Қазақстан Республикасының Құрметті жер қойнауын барлаушысы. Кен орнын алғаш ашушы. Көптеген жерасты су қорларының барланып, ашылуына тікелей қатысқан.
КСРО Гидрогеологиялық картасын жасауға үлес қосқан.
«Құрмет Белгісі» ордені (1986 ж), 8 медальмен марапатталған,
«КСРО Жер қойнауын барлау үздігі» (1966 ж.), «ҚР Құрметті жер қойнауын барлаушысы» төсбелгілермен және бірнеше Құрмет грамоталарымен марапатталған.
Шет ауданының Құрметті азаматы.СұлтанСүтбайұлы 1936 жылдың тамыз айында қазіргі Ұлытау ауданындағы Аралтөбе ауылының Тобылғылы деген құмында, Ақпанбай баласы Сүтбай мен Көпбайқызы Несіптің отбасында дүниеге келген.
Бастауыш мектепті туған аулында тәмамдап, 1948 жылы аудан орталығы Қарсақбай кентіндегі интернатқа орналасып, сонда жатып, 8-класты аяқтағанға дейін № 1 мектепте оқыды. 1953 жылы Жезқазған кентіндегі (Рудник) туысының үйінде жатып, № 7 орта мектепте оқуын жалғастырып, 1954 жылы мектепті тәмамдайды. Мектепті үздік бағамен тәмамдаған Сұлтан өзі жастайынан үлгі тұтқан академик Қаныш Сәтбаевтің ізін жалғастыруды армандап, 1955 жылы Алматыдағы Қазақ тау-кен металлургия институтының геологиялық барлау факультетіне оқуға түсті. Осы институтта өзінен екі-үш курс жоғары оқитын жерлес-ағалары Зейнолла Макишев, Мұзараф Ахановтың ақыл-кеңесін тыңдап, шарапатын көріп, жақсы қасиеттерін үлгі тұтты. Сұлтан ағаның: «Мектеп бітіріп жатқан менің болашақ мамандығымды таңдауыма Мұзараф Ахановтың әсері аса ықпалды болды. Оның Алматыдағы тау-кен металлургия институтының геология факультетіне оқуға түсіп, бірер жылда инженер-геолог болып шығатыны алдымнан тартылған сара жолдай сезілді. Мен Мұзекеңді бала кезден-ақ өзіме үлгі тұтатын едім. Мектепте оқып жүрген кезімде мен химия пәнін жақсы көруші едім. Егер Мұзекеңнің әсері болмаса, химияға қарай бейімделіп кетер ме едім, кім білсін?» – деп жиі еске алатынына талай куә болдым.
Жастайынан ұлтымыздың әдебиеті мен мәдениетіне және оның тарихына ден қойған Сұлтан аға институттың домбыра үйірмесіне қатысып, атақты күйші, Қазақстанның халық әртісі Қали Жантілеуовтен тәлім алады. Алматы қаласындағы драмалық және опералық театрларының қойылымдарын қызықтаудан жалықпайтын. Қазақтың ғұлама жазушылары Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Бауыржан Момышұлы, композиторлар Мұқан Төлебаев, Ахмет Жұбановпен бірнеше мәрте жүздесіп, олардың лекцияларын тыңдаған.
Ол кездесулер жайында С. Сүтбаевтың 2013 жылы «Мысты өңір» газетінде жарияланған «Мұқан Төлебаев және оның замандастары» мақаласында жақсы баяндалған. Халқымыздың ұлы перзенті, академик Қаныш Сәтбаевпен кездесіп, ғалымның қолын алған Сұлтан аға: «Кейбіреулер Қанекеңді тек Жезқазғанмен ғана байланыстырады. Бұл заңды, дегенмен де ол кісінің еңбектерін бір ғана Жезқазғанмен тәмамдауға болмайды. Бұлай деу – оның тұлғалық салмағын азайту, ел алдындағы, мемлекет алдындағы істеген ерен істерін толық бағаламау болар еді. Шынында, Қаныш Сәтбаев қазақтың «сегіз қырлы» деп бейнелейтін тұлғасына сайма-сай келеді» дегенді жиі айтады. Бұл сөздер өзі ұстаз тұтқан ұлы адамға деген сүйіспеншілігі әрі мақтанышы деп қабылдаймын.
