Елімізде маусымайының үшінші жексенбісі – Медицина қызметкерінің күні. Кәсіби мереке қарсаңында адам жанының арашашысы саналатын ақ халаты абзал жандарға құрмет көрсетіліп, арнайы марапаттар жасалды.
Медицина қызметкері күніне арналған салтанатты жиын шаһарымыздағы «Аманат» партиясының Ұлытау облыстық филиалының ғимаратында өтті. Күні-түні жарғақ құлағы жастыққа тимей, тынымсыз жұмысқа жегіліп, тығырықтан шығар жол іздеп, қауіпті дерттің емін табуға бар білім-білігін, күш жігерін салып жүрген дәрігерлерді бүгінгі қоғамның батырлары десек те болады. Әсіресе, 2 жылға жуық уақыт әлемді әуреге салған аты жаман індеттің кезіндегі жанкешті жұмыстары – сіз бен біздің көз алдымызда.
Мысты өлкедегі мәртебелі мамандық иелерін ең алдымен облыс әкімі құттықтады.
Гиппократқа берген антына адал қызмет етіп жүрген адам жанының инженерлері қандай да болсын құрметке лайық. Денсаулық сақтау министрінің Құрмет грамотасы, облыс әкімінің алғыс хаты мен арнайы сыйлықтары табыс етілген кеш – қиын да күрделі мамандық иелерін бір серпілтіп тастады. Соныменқатар, бұл кеште түрлі номинациялар бойынша арнайы сыйлықтар да өз иелерін тапты. Құшақтары гүлге, жанарлары нұрға толы ақ халаты абзал жандар жасалған сый құрметке дән риза.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