Елімізде теміржол тасымалын ұйымдастырушы саналатын «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясына қарасты пойыздардың сапасына жиі сын айтылатыны жасырын емес. Әсіресе «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның Жезқазған-Алматы бағытында қатынайтын пойызы вагондарының жағдайы қалжырап тұр.
Жақында жұмыс бабымен алып шаһар – Алматыға бардым. Осы сапарда біздің теміржол саласындағы сервистің әлі де дамымағанына тағы бір көз жеткіздім. Сервистен бұрын жалпы вагондар тозған, тазалық жоқ, ауызсу алатын орындар мен дәретханалардың жайы сын көтермейді. Плацкарт санатындағы вагондардағы жағдайды көзбен көріп, «біздің тасымал саласында отыз жылда жеткен жетістігіміз осы ма?» деген ойға қалдық. Бір қызығы, терезелер ашылмайды, аптап ыстықта желдеткіштер жұмыс істемейді.
Вагонда телефон немесе ноутбукты қуаттауға еш мүмкіндік жоқ. Соған қарамастан «Қазақстан теміржолы» басшылығы жолақыны жыл сайын қымбаттатады. Алайда, соған орай қызмет сапасы да жақсарып жатса бір жөн ғой. Өкінішке орай, біз мінген вагондағы тазалық мәселесі сын көтермейтін болып шықты. Жолсеріктердің өздеріне тиесілі міндеттеріне жүрдім-бардым қарауы өз алдына, ескерту айтсаң, өзіңмен жағаласа кетуге дайын тұр.
Қапырық вагонда әрең шыдап отырған жолаушылар терезені ашуға өтініш айтты. Жолсеріктер барарда да, қайтарда да терезенің ашылмайтындығын алға тартты. Өкіртіп жаққан оттың ыстығына шыдамаған жолаушылардың бірі амалын жасап, терезені ашып кеп жібергенде, вагонның ішін самал жел желпіп қоя берді. Жолаушылар күні бойы азаптан құтылғандай бір серпіліп қалды сол сәт. Осыдан-ақ жолсеріктердің жолаушыларға талапқа сай жайлы сапарды қамтамасыз етуге құлықты емес екенін аңғарғандаймыз.
Бір жарым тәуліктен аса жол жүретін пойыздың жағдайын жасап, жарқыратып қойса, жолаушыға да қызмет көрсетушілерге де жайлы боларын компания басшылығы қаперіне ала жүрсе дейсің осындайда. Бағасы жыл санап шарықтайтын пойыздардың сапаға келгенде тосылып қалатыны алып шаһарға жиі баратындарды да мезі етіпті. Оны вагон ішіндегі көпшіліктің сөзінен аңғару қиын емес.
Міне, бірер айдан соң Жезқазған аймағына облыс дәрежесін беріп, өндірістік өңір ретінде өз алдына даму көкжиегін қалыптастыруға тың бастамалар көтерілуде. Соның қатарында біз көтеріп отырған өзекті мәселенің де шешімі табылып, Жезқазған – Алматы бағытындағы пойызға жаңа вагондар беріліп, ескілері қызмет көрсетуден алынып тасталса деген тілек бар. Бұл – орталықтардан қашықта жатқан жезқазғандықтардың көптен бергі тілегі. Халық тілегі ескерілсе, сапа да заманға сай жақсарады деп сенеміз.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ,
«Мысты өңір».