Бір-біріне кереғар осы қос қасиет қаталдығымен «қадалған жерінен қан алатын» облыстық «Жезқазған туы» (қазіргі «Сарыарқа») газеті редакторының орынбасары Сапабек Мырзатовтың бойында бар болатын.Әріптестерін қабағымен ықтыратын адамның айбары анда-санда аңғалдықпен астасып жататын.
Ет пен сүйектен жаралған пенде емеспе, кейде нағашы-жиендігін алға тартып, қалжыңдасатыны бар еді. Ондайда ар жағыңда жатқан «арамдықты» аңғармай қалатын. Сонысын өзім талай пайдаландым. Бір парасын жаздым да. Бүгін тағы біреуіне тоқталмақпын. Оған түрткі болған – «Қазыналы Жәйрем» арнаулы бетінің архивімде сақталған 1982 жылғы 29 шілдедегі саны.
Ол кезде Бүкіл одақтық екпінді құрылыс қатарындағы Жәйрем кен-байыту комбинатынан екі айда бір реет арнаулы бет берілетін. Оны дайындау негізінен менің мойнымда еді. Содан осы арнаулы бетті көптен ойда жүрген шаруаны шыр айналдырып тастауға пайдалану идеясы миыма сарт ете қалды. Тәуекелге бел буып, іске кірістім.
Беттің жоспарын жасап, «Екпінді құрылысқа қарқын қажет» деп, айқайлатып тақырыбын қойып, оны алты тақырыпшаға бөліп, әрқайсысын мынандай сөйлеммен бастадым: «Әңгімені Жәйрем кеншілерінің бүгінгі еңбек тынысынан бастаған орынды болар», «Лүпеткен жел жоқ», «Ілгеріде кен бетін аршу жоспарының үнемі орындалмай келе жатқанын айттық», «Біз Жәйремде бірнеше құрылыс объектісінде болдық», «Енді тұрғынүй, мәдени-тұрмыстық объектілер құрылысы туралы бірер сөз», «Кенішті Жәйрем құрылысын жүргізетін «Жайремтяжстрой» тресі алты айдың тапсырмасын бас мердігерден – 89, өз күшімен – 90, еңбек өнімділігін арттырудан 82 процент орындады». Әр сөйлемнің бас әрпін қарайтқанда «ӘЛІБЕК» деген сөз шығатын.
Арнаулы бет дайын. Сапкеңде:«Қашан бересің?» деп тықыңдайтынды шығарды. Қолайлы кезді күтіп мен жүрмін. Арнаулы бетті қалайда осы айдан қалдырмау керек. Солай сандалып жүргенде сәті түсе кетті. Бастықтың басы қатып жоғарыдан келген жедел материалды тәржімалап отырғанын көрдім де, арнаулы бетті апарып алдына қойдым. «Сен де ырғатылып жүріп алдың! Тастап кет!» деді.
Екі-үш күннен кейін арнаулы бет газеттің екінші бетіне шыға келді. О, құдірет! Сауысқаннансақ Сапкең ақыры байқамай қалыпты…
Әлібек ӘБДІРАШ.
Суретте: «Қазыналы ЖӘЙРЕМ» арнаулы беті.