Орталықтан едәуір шалғайда орналасқан ауыл болғандықтан болар, бір үйге қонақ келсе бүкіл Ақкеңсе мәре-сәре болып қалушы еді. Бірақ бала да болсақ, қонақтың қонағы да болатынын аңдайтынбыз. Төкеңнің біздің ауылға келісі сондай бір өзгеше қалыпта болатын.
«Төкең келе жатыр» дегеннен отағасы ол кісінің анасының туған інісі болып табылатын көрші үй қамданып, әбігерлене бастайды. Сонда қазірге дейін бір таң қалатыным, «жиен келе жатыр» демейтін, «Төкең келе жатыр» дейтін, осынысымен-ақ туған нағашысының ғана емес, бүкіл ауыл үлкендерінің ол кісіге деген ерекше ілтипатын сезінуге болар еді. Сонымен, шағын ауылдың қонағы – ортақ, Төкең мінген сол тұстағы көліктің ең төресі – «Волга» көрші үйдің қарсы алдына ұзыннан келіп тоқтай бере осы келісті күтіп жүрген ауыл үлкендері жапа-тармағай солай қарай беттейді. Сырттай тамашалап тұрған біздерге «Волганың» артқы есігін ашып шығып жатқан ерекше қонақ маңғаз, асқақ көрінеді. Ауылда балаларға да әр үй ортақ қой, үлкендердің соңын ала қыстырылып біз де енеміз. Қонақтарын төрге оздырып, барлығы жайғасып, жайланып болғаннан кейін көптің кеу-кеулеуімен Төлеген аға әңгіме бастап кетеді. Бірқалыпты әрі нық дауыс ырғағымен ауызынан шыққан әрбір сөзі салғаннан көптің көңілін баурап, ойын жаулап әкететінін біз де аңдаймыз. Аңдаймыз да ерекше қонаққа балаға тән көңілмен еліктей түскенімізді сеземіз.
Төкең нағашысының үйінде аунап-қунап төрт-бес күн жатады. Онымен осы күндер аралғында бүкіл ауыл бірге болады десе артық емес. Олардың ерекше қонақты шығарып салуы да айрықша – бүкіл ауыл күтіп алғандағыдай қайыра жиналып, қимай-қимай қол қысысып, «Волга» көзден таса болғанша соңынан қарап қалады.
Осының барлығы біздің ауыл балаларына ,соның ішінде маған айрықша әсер қалдырғанын айтқым келеді. Үйдегілер де «Төлеген жігіттің төресі ғой, жас та болса Жезқазғанда ірі өндіріске бас болып отыр, сөйте жүре ғылым
мен де айналысуға уақыт табатын аса іскер адам, сөз саптасының өзі қандай, нағыз шешен» деп біздерге қаратқандай айтып отыруы да әсер етпей қоймайтын. Сондайда көңілімде жақсы оқып, жан-жақты тәрбие алсам, осы Төкеңдей сыйлы азамат, өндіріс басшысы, ғалым болып өсемін ғой деген ой көлбеңдейтіні шындық еді.
Мектепті тәмамдап, Өмірхан Байқоңыров атындағы Жезқазған университетіне инженер-құрылысшы мамандығы бойынша оқуға түскен жылдары да ауылдан көңіл түпкірінде келе жатқан Төлеген Бүкіров ағамыздың тұлғасы көз көріп, көңіл тоқыған әңгіме-істермен толыға түскен еді. Еліміз Тәуелсіздігін алған алғашқы жылдары экономика мен идеологиядағы шатқаяқтау кезінде Төлеген Нұрмағанбетұлы Жезқазған қалалық «Қазақ тілі» қоғамын басқаруды қолға алып, бұған дейін әлжуаз хал кешіп келген ана тіліміздің дамуы үшін ғана емес, ұлттық қалпымыздың – әдет-ғұрып, салт-дәстүріміздің оң арнаға түсуі үшін табанды да жігерлі күрес жүргізді. Мысты шаһарда мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңітумен бірге қазақ мектептерінің санын арттыру, қаладағы көше атауларын осы Сарыарқа төсіне еш қатысы жоқ есімдердің орнына ұлтымыздың ұлы тұлғаларының есімдерімен ауыстыру бойынша ол атқарған арналы істер ел ауызында жүрді, көптің зор қолдауына ие болды. Міне, студент атанған кезде осыны көзбен көріп сүйсіндік, «біздің ауыл адам таниды екен!» деп көңілмен марқайдық.
Балалық көңілде қалыптасқан бейнесіне кіреуке түсірмей, қайта көшелі істерімен зорайтып, тұлғаландыра түскен ағамызбен жақын танысып, араласудың сәті «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігі кәсіптік одағы төрағасының орынбасары болып келген жылдары түсті. Бұл жаңа ғасырдың алғашқы оныншы жылының аяғына таман кез болатын.
Оған дейін «Жезқазғансирекмет» кәсіпорнында басшылық жасаған жылдары жер бетінде ең сирек кездесетін аса қымбат металды игеруді шетелдіктердің бодауына бермей, үкіметтің өзімен тіресіп алып қалған қайсар әрекеті ел аузында аңыз болып айтылатын. Ренийден осмий алудың технологиясын зерттеу бойынша ғылым кандидаттығын қорғап, ғылыми еңбектерімен шетелге дейін танылғанын білетінмін. Осының барлығы, әрине, Төлеген ағамызға деген құрметімізді асыра түскен кез еді ол.
