«Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» жаугершілік заманында елі мен жерін қорғаған ержүрек жандар әр өңірден, әр рудан шықты. Жүздеген батырдың аты мәлім болды. Кең байтақ даламызға өңмеңдей басып кірген жоңғарды түре қуған ерлерді қалай дәріптесең де сияды. Сондай Ұлытаудың тарихи тұлғаларының бірі – Барлыбай Тауасарұлы.
Әкелі-балалы қос батыр
Тәуелсіздік таңы арайлап атқан кезде жарыққа шыққан «Қазақстан Ұлттық энциклопедиясы» – аса құнды еңбек. Халқымыздың бұл бас кітабында кеңестік заманда айта алмай келген тарихымыздың ақтаңдақ тұстары айшықталып, бұрын-соңды есімдері елене бермеген тұлғаларымыз түгенделді.
Ұлытау өңірінде дүниеге келген Барлыбай Тауасарұлы осы энциклопедияға енген. Бұл бас кітапта ол туралы жазылса, әрине, оның елі үшін елеулі болғандығы.
Аталған «Қазақстан Ұлттық энциклопедиясының» 2-томында ол «Бағаналы Барлыбай», «Барлыбай сардар» атымен ел жадында сақталғаны туралы жазылған. Әкесі Тауасардың қалмақтармен шайқаста аты шыққан батыр екендігі айтылыпты.
Алдымен айтарымыз Тауасар батыр төңірегінде. Бұл батырдың есімі жазушы Қабдеш Жұмаділовтің «Дарабоз» атты тарихи романының бірнеше жерінде ауызға алынады. Бұл кітап та еліміз тәуелсіздік алғаннан соң жарық көрді. Әйткенмен, жазушы оны жазуға көптен дайындық жасағаны, тарихи деректерді жинақтап, саралауға бой ұрғаны анық.
Жалпы тарихи романды нақты деректерге құрылған әдеби туынды деп ұғынар едік. Ендеше бұл қалың 2 томдық кітаптағы әрбір сөз, әрбір адам аты жалғандықтан ада. Бір сөзбен айтқанда «Дарабоз» – қазақ жерін басқыншы жоңғардан азат ету жолындағы XVIII ғасырдағы батырлар ерлігінің жылнамасы. Осы көркем шығарма арқылы тарихымызды тани түсер едік.
Осы сүбелі туындыда Орта жүз қолының екіге бөлінгені, Найман жасағының тізгіні – Қабанбайға, ал Арғын жігіттеріне бас болу Малайсарыға тапсырылғаны сөз болады. Одан әрі: «Найман жасағында Көкжал Барақ, Оразымбет, Баймұрат, Тауасар, Еспембет, Шынқожа секілді мүйізі шаңырақтай дәупірім батырлар аз емес», – деп жазған.
Енді бір тұстан: «Көп ұзамай аламандар тобына Ақсу, Лепсі өңіріндегі Матай, Садырдың бес жүз жігітін бастап, Тауасар, Алдияр батырлар келіп қосылады. Біразға дейін Ұлытаудағы Балталы мен Бағаналыдан хабар болмағанға, сірә, мойны қашық жерден көп ешкім келмес деп ойлаған. Жоқ, жорық дақпыртын естіген соң олар да шыдап жата алмапты», – дегенді оқимыз.
«Дарабоз» тарихи романынан және бір үзінді: «Тауасардың атағы, әсіресе, Қытай әскеріне қарсы соғыс кезінде қатты шықты. Бірақ сол еңбегін міндет етіп, кеуде қағуды білмейтін. Ағайын берекесін ойлайтын нағыз бауырмал батырдың бірі сол болатын. Иісі Найманға ұран болған баяғы Қаптағай батырдың тікелей ұрпағы, марқұм Бөрібайдан кейін Матай туын ұстап қалған ескі көздердің бірі еді…».
Тауасар есімі романның басқа да бірнеше жерінде аталады. Ол Қабанбай батыр басқарған түменнің құрамында мыңбасы болған. Даңғайыр жазушы Қабдеш Жұмаділов елі мен жерін қорғау жолында әр рудан шыққан әйгілі батырларды қойып, бас кейіпкері Қабанбайдың өзін лепірме сөзбен мақтамаған. Ол өз туындысында ешкімді алаламай, белгілі деректерді белінен баспай, шындықты айтуды мақсат тұтқан.
Тарихи деректер Тауасардың баласы Барлыбайдың батырлығы жоңғар басқыншыларымен күресте танылғандығын айғақтайды. Он жеті жастағы бозбала Барлыбай қалмақтың Жоржы деген алпамсадай батырынан тайсалмай жекпе-жекке шығып, жауды найзамен шаншып өлтіреді.
