Ұлытау облысында бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай алғаш рет облыс әкімінің «Ұлар» сыйлығы тапсырылды. Байқауға әуелде 100-ден астам үміткер қатысқан. Бұл күні жыл бойы үздік хабарларымен, өткір мақалаларымен жұрттың ықыласына бөленген бір топ қаламгер марапатталды.
Сөз – журналистің қаруы. Орынды қолдана білсе, тау қопарып, мұз жарады. Алғыр, қырағы, ізденімпаз, жылдам, интеллекті жоғары. Міне, осы қасиеттің барлығы БАҚ өкілдерінің бойында бар дүние. Әйтпегенде бұл салаға бет бұрмаушы да еді. Аймақ басшысы мерекелік іс-шарада журналистердің қоғамға ықпалы зор екенін айтты.
Одан әрі облыс әкімі ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің бұйрығымен Ұлытау облысының екі ардагер журналисіне тағайындалған «Еңбек ардагері» медалін және еңбегі сіңген екі ардагер журналистке берілген «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісін табыстады. Қазақстан Журналистер одағының «Қазақстанның құрметті журналисі» атағына және бір ардагер ие болды.
«Подробности» газетінің бас редакторы Нина Барбутько: «Жезқазғанға келіп, жұмыс істей бастағаным кеше ғана сияқты еді. Содан бері, міне, 49 жыл өтіп кеткенін байқамай да қалыппын. Міне, бүгін «Еңбек ардагері» медалін табыстап жатыр. Алғысым шексіз», – деп ағынан жарылды. «Қазақстанның Құрметті журналисі» атанған ардагер журналист Сағынкүл Жантуринаның есімі аймақ жұртшылығына етене таныс. Оның бұл атаққа өте лайықты екендігі әріптестерінің ыстық қошеметінен де анық сезіліп тұрды.
Сондай-ақ, республикалық, жергілікті тілшілер облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын иеленді.
Кеште Ұлытау облысы мәслихатының төрағасы Бауыржан Шыңғысов БАҚ өкілдеріне арнап жылы лебізін білдірді. Марапаттау рәсімін жүргізді.
Облыстағы бірқатар департамент, мекеме өкілдері де сыйларын табыстады. Сонымен, облыс әкімінің «Ұлар» сыйлығын тапсыру сәті де келіп жетті. Ол «Жылдың үздік шығармашылығы», «Шаңырақ», «Мамандыққа адалдығы үшін», «Экономика тақырыбын үздік жариялағаны үшін», «Ауыл тақырыбын үздік жариялағаны үшін» секілді 13 аталым бойынша тапсырылды. Қомақты ақшалай жүлдеге тек журналистер емес, үнемі кадр сыртында жұмыс істейтін фототілші, телеоператорлар да ие болды.
«Ұлытау облысы журналистикасын дамытуға қосқан үлесі үшін» номинациясы «Егемен Қазақстан» газетінің Ұлытау облысы бойынша меншікті тілшісі Абдолла Дастановқа және «Жылдың үздік шығармашылық жұмысы» номинациясымен «Ұлытау» телеарнасының режиссері, көрерменнің көзайымына айналған «Телебалапан» бағдарламасының авторы, әріптесіміз Гүлшаһира Серекбаеваға берілді.
Кеште, эстрада жұлдыздары «Ағайындылар» тобы, аймағымыздағы «Алғабас» тобы, театр әртістері өнер көрсетті.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.