«10) басқа қылмысты жасыру немесе оны жасауды жеңілдету мақсатымен жасалған, сол сияқты зорлаумен немесе сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттермен ұштасқан адам өлтіру – мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, он бес жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын айыруға не өмір бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады» (ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлімінің 10-тармағы).
Куә К. сот отырысында берген жауабында 31 шілде күні түс қайта сол көшенің бойындағы көп гараждар орналасқан жаққа итін қыдыртуға шыққанын айтты. Итті қарғы бауымен ұстап келе жатады. Бір сәтте ит гараждардың арасындағы үйінді бұталарға қарай жұлқына тартады. Иттің басын бұрмақ болғанда оның алдындағы бұталардан шығып жатқан аяқ киімсіз ақ шұлықтағы адамның аяғын көріп, шошып кетеді. Үйге келіп, жолдасы Н.-ны ертіп барып, бұталардың арасынан мәйітті тапқандарын, сосын дереу полиция қызметкерлеріне хабар бергенін айтып жауап берді.
Және бір куә Б. сот мәжілісінде былай деп жауап берді:
– 31 шілде күні шамамен 15.30 сағатта үйіме полиция қызметкерлері келіп, біздің көшемізде кісі өлтіру болғанын айтты. Олар үйіміздің көше жағын түсіретін камерадағы бейнежазбаны көруге рұқсат берулерін өтінді. Қарау барысында 03.20 сағатта гараждар жаққа қарай өтіп бара жатқан қыз бен жігіттің тұлғасын анық көрдік. Екеуі де азиат нәсілді екен. Жастары шамамен жиырмаларда. Жігіт қара киімде, ал қыз ақшыл киімде болды. Қыздың қолында – планшет немесе сөмкеге ұқсас зат. Полиция қызметкерлері ол бейнежазбаны дискіге көшіріп беруімді өтінді, – деді куә Б.
Куә А. сот отырысында сотталушы Е. өлтірген қыз П.-мен өзі бұдан 5-6 айдан бері таныс екенін, әлеуметтік желі арқылы хат алмасып, достық қарым-қатынаста болғанын айтты. – Менің білуімше, – деді куә А. – қыздың сотталушы Е.-мен таныс болғанына бір жылдай болған, оны колледжде оқып жүргеннен бері білетін. Олар достық қарыс-қатынаста болған емес, тек жай таныс еді. Әйткенмен бірнеше рет бірге жүргенін көрдім. Менің аңғаруымша, жігіттің өзі қыздың соңынан қалмай жүгіріп жүретін. Өйткені П. бірде маған сотталушы Е.-нің үйінің ауласына жиі келіп, домофонды басып, оны қыдыруға шақырып, мазасын алатынын, оны ұнатпайтынын айтқан болатын. Жалпы П.-ны жеңілтек қыз ретінде сипаттай аламын, алкогольді ішімдік ішіп алып жүретінін байқайтынмын, – деді куә А.
Қалалық ішкі істер басқармасының аға тергеушісі С.-дан сот отырысында жауап алынды. Ол өзінің тергеу амалдарын жүргізгенін, жәбірленуші П.-ның мәйітін куәлар ерлі-зайыпты К. мен Н.-ның полицияға хабарлауымен тапқандарын айтты. Кейін мәйітханада атасы немересі П.-ны танығанын, куә Б.-ның үйіндегі бейнетаспа арқылы күдікті Е.-ні ұстағандарын баяндады. Күдікті Е. кінәсін толығымен мойындап, қылмыс жасаған жерді көрсетеді. Қызбен қалай жыныстық қатынасқа түскенін, қалай қылқындырғанын, бойжеткеннің денесін бұталармен жауып кеткенін, кедыларын гараждардың үстіне қарай лақтырғанын, ал оның планшетін үйіне алып кетіп, сарайдағы шелектің ішіне тыққанына дейін айтып берді. Тергеушінің берген жауабы бойынша, Е.-нің өзі айтқандай, «Самсунг Галакси» планшетін сарайдағы шелектің ішінен табады, бұл туралы жазылған хаттамаға күдіктінің ағасы қол қойған, күдіктіге ешқандай қысым көрсетілмеген. Сот медициналық, биологиялық, молекулярлық-генетикалық сараптамалардың қорытындысы бойынша жәбірленуші П.-ның қынабында және тік шегінде шәуеттің болғанын, оның күдікті Е.-нікі екені туралы қорытындылар бар. Тергеу амалдары қорғаушының қатысуымен жасалғанын баяндап берді аға тергеуші.
