«КәсіпҚорған» кәсіподағының Жезқазған филиалы «Қазақмыс» коропорациясының өңірдегі өндіріс ошағында еңбек ететін еңбеккерлер арасында түрлі спорттық жарыстар ұйымдастырып келеді.
Филиалдың басты бағыттарының бірі саналатын салауатты өмір салтын насихаттауда спартакиадалар мен турнирлердің алатын орны бөлек.
Жақында ұйымның ұйытқы болуымен тағы бір турнир мәреге жетті. Өндіріс еңбеккерлерінің арасында өткен шахмат турнирі екі аптаға ұласып, мықтылар топ жарды.
Шахмат адамның ой-өрісін дамытып, ширақтыққа баулитын спорт түрі. Дәстүрлі турнирде бақ сынағандардың қатарынан Жезқазған байыту фабрикасының еңбеккері, бірнеше шахмат додасының жеңімпазы Танат Дүйсентегі топ жарып, жеңімпаз атанды.
Екінші орынды Жезқазған мыс қорыту зауытының еңбеккері Ғалым Жандәулетов еншілесе, аталмыш зауыттан Сабыржан Тоқбаев үшінші орынның тұғырынан көрінді. Жеңімпаздар ұйымдастырушылар атынан ақшалай сыйлыққа ие болды.
Сондай-ақ, турнирде ерекше ойын көрсеткен бірқатар қатысушылар арнайы жүлдемен марапатталды. Олардың қатарында Жезқазған жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорнының еңбеккері Еркін Мейрамов, байыту фабрикасынан Мұрат Сәбитов, «Жомарт» кенішінен Әділ Айдарханов, мыс қорыту зауытынан Бейбіт Әжібеков бар.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.