Сұлтан Сүтбаев өзінің еңбек жолын 1960 жылы Ақадыр геологиялық барлау экспедициясының аға техник-гидрогеологы болып бастайды. Мамандығы бойынша жұмыс істеу кезеңінде (1960 – 1968 жж.) алғаш рет жерасты суларының «Сарысу тобы» ашылды және зерттелді, оның өндірістік қорлары бекітілген. Осы жұмысы үшін ол диплом мен «Кен орнын ашушы» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар, осы кезеңде ол және оның қатысуымен КСРО Мемлекеттік резервтер комитетінде Жамшын, Сарыбұлақ-Киік, Үшбұлақ-Атасай-Қарашілік, Талдыеспе жерасты суларының болашақтағы және жұмыс істеп тұрған өнеркәсіптік сумен қамтамасыз ету қорлары анықталып, зерттелді және бекітілді. Солардың қатарында Ақадыр өңірінің нысандары да бар. Қазіргі уақытта осы кен орындарының үшеуі пайдаланылуда.
Ұйымдастырушылық қабілетін, білімділігін, еңбекқорлығын байқаған Ақадыр ауданының басшылығы мен Орталық Қазақстан геологиялық басқармасы небәрі 33 жастағы С. Сүтбаевті Ақадыр геологиялық барлау экспедициясына басшы етіп тағайындайды. Осы қызметті Сұлтан аға абыроймен үздіксіз 19 жыл атқарады. Ақадыр геологиялық барлау экспедициясы тобын басқарған уақытында Жоғарғы-Қайрақты вольфрам және Көктенкөл молибден кен орындары жан-жақты зерттеліп, пайдалануға дайындалды. 1986 жылы оларды одақтың металлургия өнеркәсібінің маңызды объектілері ретінде өнеркәсіптік дамыту басталды. Алайда, 1991 жылы олардың құрылысы КСРО-ның құлауымен тоқтатылды.
Қазіргі кезде Ақадыр геологиялық барлау экспедициясы зерттеген қорғасын-мырыш кендерінің Ақжал кен орны, марганец кендерінің Шойынтас және Қамыс кен орындары, темір марганец кендерінің Бапиан кен орны пайдаланылуда.
Сұлтан Сүтбаевтің авторлығымен жазылып, Мәскеуде КСРО-ның Мемлекеттік қор комиссиясында қорғалып, қорлары бекітілген және Қазақстан Республикасының геологиялық қорында сақтаулы жерасты суларының кеніштері туралы есептерін келтірсем, олар:
- Ұзынжал полиметалды кеніші үшін барланған жерасты суларының қорлары туралы есеп;
- Сарысу жерасты сулары тобының барлануы туралы есеп;
- Жәмші жерасты суларының барлануы туралы есеп;
- Жақсы-Сарысу жерасты суларының қорларын қосымша барлау есебі;
- Үшбұлақ, Атасай және Қарашілік жерасты суларын барлау есебі;
- Талдыеспе жерасты сулары кенішін барлау нәтижесінің есебі;
- Жәмші өзенінің Қарабұлақ бөлігінің жерасты суларын барлаудың қорытындысы.
Сұлтан ағаның жер қойнауы байлығын, аймағымыздағы қала, ауылдық мекендердерді, ондағы өндіріс ошақтары мен тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ететін зерттеулері мен ұсыныстары жергілікті және орталық басылымдарында үздіксіз жарияланып келеді.
1991 жылы С. Сүтбаевтің тікелей басқаруымен зерттеліп, қорлары бекітілген кен байлығы мен жерасты сулары қорлары Лениндік сыйлыққа ұсынылады, бірақ тамыз айында КСРО-ның ыдырауына байланысты атақ берілмей қалады. Өзін Қ. Сәтбаевтың шәкірті санайтын ардагер геолог мамандығына деген құрметі, сүйіспеншілігі әрі мақтанышын ол былай деп жырлайды:
Жер қойнауы байлығы – іздегенім,
Су мен металл бар жерін сүзбеледім.
Жұмсар деп келер ұрпақ игілікке,
Кен көздерін анықтап, тізбеледім.
Сұлтан аға болашақ жары Ғалия жеңгеймен Алматыда оқып жүргенде танысқан екен. Баянауылдан білім іздеп келген Ғалия Қазақ педагогикалық институтының студенті болатын. Жарасқан сезім ортақ ұйғарымға ұласып, Сұлтан аға мен Ғалия 1959 жылы шаңырақ көтереді. Бір-бірімен қол ұстасып, 55 жыл тату-тәтті ғұмыр кешті. Өмірге үш бала әкелді олардан тоғыз немере көрді. Шаңырағының құтына айналған, ортасына сыйлы, аяулы жеңгеміз 2009 жылы кенеттен жарық дүниеден өтті. Сұлтан ағаның сүйікті жары Ғалияға арнаған өлеңінен үзінді келтіргенді жөн көрдім:
Кездесіп ек Алматы шаhарында,
Білім қуған арманшыл сапарымда.
