«Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС басшылығы түсті металлургия саласының дамуына айрықша үлес қосып, өндірістің өркендеуінде кәсібилігімен ерекшеленген еңбеккерлерге жыл соңында арнайы жүлде тағайындау дәстүрін жалғастырып келеді. Биыл Жезқазған және Балқаш мыс қорыту зауыттарының үздіктеріне Бас директор Жәнібек Байғабелов арнайы сыйлықты тапсырды.
– Біз бұл сыйлықтарды компанияның әлеуеттілігін, өзіне тән құндылықтарын еңбекпен дәлелдеп жүрген азаматтарға лайық деп таптық. Сенімділік, кәсібилік сынды асыл қасиеттеріңізді бағалай отырып, биылғы жылы да үш аталым бойынша өздеріңізді марапаттауды ұйғардық. 2024 жылды табысты қорытындылаған Жезқазған, Балқаш зауытының еңбеккерлеріне алғысымды білдіремін, – деді майталмандарды марапаттау жиынында Жәнібек Алтынбекұлы.
М.Әубәкіров атындағы «Құзіреттілік» кубогын Балқаш мыс қорыту зауытындағы мыс балқыту цехының балқытушысы Манат Сарбасов пен Жезқазған мыс қорыту зауытындағы мысты электролиздеу цехының слесарь-жөндеушісі Думан Рахимов иеленді. Осы аталым бойынша үздік шыққан сыйлық иегерлері өз салалары бойынша білімдерін көрсете отырып, кәсіби тұрғыда жаңашылдыққа ұмтылудағы ынталарымен ерекшеленді.
Г.Камиридинов атындағы «Сенімділік» кубогы ауа бөлу аппаратшысы Сергей Доможировқа, Жезқазған мыс қорыту зауытының қосалқы станциялардың электрмонтері Лилия Никитинаға бұйырды. Мараптқа ие болған қос еңбеккер бұл аталымда мамандықтарына деген сенімнің мол екенін дәлелдей білген жандар. А.Иванчин атындағы «Кәсібилік» арнайы жүлдесін Балқаш мыс қорыту зауытының шихта дайындау цехының ұсақтаушысы Айбек Сыздықов пен Жезқазған мыс қорыту зауытындағы балқыту цехының балқытушысы Бейбіт Ахметбеков алды. Бұл мамандарға сыйлық беру талабына сай, жұмыс барысында жоғарғы стандарттарды сапалы орындаудағы үлестері бағаланып, жүлде тағайындалды.
Айта кету керек, үш аталымдағы жеңімпаздардың әрқайсына «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС басшылығы 1 млн теңге көлемінде ақшалай жүлде тағайындады.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.