Жезқазғандықтарға есімі жақсы таныс Жұмамәді Ибаділдиннің тарихи-танымдық толғаныстарынан тұратын «Жер кіндігі Жезқазған » атты кітабынан бірер үзінді келтірсек: «Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Шапырашты Наурызбай сияқты дарабоздар қатарын Қарақұм – Бұланты – Аңырақай соғыстарында ел намысын қолдан бермеген Ұлытау-Жезқазған өңірінің ұландары Шақшақ Жәнібек, Қыпшақ Тілеулі, Бағаналы Барлыбай, Төлек, Тулақ, Шұбартулы Жаулыбай, Айбас, Оразымбет, Сағындық тәрізді сайыпқыран саңлақтар толтырды», – дей келіп: «Өркөкірек жоңғар жендеттерінің алғаш рет тауы осы өңірге жапсарлас жатқан Қарақұмда шағылып (1711ж.), кеудесі Бұлантыда басылды (1727ж.)», – деп жазған еді Ж. Ибаділдин.
Ұлытаудың батыс бетіндегі Қарақұмда 1710 жылы бүкіл қазақ құрылтайы шақырылып, ата жаумен ақырғы тамшы қан қалғанша соғысу керек деген шешім қабылданады. Төніп келіп тұрған қалмаққа қалайда Ұлытауды бермеу керек. Жоңғар басқыншыларымен ұлт-азаттық соғыс жүрген кезеңде хандықтың туы Ұлытауда тігілген еді. Қазақ хандығының саяси орталығы болып табылатын киелі жерді жауға беру құлдық қамытын киюге апарып соқпақ. Ел басына қатер төнген осы бір сәтте жанқиярлық ерлік көрсеткен батырлардың бел ортасында Бағаналы Барлыбай тәрізді осы өңірдің тумалары болды. Өйткені олар ұрымтал ұрыс қимылдарын ойластырарлықтай жер жағдайын жақсы білді.1723 – 1730 жылдар аралығындағы Ұлытау үшін болған шайқас қазақ елінің алдағы тағдырын айқындап берген Бұланты ұрысындағы жеңіске ұласты.
Ел тілегімен хан болған
Барлыбай Тауасарұлының шыққан ортасы – Ұлытауды ежелден жайлап келе жатқан Бағаналы елі. Найманның бұл тармағы туралы сөз еткенде көптеген тарихшылардың өзі белгілі ғалым, жазушы Тарақты Ақселеудің «Балталы, Бағаналы ел аман бол» атты еңбегіне сүйенгенін аңғардық. Ол осы кітабында халқымыздың тарихын танып-білуде шежіренің мәні зор екенін қадап айтты. Ақселеуше айтқанда, «далалық ауызша тарихнама (ДАТ) бойынша 20-30 атаға дейін көз жазбай, жіліктеп тарататын шежірешілдік дәстүріміздің маңызы зор».
Осы кітапты оқып отырып, еріксіз ойға берілесің: «Ақселеу басқа-басқа емес, неге Бағаналының шежіресін таратқан?». Кітаптың 1-бетіндегі: «Бұл еңбегімді қазақтың қасиетті кіндік мекені – Ұлытаудың ұлтжанды азаматтарына арнадым.Тарақты Ақселеу.1993.»деген қолтаңба осы сұрағымызға жауап бергендей.
Ақселеу Сейдімбек далалық ауызша тарихнамаға (ДАТ) сүйене отырып: «…Келбұға мен Кетбұға ұрпақтары Ұлытау мен Шу өзенінің арасын ертеден қоныс етіп келеді. Осы күнгі Қаражал қаласының түбіндегі Қытай деп аталатын жер Келбұға мен Кетбұғаның әкесі Қытайдың құрметіне аталған атау. Жоңғар шапқыншылығына дейін осы Қытай маңындағы Ақтау, Қызылтау өңірін, Атасу өзенінің бойын қоныстағаны жөнінде тарихи дерек те бар. (Материалы по киргизскому земелепользованию. 9-том . С-Петербург. 1905) » – деп жазған екен.
Жазушы Қабдеш Жұмаділов «Дарабоз» тарихи романында жазғанындай, жоңғар шабуылы басталғанда Аягөз, Балқаш бойынан ығысқан Балталы-Бағаналы Ұлытау, Жезді өңіріне ауып барады да, сол жақты мекендеп қалып қояды. Сол кезеңде болса керек, ақсүйек хан әулеті өзара сыбаға бөліскенде Найман ұлысы Барақ сұлтанның үлесіне тиіп, Керей-Уақтың тізгіні Әбілмәмбет ханның үлкен ұлы Әбілфейіздің қолына беріледі.
