Әңгімеге арқау болар еңбек әулетінің көшбасшысы Сұлтан Елемесов КСРО-ның Құрметті металлургі, Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері.
Сары мыс сапырған Жезқазған металлургтерінің үлгі болар тұлғасы атанған Сұлтан Елемесов мыс қорыту зауытында 1973 жылдың 21 ақпанында аға конверторшы ретінде қара мыс алып, аға шебер, КСРО-ның Құрметті металлургі Жамбыл Ыбыраев екеуі ауысымда тарихи оқиғаны жүзеге асырды. Содан бері арада 50 жыл уақыт өтті. Жезқазғанның металлы әлемге танылды. Ал, оның бастауында Сұлтан Елемесов сынды алып тұлға тұр. Арнаулы білімі болмаса да қасиеттті мекеннің қара тасынан саф алтынға тең мыс балқымасын алуда Сұлтан Елемесов үлкен мектеп қалыптастырып кетті деуге болады.
Арада жарты ғасыр уақыт өтсе де тарихта бедерленген бұл оқиға жаңарып, жаңғырып отыр. Өйткені, Сұлтан ақсақалдың кәсібін мұра тұтып, ізгілік жолын жалғаған ұрпағы бар.
Металлургия мектебінің майталманы атанған оның үшінші буын ұрпағы ата жолына адалдық танытуда.
Сұлтан Елемесов жастайынан жетімдіктің тауқыметін татып өсті. Анасы Ділдәгүлденғ әкесі Елеместен ерте қалып, буыны қатпай еңбекке аралсты. Әкесін «халық жауы» деген жаламен айыптап, кейінне ақталды. Ата-ананың жоқтығы жанға батса да алға қарай ұмтылды. Әуеліде теміржол саласында кейіннен Қарсақбай мыс қорыту зауытында еңбек еткен Сұлтан онда конверторшы, аға конверторшы болды.
Жетпісінші жылдардың басында Жезқазғанға қоныстанып, металлург кәсібін жалғастырды. 1971 жылы жұмысын бастаған Жезқазған мыс қорыту зауытында сапалы қара мыс алудың жолдары қарастырылды. Жан-жақтан бас құраған мамандардың ішінде аға конверторшы Сұлтан Елемесов пен аға шебер Жамбыл Ыбыраев сапалы өнім алудың жолын тауып, 1973 жылы алғаш рет Жезқазғана қара мыс алынды. Осылайша Сұлтан Елемесовтің еңбек жолында жұлдызы жарқырады.
Өмірін өндіріспен өрнектеген сала майталманының атақ-даңқы асқақтады. Әріптестері, өзінен кейінгі ізі басқан жастар одан үлгі алды. Сұлтан Елемесовтің өндірістегі жолына ұрпағы да ден қойды.
Сұлтан ақсақал мен Ағия ана он бір бала тәрбиеледі. Соның екуі әке жолымен түсті металлургия саласына келді. Алып тұлғаның шаңырағына ие болып отырған кенжесі Берік Сұлтанұлы бүгінде мыс қорыту зауытындағы алдыңғы қатардағы еңбек озаты. 1992 жылы балқыту цехының анод бөлімшесіне жұмысқа қабылданды. Қазір металл құюдың хас шебері. Дүйсенбі Сатыбалдиннің мектебінде шыңдалған Берік Елемесов – тәлімгер. Әке мұрасындай кәсіпке адалдық танытқан Бекең бізбен әңгімесінде:
– Жезқазғанның қара мысын алу құрметіне ие болған әке жолы біз үшін мақтаныш. Металлургия саласында еңбек еткен 31 жыл ішінде әкеміздің зауытта атқарған ерен еңбегін әсте естен шығарған емеспін. Бүгінде әкеміздің жолын үшінші буын жалғастырып келеді. Бұл дегеніңіз – әкенің жүріп өткен жолынан үлгі алып, оның қоғам игілігі жолында жасаған ісін әріқарай жалғастыру. Сұлтан әкеміздің немерелері Жезқазған мыс қорыту зауытының балқыту цехынан бөлек, қосалқы цехтарда еңбек көрігін қыздыруда, – дейді Берік Сұлтанұлы.
Еңбек жолында абыройы асқақ Берік Елемесов әке жолын жалғаған жалғыз ұл. Сұлтан асқалдың қыздарының қатарынан өндіріске бел буғандардың ішінде Айсұлу да еңбек озаты. Зауыттың мысты электролиздеу цехында 17 жылдан бастап сулы ертінділерді электролиздеуші маман. Айсұлу Сұлтанқызының ұлы Думан Байсалов шихта дайындау цехында, ал, қызы Мөлдір мысты электролиздеу цехында еңбек етуде.
Айсұлу Елемесова.
Елемесовтер әулетінің түсті металлургиядағы легі немерелермен жалғасып жатыр. Сұлтан ақсақалдың немерелерін арасынан алғаш болып зауытқа жұмысқа тұрғаны – Абзал Айтуғанұлы. Ол балқыту цехының конвертор бөлімшесіне 2004 жылы орналасты. Абзал бүгінде атасы сынды аға конверторшы, ауысым бригадирі.
Адалдық пен жауапкершілікті ту еткен Абзал өз ұжымын табысқа бастап келеді.
– Немерелердің алды болып, атамыздың жолын жалғаған мен. Өзімнен кейін 7 бауырым зауытқа келді. Әрқайсы өз ұжымдарында абыройлы. Атамыздың кәсібін жалғастырған бізде арман жоқ. Тек бір әттеген-айы, жаңа жас буында осы зауытқа жұмысқа орналассақ дейді. Бірақ, оған мүмкіндік болмай тұр. Осыған зауыт басшлығы көңіл бөліп, бізден кейінгі буынды да жұмысқа алу жағын қарастырса құба-құп болар еді. Атамыз салған сара жол келер буынмен жалғасып жатса, ол кісінің даңқы жалғаса бермек, – дейді Абзал.
Құт-береке дарыған еңбек әулетінің ұрпақтарынан Дүйсенәлінің, Айтуғанның, Беріктің ұлдары Алмаз, Айдос, Жандос, Қалдыбай, Жалғас, Елдос, Мадияр сынды жастар жалғасытруда. Ал, Абылай Айтуғанұлы жеті қат жер астында кен қопарған кенші. Бұл жігітітрдің қай-қайсы болсын өз кәсіптеріне адал. Әке ақылын, ата жолын өмірлдеріне темірқазық еткен металлургтердің жаңа буына Сұлтан Елемесовтің есімінің келер ғасырда да көмескіленбейтінінің кепілі. Өйткені, олар ата салған сара жолды лайықты жалғастырушылар.
Еңбекте бағы жанған Сұлтан Елемесов осындай қуанышты сәттерде арамызда болмаса да кейінгі жас ұрпақ майталман металлургтің есімін ұмытпақ емес.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.