Халқымыз «Әйел – қырық шырақты» деп жаратылысынан нәзік болса да өмірдегі қым-қуыт тірлікті мойымай көтерген әйелдер қауымының мәртебесін көтерген.
Өткен тарихта қазақ қыздары батырлық пен батылдықтың ерен үлгісін көрсеткенін аңғарамыз. Бүгінгі қоғамда да қазақ қыздарының қайсарлығы көпке үлгі. Олар ел дамуы жолында түрлі салада еңбек етіп, маңдай термен абыройға кенеліп жүр. «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС құрылымдарында өндірістің ауырлығына қарамай еңбек етіп жүрген нәзік жандардыңкейбірі табиғат берген дарынымен көзге түсуде. 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында біз сұлулық пен іскерлікті бір бойына тоғыстырып, үйлестіре білген арулар жайында сөз етпекпіз.
Адам тағдырына жазылған ауыр сынақтар оны ширатып, алға қарай ұмтылдырады. Сөз еткелі отырған Гүлжайнат Әбілқасымованың қилы тағдыры соған дәлел. Гүлжайнат Ахметбекқызы «Батыс» кенішінде 2004 жылдан бастап пультпен басқару операторы болып еңбек етеді. Ол ерекше қамқорлықты қажет ететін ұлы үшін басын тауға да, тасқа да соғып келеді. Өндірістің ауыр жүгін арқалаумен қатар, 24 жастағы ұлының жағдайы ананы толғандырмай қоймайды. Гүлжайнат жұмысынан тыс уақытта қолдан қуыршақ жасап, оны балаларға таратады.
– Әлемде ана үшін баланың қуанышынан артық сый жоқ шығар. Балалардың бақытты болуы үшін қай ана болсын қолынан келгеннің бәрін жасауға дайын. Өз балаларымнан бөлек, басқа да ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалардың да шаттануына септігім тисе қуанамын. Ерекше қамқорлықтағы ұлымның жағдайын көбірек ойлаймын. Ойға батып кетпес үшін мен қуыршақ жасауды қолға алдым. Алғашында ғаламтор арқылы тігу әдістерін үйрендім. Кейін өзім қуыршақ тігуді меңгеріп кеттім. Оны дайындаған соң балаларға таратамын. Наурыз мерекесінде қуыршақтарды Балалар үйіне тапсырсам деп ниеттеніп отырмын.
Гүлжайнат Әбілқасымова
Өмір – адам үшін берілетін бір ғана мүмкіндік алаңы. Сондықтан ондағы кездесіп жатқан сынаққа сынбай, алға қарай ұмтылу біздің басты міндетіміз. Өзім еңбек ететін «Батыс» кенішінің ұжымы, «КәсіпҚорған» кәсіподағы мені үнемі қолдап келеді. «Қазақмыс» корпорациясы басшылығы ерекше қамқорлықты қажет ететін балалары бар ата-аналарға пәтер берді. Бұл игіліктің шуағын біз де сезініп, екі бөлмелі пәтерге ие болдық. Осындай қолдаулары үшін «Қазақмыс» басшылығына алғысымды айтамын, – дейді Гүлжайнат.
Гүлжайнат Әбілқасымова қиындыққа қарсы тұрып, еңбекпен алға қарай ұмтылып келеді. Сынаққа сынбай, балалары үшін қолынан келгеннің бәрін жасауда. Қуыршақ тігу оның сүйікті ісі ғана емес, сол арқылы қаншама балаға қуаныш сыйлайтын ерекше жағдай.
Қазақ қызына тән қайсарлықтың үлгісі болып жүрген тағы бір аруымыз – Әсел Ғабасова. Ол Жезқазған байыту фабрикасының жөндеу-құрылыс цехында 2007 жылдан бері сылақшы болып еңбек етеді. Жастайынан спортты серік еткен Әсел үстел теннисі, волейбол сынды ойын түрлерінен жүлдеге ие болып келеді. Өндіріс пен спортты қатар алып жүрген Әсел «Қазақмыс» корпорациясы деңгейінде өтетін спорттық шаралардың белсенді қатысушысы. «КәсіпҚорған» кәсіподағы мен «Jastar Bolashaq» Жастар одағы ұйымдастыратын жыл сайынғы спартакиада да жеке және топтық ойындарда көзге түсіп, бірнеше мәрте жеңімпаз атанды.
Әсел Ғабасова
– Мен үшін еңбек пен спорт егіз ұғым. Еңбек – табыс көзі болса, спорт сол табысқа жетуге күш беретін құрал. Жас кезімнен спортқа ерекше көңіл бөлдім. Сол арқылы шыңдалдым. Өндірісте еңбек етіп жүріп спортпен шұғылдануға уақыт та керек. Бірақ, сүйікті ісім болғандықтан мен жаттығу залдарына барып, шынығуға, түрлі жарыстарға қатысуға уақыт табамын. Фабрика директоры Мұрат Бөрібаев спортқа жақын еңбеккерлерді үнемі қолдайды. Тіпті жарыстарға жанкүйер болып қатысады. Осындай қолдаушылар барда мен еңбекпен бірге спортты да қатар алып жүруге ұмтыламын, – дейді Әсел.
