№1,2,3 Жезқазған байыту фабрикаларының Персоналмен жұмыс қызметі бөлімі 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлік күнін ерекше айшықты шарамен атап өтті.
Алып өндірісте екі мыңға жуық азамат жұмыс атқарады, оның ішінде ондаған ұлт өкілдері бар, ал Қазақстан мемлекеті бойынша 130 астам ұлт өкілдері шоғырланған. Небір қуғын сүргіннен талай ұлттарды бауырындай қарсы алып, төрінен орын берген дана да қонақжай ешкімді жатсынбаған халықпыз ғой. Сондықтан қазіргі жер бетіндегі ұлтаралық тұрақсыздық ушығып тұрған заманда осындай әдемі де мәнді мерекені атап өткеніміз жөн деп шештік.
Мерекеде Қазақстанның нышаны ретінде киіз үй тігіліп, бөлім қыздары 15 ұлттың киімін киіп, өз қолдарымен ұлттық тағамдарын жасап, ұлттық музыкасына биін билеп, ортаға шығып әр ұлттың ерекешеліктерін көрсетуге тырысты. Бұның бәрі Қазақстандағы халықтардың ұлтына, дініне, тіліне, түсіне қарамай ұлтаралық достықты нығайту, бір-біріне деген сыйластықты күшейту үшін жасалған игі шара.
Бөлім атынан №1,2,3 Жезқазған байыту фабрикаларының директоры Мұрат Бөрібаевқа, «Жезқазғантүстімет» Өндірістік бірлестігінің Персоналмен жұмыс қызметі жөніндегі директоры Бақыт Түсіпбеков, Жезқазған шахтапроходқалау трестінің Персоналмен жұмыс қызметі жөніндегі директоры Асхат Әддіғожинға, бөліміміздің бастығы Азат Сапарбаевқа бізге қолдау көрсеткені және іс-шарамызға ат салысқаны үшін үлкен алғысымызды айтамыз. Өз тарапымыздан келешекте біздің бұл бастамамыз басқа ұжымдарда жалғасын табады деген ойдамыз. Еңбек ұжымдарын татулыққа үндейтін бұл мерекенің маңызы айрықша.
Еліміз тыныш, аспанымыз ашық, жұртымыз аман болып, достығымыз арта берсін!
Ләззат Жолбекова,
бөлімнің жетекші инженері.