Ұлытау облысының өңірлік кәсіпкерлер палатасында «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы, Ұлытау облыстық өңірлік Кәсіпкерлер Палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Нұрахмет Нұриевтің қатысуымен өңірлік кеңестің кезекті отырысы өтті.
Күн тәртібіне бірнеше маңызды мәселелер көтерілді.
Ағымдағы жылдың алты айында Ұлытау облысының кәсіпкерлер палатасының салалық блогының жұмысы туралы салалық даму жөніндегі Басқарушы директор баяндама жасады. Ұлытау облысында кәсіпкерлердің негізгі проблемаларының бірі әкімшілік кедергілер, Мемлекеттік сатып алу саласындағы қолданыстағы заңнаманың жетілдірілмеуі.
Ұлытау облыстық өңірлік Кәсіпкерлер Палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Нұрахмет Нұриев облыста кәсіпкерлікті дамыту мәселесін сөз ете келіп, осында табан тіреуге әзір компаниялардың бәрінің басын қосатын, кәсіпкерлер мәселесін айтып және шешу жолдарын саралайтын үлкен алаңның керектігін және бұған қатысты шараларды қолдауға қашан да дайын екендігін жеткізді.
Мәселелерді тереңірек зерттеу үшін түрлі салалар бойынша алты салалық кеңес құрылды. Олардың өкілдері палатаға көмек немесе кеңес алу үшін жүгіне алады. Сонымен қатар, отырыста Ұлытау облысында бизнестің түрлі секторлары үшін жоғары білікті кадрлар жетіспейтіні атап өтілді. Нұрахмет Қанатұлы Өңірлік кеңес облыс кәсіпкерлерінің алдында тұрған мәселелерді талқылау және шешімдерді табу үшін маңызды алаңға айналғандығын, кеңес саладағы бизнесті дамытуға және оның өркендеуі үшін қолайлы жағдайлар жасауға серпін беретіндігін айтты.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.