Найман ұлысының, оның ішінде Бағаналыны билеген Барақ сұлтан Кіші жүздің ханы Әбілқайырды жазым еткен соң Арқадан кетіп қалады. Оның орынын енді осы елдің әрі бас сардары, әрі бас қолбасшысы деген атағы бар, онымен қатар даулы мәселелерді әділ шешетін биі, жұрт алдында сөз бастайтын шешен Барлыбай басады. Қаламгер Қуаныш Ахметов «Ұлы Даланың Ұлытауы» кітабында Барақ сұлтаннан кейін Бағаналыны төре текті сұлтан емес, өз ішінен суырылып шыққан Барлыбай батыр басқарған деген тұжырым жасайды.
Ұлытаулықтар кеңесе келіп, Барлыбай батырды тек Бағаналының ғана емес, барша Ұлытау өңіріне түгел билігі жүретін хан болуын қалайды. Қалыптасқан ежелгі салт-дәстүр бойынша халық Барлыбайды ақ киізге көтеріп, хан сайлайды. Бұл рәсім Ұлытауда өтеді.
«Ел билеу үшін ақыл, жүрек, ой керек»деген екен Жүсіп Баласағұн. Барлыбай хан осындай жан болған. Елдің елдігін, береке-бірлігін сақтаған. Ол төре тұқымынан шықпаса да осал емес. Шыққан тегі Жәнібек ханның аталығы Сары батыр болса, әкесі қол бастаған Тауасар батыр болса, нағашысы Сығанақтың бегі башқұрт Қарасақал болса, ол негізге қалай тартпасын.
«Ұлы Даланың Ұлытауы» атты кітаптағы мына бір дерек назар аудартарлық: «Бағаналы Барлыбай ханның жасы сексеннен асып қайтыс болғандығын Жанкісі ақынның оның әйелі Таңшолпанға көңіл айтуынан білеміз. Бұл 1770 жылдардың жобасына келеді.Осы өлеңнің ел аузында сақталған нұсқасы мынандай:
«Уа,Таңшолпан!
Отырмысың қайғырып,
Бет қаратпай дұшпанын,
Бір келіп-кеткен жалғанға,
Егіліп босқа шаршама.
Бұл қайғы ортақ баршаға!
Туып еді халқы үшін,
Әділ болып баршаға.
Кешегі өткен Барлыекем,
Енді қайтып келмейді,
Опасы жоқ жалғанға.
Ақылмен тоқтап ойға сал,
Басшысынан айырылып,
Жетім болып қалғанға,
Арғын, Найман, Кіші жүз,
Бір көруге арманда.
Қанағат қыл, сабыр ет,
Сексеннен асқан жасында
Иесі келіп алғанға».
Осы бір көңіл айту шумақтары Барлыбайдың Ұлытау төңірегіндегі қалың елге сыйлы болғанын әйгілеп тұр. Бұдан өткен қандай дерек керек!
Осы орайда еске оралады, тарихымызды таразылап, тұлғаларымызды танып білуде Ақселеу Сейдімбек айтқан «далалық ауызша тарихнама (ДАТ)» дерегінің де, қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезов тұжырымдаған тарихи өлеңдердің де пайдасы зор.
Мұхтар Әуезов былай деген ғой: «Тарих өлеңдері ең алдымен ел тіршілігінде анық болып өткен тарихи оқиғадан туады. Пәлен жыл мен пәлен жылдың арасында болған тарихи дәуірдің жыры. Сол дәуірде арнаулы оқиғаның қақ ортасында болған атақты адамдардың басынан кешкен өмір, қолымен істелген істің жыры болады. Тарихи өлеңдердің ішіндегі адамдар жалпақ елге аты белгілі, жалпақ елге қадірлі, сүйікті адамдар. Сол адамдардың істеген ісі, беттеген мақсаты, көптің өміріне қозғау салған әсері, көптің аузында неше алуан әңгіме болып қалады. Бұл әңгімелердің көбі сол оқиғалардың ішінде болған, көзі көргеннің әңгімесі. Сондықтан сөзі мен суреттерінің шындығы көбінесе даусыз».
Ендеше «Шақшақұлы ер Жәнібек» (Иманжан Жылқайдар ұлы нұсқасы) тарихи жырынан алынған мына үзінділер де тарихи деректер болып табылмақ:
«Батырдың бірі сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
– Ел шетінен жау тиіп,
Салып жатыр қиқуды.
Етігімен су кешер
Ел басына күн туды.
Қалмақтың ханы Аралбай
Шығарған қосын қазаққа,
Сайдауыт адам арандай.
Соғыспаққа солармен
Аттанды қазақ ұрандай.
Бағаналы Барлыбай,
Шұбар тулы Жаулыбай,
Естігенсін осыны,
Шығарған қосын тұралмай.
Найманнан батыр Барақ бар,
Сүйіндіктен Олжабай.
