Жезқазған төңірегінде Мейрамовтар әулетін біле қоймайтындар кем де кем. Еңбекпен ел құрметіне кенелген бұл әулеттің өндіріс саласындағы жалпы еңбек өтілі 500 жылға таяу.
Қилы замандарда ата-бабалары шекара асып, Өзбекстанды паналаған Ерсейіттің ұрпақтары кейін ата жұртқа оралып, өркен жайды. Сол Ерсейттен тараған ұрпақтың бірі – Оразалы Мейрамов ақсақал. Түсті металлургияның отаны саналатын Қарсақбайда металлургия саласында еңбек жолын бастап, балқытушы, бригадир дәрежесіне көтерілген Оразалы Мейрамов кейін Жезқазған мыс қорыту зауытында зейнет жасқа жеткенше еңбек етті. Талай буын алмасса да бұл әулетте мамандыққа деген адалдықтың арқауы үзілген емес. Сексен жеті жастағы ардагер металлургтің ізін жалғаған үшінші буын бүгінде еңбек көрігін қыздыруда.
Оразалы ақсақал мен Есенкүл ана 10 бала тәрбиелеп, солардан немере-шөбере сүйіп отырған ардақты жандар. Есенкүл Мейрамова да отыз жылдан аса Жезқазған сирекметалл кәсіпорнында еңбек ете жүріп, он баланың тәлімі мен тәрбиесіне көңіл бөлді. Ел-жұртының ыстық ықыласына кенелген Оразалы Мейрамов Мәскеуде Қазан төңкерілісінің 50 жылдығы мен Германия демократиялық республикасының құрылығанынаа 30 жыл толу құрметіне өткізілген жиынға қатысып, «достық балқымасын» алған жалғыз жезқазғандық «Ленин» орденді металлург екенін ұрпағы мақтан тұтады.
Мәуелі бәтерекке айналып, тамыры тереңге тартқан Оразалы ақсақал мен Есенкүл әже өздерінен өрбіген ұрпақтың қызығына қарттықтың кемесінде кенеліп отырған жайлары бар. Қартын қазынасына балған әулет әке мен ананың, ата мен әженің ақ батасымен өсіп-өнуде. Кеудесі шежіреге толы қарттарымыздың ғұмыры ұзақ болсын деп тіледік.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.
«Мысты өңір».