«КәсіпҚорған» кәсіподағының Жезқазған филиалы өндіріс нысандарының қауіпсіздігі мен еңбек жағдайын жақсартуда нақты шараларды жүзеге асыруда.
Филиалға қарасты кәсіпорындардағы комитет төрағалары жұмысшылардың еңбекке қолайлы жағдайда жұмыс жасауын бақылауда. Қыс мезгілі де таяп қалды. Осы кезеңде әрбір нысандағы еңбеккерлерге жасалып отырған жағдайлар сараланып, кем-кетігін ретке келтіру мақсатында комитет төрағалары кәсіпорындардағы жылумен, сумен жабдықталуы, жұмысшылардың қысқы арнайы киіммен қамтылуы, жуынатын бөлмелердің тазалығы мен киім қоюға арналған жәшіктердің болуы сынды мәселелерге баса мән беріп, туындаған сұрақтардың оң шешімінің табылуына ықпал етуде.
Кәсіподақтың Жезқазған филиалына қарасты комитет төрағаларының мұндай бақылау шаралары өндіріс орындарында жұмысшыларға жайлы жағдай жасау арқылы табысты еңбекке жол ашылатынын басты назарға ұстап келеді.
– Корпорацияның негізгі және қосалқы шаруашылығына жауапты маңызды нысандардың қысқа дайындығы пысықталды. Біз бұл шараны жыл сайын ұйымдастыру арқылы кәсіпорындардың жұмысшыға жасалып отырған жағдайын саралай келіп, мәселе туындаған жағдайда сол кәсіпорын басшылығымен бірлесе шешуне пейілдіміз, – дейді «КәсіпҚорған» кәсіподағы Жезқазған филиалының аппарат жетекшісі Жанар Салықова.
Лайықты еңбек жағдайын қалыптастыру мақсатында қолға алынған бұл шараның шеңберінде «Жезқазған жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорны» АҚ-ндағы «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитетінің төрағасы Айгүл Түсіпбаева, Сәтбаев қаласындағы жылу, эенрегтика кәсіпорындағы кәсіподақ комитетінің төрағасы Надежда Керімбекова, «Транко Экспресс» ЖШС-ндегі кәсіподақ комитетінің төрағасы Әсел Жанжгітова, «Қазақмыс МэйнтенансСервисиз» ЖШС кәсіподақ комитетінің төрағасы Мәриямкүл Тәкішова мен Оңтүстік Жезқазған кенішіндегі «КәсіпҚорған» кәсіподақ комитетінің төрағасы Алмаз Қоңырқұлжинов бақылау жасап, нысандардың дайындықтарын пысықтады.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.