Бұл қылмыстық істі қараған Қарағанды облыстық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты жәбірленуші мен куәлардың түсініктерімен қатар өзге де іс құжаттарымен сотталушы Е.-нің тағылған айып бойынша кінәсі толық дәлелденді деп тапты. Сот анықтағандай, сотталушы Е. 31 шілде күні түнгі уақытта бұрыннан өзінің танысы 18 жастағы П.-мен серуендеп, сағат 03.30 шамасында сол көше маңында орналасқан гараждардың қасына келеді. Сол кезде сотталушының қызды зорлауға бағытталған қылмыстық ойы туындайды. Осы ойын жүзеге асыру мақсатымен Е. қасынан өтіп бара жатқан гараждың артына қарай қызды күш қолданып, оның еркінен тыс алып кетеді. Сол жерде Е. өзінің сексуалдық нәпсіқұмарлығын қанағаттандыру мақсатында өзінің күшінің басымдығын пайдаланып, П.-ны жерге жығып, шалқасынан жатқызған. Қыз жігіттің қылмыстық пиғылын түсінісімен оған қарсыласып, өзіне жақындатпас үшін оны кеуде тұсынан итеріп, одан босап, қашу мақсатында саусақтарымен тырналап баққан. Сөйтіп жігіттің сол жақ құлақ тұсына мойынының оң жағына, екі иығының әр тұсына жара түріндегі дене жарақаттарын салған. Алайда, Е. өзінің күшінің басымдылығымен қыздың көрсетіп жатқан қарсыласуын басып, күштеп сырт киімдерін шешіп, П.-ның еркіне қарсы жыныстық қатынас жасайды.
Онымен қоймай Е. жоғарыда көрсетілген мекенжайда қызды киімдерін қайта киюге мүмкіншілік берместен күштеп етпетінен жатқызып, сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасайды.
Е. бұдан бұрын сот үкімімен осындай қылмыстық әрекеті үшін 3 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Кейін, дәлірек айтқанда, 8 айдан соң сот қаулысымен рақымшылық шарасын қолданумен 2 жыл 2 ай мерзімге бас бостандығын айыру жазасын шектеу жазасына ауыстырған болатын.
Өз басынан өткерген осы жайт Е.-нің есіне оралып, сол түнгі сағат 04.30 шамасында әлгі гараждың артында П.-ға қатысты күш қолданып, зорлау және сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекетін аяқтағаннан кейін, егер П.-ны босатса, ол құқық қорғау органдарына өзіне қатысты шағым түсіретінін, соның салдарынан қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын біліп, өзінің П.-ға қарсы жасаған қылмыстарын жасыру үшін жәбірленушіні қасақана өлтіру туралы қылмыстық ойға келеді. Осы қылмыстық ойын жүзеге асыру мақсатында өзінің саусақтарымен П.-ны мойынтұсынан қылқындырып, тұншықтырады. Соның салдарынан П. сол жерде көз жұмады. Содан кейін Е. қылмыстық әрекетінен жалтару үшін мәйітті одан әрірек сүйретіп апарып, оны ағаш бұтақтарымен жауып, қылмыс болған жерден бой тасалап, қашып кетеді.
Өзімен бірге сотталушы Е. жалпы құны 150 мың теңге тұратын П.-ның «Самсунг Галакси» маркалы планшетін ұрлау, яғни бөтеннің мүлкін жасырып жымқыру тұрғысындағы қылмыстық ойын ақырына дейін жеткізу мақсатында планшетті өз үйіне алып кетіп, бас пайдасына жаратпақ болған.
Сот зерттелген дәлелдемелерді саралай келе, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органымен сотталушының іс-әрекеттеріне дұрыс құқықтық баға беріліп, оның іс-әрекеттері ҚР Қылмыстық кодексінің тиісті баптары бойынша, яғни, зорлау, сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттер жасаған және ол қылмысын жасыру мақсатында адам өлтірген, сонымен қатар зорлаумен немесе сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерімен ұштасқан ұрлыққа барған деп дұрыс дәрежеленгенін атап көрсетеді. Сонымен сот қылмыстың орын алғанын, оны сотталушы Е.-нің жасағандығын, оның қылмыс жасаудағы кінәсін, кінәсі заң талаптарын сақтай отырып жиналған дәлелдермен расталғандығын даусыз анықтады.
Сот үкімімен Е. ҚР Қылмыстық кодексінің тиісті баптарында көзделген қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Бұл қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығына сәйкес, жазаларды ішінара қосу арқылы оны бас бостандығынан 18 жылға айыру түріндегі жаза тағайындалды. Оған қоса соттың бұдан бұрынғы үкімі бойынша жазаның өтелмеген бір жыл бөлігін қосып, түпкілікті бас бостандығынан 19 жылға айыру түріндегі жаза тағайындалып, бұл жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтеуі атап көрсетілді.
Шахмұрат ИБАДАТҰЛЫ.