Ұлы тұлғаның 125 жылдық мерейтойының шаттығы мысты өлке жұртшылығы үшін әлденеше еселене түсуде. Олай болатыны, бұл мерейтой ғалымның бүкіл білімі мен білігін, шынайы махаббатын арнап өмірге әкелген, оның қайтпас қайрат-жігерінің арқасында әлемдегі мыс өндірісінің ірі ондығынан ойып тұрып орын алған, ғұламаның өзі «Арқаның інжу-маржаны» атанған Жезқазған қаласының 70 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр.
Сонау 1930 жылдың басында оның тобымен ашылған шашыраңқы мыс кен орындары – үлкен Жезқазған кен орны қоры 2 млн тонна мыстан кем емес әлемдегі ең ірі кен орындардың бірі екендігі ғылыми дәлелденеді. Кейінірек «Үлкен Жезқазған мәселелеріне арналған» алғашқы ғылыми мақаласында: «1935 жылдың 1 қаңтарында Жезқазғанның кен қорлары барлық категориялар бойынша 3220 мың тонна мысты құраса, олардың ішінде 1330 мың тонна А2+В категориясы бойынша. Кеніштерде А2+В категориялы мыстың орташа мөлшері 1,92 %-ға тең. Бұл көрсеткіштің өзі сондағы зерттелген қорлардың саны бойынша Жезқазғанды Одақта бірінші орынға шығарады. Жезқазғанның әлеуетті мүмкіндіктері өте зор, Орталық Африканың мыс кен орындарына, нақтырақ айтқанда, әлемдегі мыс кен орындарының ең ірісі болып табылатын Солтүстік Родезияға пара-пар», – деп жазған еді Қаныш Имантайұлы.
Содан бері ғасырға жуық уақыт өтті. Содан бері Ұлытау – Жезқазған өңірі ғана емес, бүкіл қазақ елі ұлы тұлға ашқан сол мол байлықтың бұйырған ризығын көріп келеді. Қаныш Имантайұлы айтқандай, жерасты байлығын ысырапсыз пайдаланар болсақ, Үлкен Жезқазғанның ғұмыры әлі талай ондаған жылдарға жалғасары анық. Жаратқан соған жазсын.