Іңкәр сезім лап етті көрген сәтте,
Сездім алдан ақ таңым атарын да.
Сен де сездің жүректің ғашық әнін,
Тасығанын жүректе асыл ағын.
Ажарыңа ақылың сай біткенін,
Таныттың, жолатпадың қасыма мұң.
Мәңгілік пәк сезімді ұран етіп,
Ғұмыр кештік бақытты жыр-ән етіп.
Елу бес жыл өткіздік қол ұстасып,
Жүректі адалдыққа тұрақ етіп.
Сұлтан ағамен 2002 жылы Жезқазған қаласында тұратын досым Дәрмен Оразбаевтың үйінде жолықтым. Сол таныстығым осы күнге дейін ағалы-інілі қатынастыққа ұласып келеді. 2013-2017 жылдары «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС қатар қызмет атқардық. С. Сүтбаев «Жезқазғантүстіметал» ӨБ Бас геологінің орынбасары болса, Мәлік Омаров Бас директордың кеңесшісі қызметін атқарды. Екеуі бір кабинетте отыратын. Ағаларыма күніне сәлем бере барып, олардың әңгімелерін құмарта тыңдайтынмын. Еңбек жолдарын өздері таңдаған геолог мамандығына қалтқысыз қызмет атқарған аңыз ағаларым қазақтың тарихы, салт-дәстүрі мен мәдениетін жақсы білетіндіктері, әдеби шығармаларды көп оқитындықтары кім-кімді болмасын бей-жәй қалдырмайды. Оларды тыңдай бергің келеді. Алматыда бір факультетте қатар оқыған екі дос қырық жыл өткеннен кейін бір кабинетте қызмет атқарды. Екеуі де өздерін Қаныш Сәтбаевтің шәкірті санайтындығын, әрі ғұлама ғалымды пір тұтатындықтарын жиі естіп келемін.
«Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігінің құрылуына С. Сүтбаевтың 2013 жылы «Мысты өңір» газетінде жарық көрген «Кетбұқа баба – ұрпақтың құрметіне лайықты тұлға» мақаласы түрткі болды. Сұлтан аға осы уақытқа дейін қоғамдық бірлестіктің белсенді мүшесі ретінде ақыл-кеңесін айтудан жалыққан емес.
С. Сүтбаевтің қаламынан шыққан өзекті мақалалары баспасөз беттерінде жарияланып келеді. 2015 жылы «Полиграфия АСАР» ЖК «Битанова С. Д.» баспаханасынан «Жер сыры мен жан сыры» кітабы басылып шықты. Белгілі гидрогеолог Сұлтан Сүтбаев өзінің бұл кітабында атамекен – туған жері, сүйікті мамандығы, еңбек жолын бірге өткерген әріптес жолдастары, абзал ағалары мен етжақындары жайында толғана сыр шертеді.
Кітаптың алғашқы бетінде «55 жыл бірге өткізген шырайлы да шұрайлы өміріміздің мағынасы мен мәнін арттырған ардақты жарым Ғалияға арнаймын. Автор» деп жазылған. Ол кісі мамандық пен өмірлік серігін таңдаудан жаңылмаған жан. Бір әулеттің ғана емес, тұтас аймағымыздың құрметті азаматы, елінің абыз ақсақалына айналған Сұлтан ағаның өнегелі өмір жолы кімге болса да үлгі боларлықтай. Көп жылғы еңбегі бағаланып, 2022 жылы Республика күнінің қарсаңында Мемлекет басшысының өкімімін Сұлтан Сүтбаев «Құрмет» орденімен марапатталды.
Сұлтекең – біздің ақылшы ағамыз. Жауапты, шешімі қиын мәселе туындап жатса, мен алдымен Сұлтан ағаға хабарласып, ақыл-кеңесін тыңдап барып, іске кірісемін. Ал ол кісінің сілтеген бағыты мені әсте адастырған емес.
Төлеген Бүкіров,
техника ғылымдарының кандидаты,
Қазақстанның Құрметті металлургі.