Ұлағатты ұстаздар күнінде – облыс орталығындағы Халықтар достығы мен мәдениеті үйінде «Қалдырған ізің мәңгілік!..» атауымен салтанатты жиын өтті.
Ғалым да, кенші де бас иетін мәртебелі мамандық иелерін алғашқы болып облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы мен мәслихат төрағасы Бауыржан Шыңғысов құттықтап, салада сан жылдар бойы жемісті еңбек етіп жүрген ұстаздарға «Ыбырай Алтынсарин» және «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілері мен «Еңбек ардагері» медалін табыс етті. Облыс әкімі атап өткендей, Мұғалімдер күні жылулықтың, мейірімнің және ұлағатты ұстаздардың еңбегін бағалау мерекесі.
Өңірде өскелең ұрпақты тәрбиелеу бағытына деген қамқорлық ерекше. Биыл 300 млн. теңгеге 25 білім беру нысаны, 2 балабақша, 22 мектеп пен 1 колледж жөндеуден өткен.
Салтанатты шара әрі қарай «Үздік директор», «Үздік директор орынбасары», «Үздік әдіскер» сынды 14 аталым бойынша облыстық байқауда топ жарған педагогтерді марапаттаумен жалғасын тапты. Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне қаржылай сыйақы берілді. Мерекелік кеште шырқалған ән де, билеген би де мұғалімдер қауымына арналды. Ұстаз-ақындар мамандықтары жайлы өлең оқыды.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.