арналған кешен салынса дейміз. Қаланы құраушы халықтың көбі жастар. Олар көбіне облыс орталығында жастарға арналған кешендер болмағандықтан демалыстарда үлкен қалаларға кетуге мәжбүр. Жол, су сынды мәселелердің де шешімін табатын кезеңі жетті.
Жазиралы Жезқазғанның халқының кең пейілділігі, қазақи болмысы бәрінен қымбат. Қызмет бабында талай қалаларға қызметке кету де ойда болды. Алайда сүйікті Жезқазғанымның жайсаң жұртшылығының ыстық ықыласы мен пейілі мені құтты мекенен жырақтатпады. Өзге қалалардағы жолдас-жораларымыз Жезқазғанға келгенде халқының пейіліне тамсанып кетеді. Көбі: «Жезқазғанда мәрттігі мен кішіпейілділігі жарасым тапқан жандар тұрады, сондықтан біз бұл шаһарды ерекше айтып жүреміз» деп жатады. Бұл жезқазғандықтарға берілген шынайы баға деп білемін.
Құтты мекенімнің ғасырлық ғұмырға жетіп, атағы әлемге асқақтауын тілеймін.
Гүлнар ТОҒЫЗБАЕВА,
«Ютария» ЖШС тігіншісі:
– Жезқазған қаласында 1982 жылдан бері тұрамын. Тігінші мамандығы бойынша училище бітірген соң бұрынғы «Шұғыла» ательесінде еңбек жолымды бастап, кейін «Силуэт» ательесіне ауыстым. «Ютарияда» 2008 жылдан бері тігінші оператормын. Жезқазғанның халқының бейбіт те мамыражай тірлігін ұнатамын.
Қарапайымдылық пен еңбекқорлығының арқасында Жезқазғанның қала болып қалыптасып, дамуына үлес қосып жатқан мыңдаған адамның маңдай тері сіңген қалаға былтыр облыс мәртебесі берілгенде қуанғандардың бірі мен болатынмын. Ендігі үміт қалада көпқабатты үйлер салынып, қаламыз абаттандырылса деген ой бар.
Шаһарды көгалдандыруды да назардан тыс қалдырмаған жөн. Өйткені жасыл желекке оранған қаланың ауасы тазарып, тұрғындардың да емін-еркін серуендеуіне әсері мол. Жалпы Жезқазғанның болашағына сеніммен қараймын. Тек көзделген міндеттер жүзеге асуы керек. Жезді қаламыз – Жезқазғанның келер жылы 70 жылдығы. Осы тойға сәулетті кейіпте барсақ мақтаныш болар еді.
Ғани ЕРКЕБЕКОВ,
«Жезқазған жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорны» ЖШС
гидроцех басшысының орынбасары:
– Жезқазған қаласында 2003 жылдан бері тұрамын. Осы он жыл ішінде Жезқазғанмен тағдырымыз біте қайнасып кетті. Қала шағын болғанымен оның ел экономикасында алар орны зор. Мыс өндірісі арқылы әлемге танылған Жезқазғанның келбетін қайта жаңартып, түлету керек.
Мысты шаһардың халқының қонақжайлылығы тым ерекше. Қай шаңыраққа барсаңыз да ата-баба жолымен құрмет көрсетіп, төрін ұсынады. Осындай дарқан пейілді жезқазғандықтардың ниетіне орай облыс атауы қайта берілді. Бұған Жезқазған әбден лайықты.
Енді Ұлытау облысы деген атаққа лайықты қала қалыптастыру баршамыздың ортақ міндетіміз деп білемін. Еңбек ету арқылы біз өзіміздің заманауи облыс орталығын қалыптастыра аламыз. Академик Қаныш Сәтбаев өмірге келуіне негіз болған Үлкен Жезқазғанның мұрагері бүгінгі Жезқазған келешекте сұлулығымен көз тартып, таңқалдырар шаһарға айналады деп сенемін.