Ұлытау облысының орталығы Жезқазған қаласында «Қазақстанның үздік тауары – 2023» аймақтық көрме-байқауы өтті. Бұл іс-шараны облыстық әкімдіктің қолдауымен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өңірлік өкілдігі ұйымдастырды.
Мемлекет басшысы алға қойып отырған міндеттердің бірі отандық тауар өндірушіні, оның ішінде жеке кәсіпкерлікті қолдап, ынталандыру болып табылады. Жаңа экономикалық саясаттың негізгі бағыты болып саналатын осы салаларды дамыту мақсатында елімізде мемлекеттік бірнеше бағдарламалар қолға алынуда. «Қазақстанның үздік тауары», «Алтын сапа» және «Бір ауыл – бір өнім» көрмелері мен байқаулары осы мақсатты көздейтін шаралар қатарына жатады. Жезқазған қаласындағы Алғашқы құрылысшылар алаңында өткізілген «Қазақстанның үздік тауары» байқауы бір жағынан көрме-жәрмеңке ретінде ұйымдастырылып, оны тамашалауға тұрғындар көптеп жиналды. Келушілерге арналып ұтыс ойыны ұйымдастырылды, кәсіпкерлердің қолынан шыққан тауарлар мен ауылдан әкелінген қымыз, құрт, май сияқты тағам өнімдері сатылды. «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасының іске аса бастауының нәтижесі де кеңінен көрініс тапты.
Көрме-байқауға облыстағы өнеркәсіптік, өндірістік-техникалық мақсаттағы тауарлар мен азық-түлік өнімдерін өндіретін 60 бизнес нысандары қатысты. Облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы жергілікті тауар өндірушілердің өнімдерімен таныса келіп, конкурсқа қатысушылармен сөйлесіп пікірлесті. Ол көрме-байқаудың басты мақсаты – жергілікті өнім өндірушілерді қолдау, әрі шығаратын тауарлары мен айналысатын қызметтерінің сапасын арттыруға ынталандыру екенін атап айтты. Көрмеде жергілікті кәсіпкерлер мен өндірушілердің тоқыма және жеңіл өнеркәсіп бұйымдары, ауыл шаруашылығы мен халық тұтынатын тауарларының түрлі бағыттағы өнімдері көпшілік назарына ұсынылды. Сондай-ақ, көрме-жәрмеңкеге «Hand made» технологиясында орындалған бұйымдарымен халық қолөнершілері де қатысты.
Байқау үздіктері үш номинация бойынша анықталды. «Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясы бойынша «Алтын Ана» ЖК, «Ютария» өндірістік инновациялық компаниясы» және «Қосай KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері үздік деп танылды. «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» санаты бойынша «Гелисханов Л.М.» ЖК, «Стивал Ман» және «АРША» ЖШС жеңімпаздар көшін бастады. «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясының жүлдесіне «Большая семья» ЖШС, «Самади-2030» ЖШС және «Ұлытау-Нан» ЖШС ие болды. Жеңімпаздарға арнайы дипломдар тапсырылды. Аймақтық байқаудың жеңімпазлдары енді қараша айында Астанада өтетін «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқауына қатысады.
– Мұндай іс-шараны өткізу жергілікті жердегі кәсіпкерлікті дамытуға ықпал етумен қатар отандық брендті қалыптастыруға да мүмкіндік береді. Біз жергілікті тауар өндірушілердің кәсібін кеңейтуді әрқашанда қолдайтын боламыз, – дейді Ұлытау облысының өңірлік кәсіпкерлер палатасының төрайымы Гүлмира Қаженова.
Амандық РАХҰЛЫ.