Менің атым болады –
Қаракерей Қабанбай.
Айтулы батыр мынау да –
Қанжығалы Бөгенбай.
Аттанысқа келеміз,
Жөн-жобамыз осылай».
Осы тарихи жырдан алынған:
«Үш жүздің жұттан аман балалары,
Жәнібек бас боп Арғыннан келді бәрі.
Бағаналы хан Барлыбай, Жаулыбаймен
Көрісіп жылап-сықтап амандары», – осы бір шумақ сол кезеңнің оқиғасын бейнелеумен қатар Барлыбайдың хан болғандығын айғақтап тұр.
Барлыбай Тауасарұлының аты аталған жырлар бұл бір емес. «Қазақстан Ұлттық энциклопедиясында» оның бірқатары атап айтылған: «Сегіз сері «Барлыбай хан» атты тарихи дастан шығарған. Барлыбайдың еңбектерін Жанкісі (Жанқиса) Басыбайұлы (1772-1849), Әбутәліп (1788-1857), Балтекей Қорғанұлы (1830-1917), Қожабай Тоқсанбайұлы (1841-1919), Мұқан Балтекейұлы (1873-1918), Тайжан Қалмағанбетұлы (1877-1937), Шеген Қанафия сынды ақындар жырлаған».
Сегіз серінің «Барлыбай хан» атты тарихи дастанын жазғандығы туралы білмекке Төлеш Сүлейменовтің «Сегіз сері» тарихи-ғұмырнамалық хикаятын ақтардық. Ол кітаптан көңілге түйгеніміз айтарлықтай. Біріншіден, Сегіз сері ұлытаулықтармен етене араласқан екен. Қазақ әнінің маржаны саналатын «Гауһартас» әнін Бағаналы Бақтияр бидің қызы Мақпал сұлуға арнап шығарған. Ал Сегіз серінің 21 жасында сүйіп қосылған жары Ырысбике Ерғонқызы да – Бағаналы Жауғашты (Қарабала) руының қызы. Сегіз сері бұл елді жақсы білгендіктен де Барлыбай хан туралы дастан жазуы қисынды-ақ.
Екіншіден, Сегіз сері жалпы есеппен елуден астам ән, қырықтан астам күй шығарғандығы өз алдына, жүзден астам дастан шығарған көрінеді. Жаяу Мұсаның бүгінге жеткен «Ер Сегіз» атты өлеңінің өзі көп жайтты аңғартады:
«Таралған қолтаңбасы Алшын елге,
Сегіздің «Айман-Шолпан», «Қыз Жібегі»,
Тарады ол шығарған «Қобыланды»
Дастанын жақсы деп жұрт бағалады».
Мұндай дарын иесінің шығармалары халық арасында кеңінен насихатталмақ түгілі атының еленбеуі оның кезінде орыстың отарлау саясатына қолына қару алып, қарсы шыққандығынан екен.
Сегіз сері «Барлыбай хан» дастанын шығарғандығы туралы деректі таппадық. Оның есесіне біз тілге тиек етіп отырған «Сегіз сері» атты кітапта «Бағаналы Барлыбай» дастанының авторы оның үлкен ұлы Мұстафа екендігі жазылыпты. Ол әкесі Сегізге тартқан суырып салма ақын, күміс көмей, жез таңдай әнші болыпты. Мұстафа Сегізұлының «Бағаналы Барлыбай»дастанын шығарғандығы туралы дерек берген көнекөз қариялардың, оның арасында ұлытаулықтардың да аты аталыпты.
Бұдан түйер ойымыз: «Мұхтар Әуезовтың тарихи өлеңдердің ішіндегі адамдар жалпақ елге аты белгілі, жалпақ елге қадірлі сүйікті адамдар» дегеніндей, Бағаналы Барлыбай – соның бірі.
Биыл, яки 2022 жылы Тауасар батыр Тілекеұлының туғанына – 360 жыл, Барлыбай хан Тауасарұлының туғанына – 330 жыл. Осыған орай әкелі-балалы батыр бабалардың рухын асқақтатқан алқалы жиын Қызылорда облысындағы Шиелі ауданында өтті. Қос тұлғаның халқымыздың азаттығы жолындағы ерлігі мен елдің береке-бірлігінің артуына сіңірген еңбегін арқау еткен қонференцияға республикамыздың әр өңірінен келген ғалымдар мен тарихшылар, сыйлы азаматтар, батырдың ұрпақтары қатысты. Иә, халық ардақтаған батырлардың есімдерін әрқашан жадында ұстап, танып-білу және есте сақтау шараларын ұтымды ұйымдастыра беру – кейінгі толқын ұрпақтың басты парызы.
Шахмұрат ИБАДАТҰЛЫ,
журналист, «Кетбұқа» медалінің иегері.