Алғашқы қол алысудан кейін Төлеген Нұрмағанбетұлына ауылымды, бала кездегі әсерлерімді айта бастағаным есімде. «Е, әке-шешеңді жақсы білемін ғой», – деп Төкең де жылыұшырай қарап, бауырына тарта бастаған сонда. Міне, содан бері ағамның қасынан қалмауға тырысып келе жатқандаймын.
2014 жылы Жезқазғанда «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігі құрылды. Оның өмірге келуіне Төлеген Бүкіровтың сіңірген еңбегінің ерекше екендігін атап өткен орынды болар. Осынау елдің рухын көтеріп, жігерін жанитын орасан зор игі шарада ағамыздың қасынан табылуға тырысқанымды қашанда ризашылықпен еске аламын. Осы қордың аясында ағамыз қажымай-талмай басқарған талай іс-шараларға қатысу мүмкіндігі бұйырды. Мәселен, өткен жылы Төлегетай бабаға Қызылорда қаласында берілген асқа Төлеген аға бастап барған жезқазғандықтардың құрамында болғаным есте айрықша қалды. Осы жолы да Төлеген Нұрмағанбетұлының есімі Жезқазған-Ұлытау өңірінен асып, еліміздің көптеген аймағына жете танылғанына куә болдым, ырза көңілім тасыды. Қай кезде болса да халық тұлғаны атағына қарап емес, ісі мен сөзіне қарап бағалайтынына көзім анық жетті сонда. Төкең Төлегетай баба асына жиналған ығай мен сығай тұлғалардың арасында қандай да бір әңгімеде өзін биік қалыпта ұстай білуімен біздерге тағы үлгі бола түскенімен есте қалып еді.
От басы, ошақ қасынан асып елдің азаматы болу жолы – шиыры мен қиыры мол өте қиын жол! Ол жолда өзінің білімі мен білігіне ғана емес, ұлттық тәрбие-тәліміне, халқына деген алғаусыз махаббатына сүйеніп, қарсы келген кез-келген күшке қасқайып қарсы тұра алатын табанды тұлға ғана дегеніне жетпек. Сол тұлғаның бірі – менің жас кезімнен үлгі болған Төлеген Нұрмағанбетұлы Бүкіров ағам!
Көпке белгілі, Жезқазған облыс мәртебесінен айырылып, моноқала деңгейінде қалғаннан бергі ширек ғасыр уақыт аралығында бір кезде Қазақ елінің ғана емес, ұлан-асыр кеңес елінің доноры болған өңір экономикалық, әлеуметтік жағынан құлдырап, ел үдере көше бастады. Шындығында мұның бәрі әділетсіз шешімнің салдары еді. Төлеген Нұрмағанбетұлы әу бастан осы шешімге қарсы тұрды. Оны әрдайым сөзімен де, ісімен де дәлелдей білді. Биыл ақыры бір кезде дүйім кеңес елін асырауға қыбылеті жетіп, өзі сол кеншілердің, металлургтердің, байытушылардың маңдай терлерімен келген қисапсыз мол қаржыдан тиын-тебенді ғана амалсыз місе тұтып, күнін көрген мысты өңір әділетке қайта қол жеткізгендей болып еді. Ел мен жер қамын алдынғы орынға қойған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ширек ғасырдан соң Арқа төсінің інжу-маржанына қатысты әділеттікті қайта орнатты. Алайда, Қарағандыдағы өңір билігінің өзінен бөлініп шыққалы тұрған жаңа облыстың бастапқы еншісіндегі ел мен жердің құйқалы бөлігін алып қалып, қиғанын жетім қыздың жасауындай қылғаны Жезқазған-Ұлытау өңірі жұртшылығының арқасына аяздай батты. Міне, осы тұста да Төлеген Нұрмағанбетұлы алмас ойын жарқылдатып көптің алдына шықты. Облыс орталығында шаруамен жүрген маған хабарласып, «біздер мынау әділетсіз шешімге қарсы қол жинап жатырмыз, сен қосыласың ба?» деп төтеннен қойды сұрақты. Менің «әрине, қосыламын, қалың кәсіподақ мүшелері де қолдайды сіздерді» деген сөзімді іліп әкетіп, маңайындағы кісілерге дереу жеткізіп жатты. Ағаның ел мен жер, өңір мәселелеріне байланысты қандай да көзқарасы мен ойына шын қолдау танытып келе жатқаныма осы жолы көңілімнің айрықша толқып өткенін сездім. Жеке өз басының не маңайының емес, көптің мүддесін жалау еткен, сол жолда тайсақтап, тайғанап көрмеген ардақты ағаның қасынан табыла білгеннің өзі бір ғанибет емес пе! Керек болса, бұл – нағыз күрескерлік мектебі.
Бойындағы бар асылын, ойындағы інжу-маржанды халқы мен өңір өндірісінің дамуына жұмсап келе жатқан елдің азаматы –Төлеген Нұрмағанбетұлы Бүкіров ағамыз, міне, 70 жастың төріне қадам басты. Бұл биікке ел алдында еңсесі тік, адамдықты зор мұрат тұтқан мақсаты алдында абыройлы қалыпта жетіп отыр. Алда да ағамыздың осы қалпынан айнымайтынына бек сенеміз, әрине. Жаратқан ұзақ ғұмыр мен зор денсаулық берсін тек.
Ерболат Сатыбалдин,
Тау-кен металлургия және аралас өндіріс еңбеккерлері «КәсіпҚорған» кәсіподағының төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты.