Аймағымызға айыр қалпақты ағайынның елінен ақжолтай жаңалық жетті. «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС «Жезқазғантүстімет» ӨБ қарасты Жезқазған кен байыту фабрикасының еңбеккері, нәзік жандылар арасынан «зілтемірші ару» атанған Айнұр Шәріпова төрт бірдей алтынды иеленді.
Қараша айының 17 – 19 күндері аралығында Қырғызстан Республикасында WPC/AWPC нұсқалары бойынша пауэрлифтингтен Әлем кубогы өтті. Жарысқа Үндістан, Моңғолия, Әзербайжан, Ресей, Түркия, Түркіменстан, Өзбекстан, Қырғызстан мен қазақ елінен 700-ден аса спортшы қатысқан.
Ұлытау облысының, соның ішінде өндірісті шаһар – Жезқазғанның даңқын әлемдік деңгейдегі жарыста паш еткен Айнұр Шәріпова жарыстың бірінші күнінде классикалық пауэрлифтингтен (үшсайыс) және құрал-жабдықтарсыз бітімге тартылудан екі алтын еншілесе, екінші күні қатаң және классикалық бицепске көтеру бойынша алтын тақты.
– Мен өзімнің қарым-қабілетімді Әлем кубогінде көрсете алғаныма қуаныштымын. Бұл жеңістер оңайлықпен келген жоқ. Қаншама дайындықтың нәтижесі. Осы жарыс жолында бақ сынап, осындай дәрежеге жетуіме қолдау көрсеткен Жезқазған кен байыту фабрикасының директоры Мұрат Бөрібаевқа және ұжымыма, «КәсіпҚорған» кәсіподағы Жезқазған филиалына және фабрикадағы кәсіподақ комитетіне алғысымды білдіремін. Жеті жүзге жуық спортшының арасынан жеңімпаз атану мен үшін зор мәртебе. Бастысы, сенім артып, қолдаған жандардың үміті ақталды. Мұндай әлемдік додада әлі де бақ сынайтын боламын, – дейді жеңімпаз жерлесіміз.
Айта кетейік, Айнұр Шәріпова «КәсіпҚорған» кәсіподағы Жезқазған филиалы мен «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС еңбеккерлерінің «Jastar Bolashaq» Жастар одағы ұйымдастыратын жыл сайынғы спартакиаданың тұрақты қатысушысы әрі бірнеше дүркін жеңімпазы. Ол жақында пауэрлифтингтен Қазақстанның ашық біріншілігінде екі алтын медаль жеңіп алған болатын.
Қасиетті қазақ жерінің қайсар қыздарына тән батылдық пен жеңіске деген ұмтылысының нәтижесінде ұлы мекеннің ұлылығын ұлықтап қайтқан зілтемірші батыр аруымыздың алда да алар асуы мол болсын дейміз!
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.