Жезқазғанда «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Андрей Павлович Гайдиннің еңбек ұжымымен кездесуі өтті. Жұмыс кеңесі онлайн режимінде Қарағанды, Жезқазған және Балқаш қалаларының өндірістік алаңдарының еңбек ұжымдарын қамтыды.
Кездесу барысында компанияның 2040 жылға дейінгі Даму бағдарламасына, Ұлытау облысын құруға, корпорацияны қайта тіркеуге байланысты, сондай-ақ, басқа да ағымдағы өндірістік мәселелер талқыланды. «Жезқазған кен орнының өндіріс көлемін сақтау және өндіріс мерзімін ұзарту мақсатында Жезқазған өңірін дамытудың 2040 жылға дейінгі Бағдарламасын іске асыру қажет. Осы мақсатта Жыланды кен орнын дамыту, оның ішінде кеніштердің жұмысын тұрақтандыру бойынша қызмет жүргізу жоспарлануда» – деп атап өтті Андрей Павлович.
Ұлытау облысын қалпына келтіруге байланысты компания басшылығы «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС заңды мекенжайын ауыстыру туралы шешім қабылдады.
Кездесу барысында Жезқазған, Қарағанды, Балқаш сынды үш өңірді дамыту, Жезқазған және Балқаш байыту фабрикаларын жаңғырту, «Құсмұрын» және «Жайсаң» кен орындарының жұмысын жандандыру мәселелері сөз болды.
Бағдат АЙТӨРЕ.