Қарағанды өндірістік аймағындағы «Нұрқазған» кенішінде Жанар Қаржаубаева есімді ару бар. Өндіріс пен өнерді ұштастырған Жанар Рысбекқызы қазақтың қасиетті қара домбырасымен құйқылжыта ән шырқағанда мерекелік шаралардың шырайын ашады. Халық әндеріне деген оның ынтасы, домбыраға деген ықыласы әкесінен дарыған. Жанар Қаржаубаева халық әндерінің бір сыпырасын әкесінен естіп, құлағына сіңіргенін айтады.
– Өнер дейтін өлкеде кеңінен көсілмесек те, әкеден дарыған дарынды ұстап, қасиетті домбырада халық әндерін өз ортамда насихаттап жүрмін. Бала кезде әкемнің домбыра шертіп, Біржан сал, Ақансері, Абайдың әндері мен халық әндерін шырқап отыратынын көріп, мен де қызықтым. Содан бастап домбыраға деген әуестігім артты. Қазір кеніште өтетін шараларда сол әндерді орындаймын, – дейді Жанар Рысбекқызы.
Жанар Қаржаубаева
Жанар Қаржаубаева жүк көтерме телімінде пультпен басқару операторы болып еңбек етеді. Өндірісте жүрсе де өнерге деген ықыласын суытпаған ол қасиетті домбырамен халық әндерін насихаттауды жалғастыра бермек.
Түсті металлургия саласында да нәзік жандардың қатары қалың. Жезқазған мыс қорыту зауытының түрлі цехтарында еңбек етіп жүрген олар өндірістің қазанын ортайтпай келеді.
Еңбекқорлық пен жауапкершілікті биік қоятын олар табысты тасқындатуда. Міне, сондай арудың бірі – ГүлжанатКерімбекова. Гүлжанат Тұрсынбекқызы өндіріс ошағындағы күкірт қышқылы цехында еңбекке араласқанына алты жыл. Ол аталмыш цехта газ үрлеу машинасының машинисі.
Алдыңғы аға буынның тәлімінде шыңдалған ол қазір өз шаруасын бес саусақтай меңгерген. Оның іске алымдығы, ұқыптылығы мен жүктелген тапсырманы межелі уақытта жүзеге асыру сынды қасиеттері ұжымның көңілінен шығуда.
4 Гүлжанат Керімбекова
Гүлжанат Керімбекова
– Ең алғаш рет жұмыс орнына келгенде мұндағы жұмыстарды қалай алып кетем деген ой болды. Қазір, әрине, бұған үйреніп кеттім. Жұмысқа кіріскенде тәлімгерлерден көп нәрсе үйрендім. Алдымен жұмыстағы басты қағидаларды көрсетті. Жалпы, менің жұмысым еңбекқорлықты, зейінділікті және жауапкершілікті талап етеді. Өндірістің тоқтап қалмауы және апатты жағдайлар орын алмас үшін барынша қауіпсіздікті сақтау керек, – дейді кейіпкеріміз.
Гүлжанат Керімбекова жұмыстан бос уақытында тапсырыспен тіл үйірер тағамдар мен тәттілер дайындайды.
Гүлжанаттан: «– Ауысымнан соң қосым шашаруалар атқару қиын емес пе?» – деп сұрағанымызда:
– Шаруаның ебін тауып, дөңгелетем деген адамға ешқандай кедергі жоқ. Бастысы сол іске деген көңілің ақ болуы керек. Жұмыстан шыққан соң өз хоббиімді жүзеге асырудан шабыттанып, шаршағанымды ұмытып кетемін. Сондықтан ешқандай қиындық тудырмайды.
Бүгінгі таңда қыз-келіншектерге мүмкіндік көп. Түрлі сайттар, инстаграмда асханалық шеберлікті үйрететін әртүрлі акаунттардың барлығы қолжетімді. Бұрын аналарымыз ас мәзірі арнайы жазылған кітаптарды көтеріп жүретін. Ал қазір жасаймын деген адамға барлығы бар. Тек ерінбей, алға мақсат қойып, соған жету жолында барлық қиындықтан қорықпау керек, – деп жауап қатты.
Гүлжанаттың тіл үйірерлік тағамдары мен тәттілеріне тапсырыс берушілер алғыстарын айтып жатады. Кейіпкеріміз болашақта өз кәсібінашып, ойға алған жобаларын да жүзеге асырсам деген ойда.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.