Шілде айының үшінші жексенбісі – металлургия саласы мамандарының кәсіби төл мерекесі. Осы мереке қарсаңында қадірлі ұстазым, айтулы металлург, іскер басшы, өндірістің білікті маманы, ұстаздардың ұстазы болған Төлеген Мұсаұлы Әбдірахманов туралы қалам тербеуді жөн көрдім.
Төлеген Мұсаұлы Әбдірахманов 1933 жылы 25 ақпанда Қызылорда облысының Төретам станциясында теміржолшының отбасында дүниеге келген. 1950 жылы орта мектепті тәмамдағаннан кейін Алматыдағы тау-кен металлургия институтына түсіп, 1955 жылы инженер-металлург мамандығы бойынша бітірген. Арнайы жолдамамен Қарсақбай мыс қорыту заводына келіп, еңбек жолын балқытушы болып бастаған. Қарсақбай мыс қорыту заводының және (1963 – 1973 жж.) Жезқазған мыс қорыту заводының (1989 – 1995 жж.) директоры. «Жезқазғантүстіметал» АҚ бас металлургі (1995 – 2000 жж.), «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-нің Басқарма төрағасының кеңесшісі (2000 – 2007 жж.). «Құрмет белгісі» және «Еңбек Қызыл Ту» ордендерінің иегері. Қазақ ССР мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Қазақ ССР еңбек сіңірген металлургі, КСРО-ның еңбек сіңірген өнертапқышы. Жезқазған қаласының Құрметті азаматы.
Институтты үздік бағамен бітірген Төлеген Әбдірахманов қазыналы Қарсақбайға атбасын тірейді. Қазақ өндірісінің қарашаңырағы Қарсақбайдың дүрілдеп тұрған кезі. Қабілетті, алғыр, білімді қазақ жастарының төбесінен құс ұшырмайтын Қарсақбай Төкеңді де өндіріс өміріне араластырып жіберді. Жас жігіт еңбек жолын Қарсақбай мыс қорыту заводында жұмыскер болып бастады. Ерді танытатын – еңбек. Төлеген Әбдірахманов тынымсыз ізденіс, тындырымды жұмысымен ұжымға сыйлы болады, басшылардың назарына ілікті. Сөйтіп қарапайым жұмыскер ауысым шебері, бөлімше және цех бастығы, зауыттың директорлығына дейін көтеріледі. Қасиетті Қарсақбайдың жерін естелігінде Төкең былай толғайды: «Менің жүрегіме мәңгілік ұялаған бір есім бар. Ол ұлтымыздың ұлы перзенті, ғұлама ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Қаныш Имантайұлы Сәтбаев. Қанекеңнің еңбектерімен студент кезден-ақ жақсы таныс болдым. Ал, Қарсақбай жерінде еңбек жолымды бастағанымда бойымды ерекше қуаныш кернеді. Өйткені, бұл топырақта ұлы адамның ізі сайрап жатыр. Сол ізді басқаныма шаттандым. Қаныш ағаның ізімен жүргенім бойыма күш-қайрат қосты, жігер, шабыт берді».
Төлеген Әбдірахманов Қарсақбай мыс қорыту заводын он жыл басқарады. Осы уақыт аралығында тынымсыз ізденіс пен қажырлы еңбек өзінің жемісін береді. Завод шығаратын өнім көлемінің еселеп артуына қол жеткізеді. Атқарылған қыруар еңбектің, төгілген тердің қайтарымы болуы керек, Төкеңе «Қазақ ССР еңбек сіңірген металлургі» атағы беріледі. Ол көптеген жас жұымыскерлер мен инженер-техник мамандарын дайындады. Өткен ғасырдың 70-жылдарының басында іске қосылған Жезқазған мыс қорыту заводына Қарсақбай заводынан шыңдалған мамандар легімен келіп, жаңа заводтың ырғақты жұмыс атқаруына өлшеусіз үлестерін қосқаны ел есінде. Төлеген Әбдірахманов басқа қызметке ауысқанда Қарсақбай заводының директорлығына, Төкеңнің әріптесі әрі шәкірті, кейін есімі аңызға айналған Қадыр Мәткенов тағайындалады.
1973 жылы Қ. Сәтбаев атындағы Жезқазған тау-кен металлургия комбинатының мыңдаған коммунистері Төлеген Мұсаұлын өздерінің жетекшілігіне сайлады. Ол кезеңде партия комитетінің хатшысы өндірістің ырғақты жұмыс атқаруына, кадрларды дайындау және оларды дұрыс орналастыруына, комбинат директорымен қатар жауапты болатын. Осы қызметте жүргенде Төкең жүздеген жас мамандарды тәрбиеледі, олардың қызмет сатыларымен өсулеріне ықпал жасап, қадағалап отырды. Жаратылысынан талғамы терең, бітімі бөлек, мінезге аса бай, сабырлы, ұстамды, төзімді басшы ретінде өзін көрсете білді.
Төлеген Мұсаұлымен алғашқы таныстығым 1974 жылдың күз айы болатын. Жезқазған мыс қорыту заводының балқыту цехында жұмыскер болып істейтін мені коммунистік партия қатарына кандитаттыққа қабылдаған, сол кездегі Жезқазған тау-кен металлургия комбинатының партия комитетінің хатшысы Төлеген Әбдірахманов еді. Партком мүшелерінің отрысында Төкең: «Қарағым, Төлеген, қолыңнан келсе оқып, біліміңді шыңдағаның жөн», – деп ақыл айтқан еді. Әдепкі кездескенімде ол кісінің келісті келбеті мен кесек мінезі, адам баласын өзіне жақын тартып тұратын қасиеттері үлкен әсер қалдырған еді.
1977 жылы Жезқазған мыс қорыту заводында үлкен технологиялық апат орын алған болатын. Кезең-кезеңімен іске қосылып жатқан Жезқазған мыс қорыту заводының технологиясын толығымен меңгеру, қуатты жобасына тиісті ырғақты жұмыстарды атқару мақсатында сол кездегі облыс және комбинат басшылары, білікті инженер Төлеген Әбдірахмановты заводтың бас инженерлігіне тағайындады. Сөйтіп, өзінің жанына етене жақын өндіріске қайтып оралады. Ұйымдастыру жұмысында жинақталған тәжірибе, алға мақсат қоя біліп, оған жетуге деген талпыныс, кәсіби біліктілік аз уақыттың ішінде оң нәтижесін берді. Кен байыту жұмысына жаңалық әкелмейінше өндіріс өнімін арттыру, сапасын жақсарту мүмкін еместігін бірден түсінді. Өндіріске жаңа технологияны енгізу үшін де білім мен біліктілік, тәуекелге бел байлау, өжеттілік қажет. Төлеген Мұсаұлы осы істі батыл қолға алады. Бірнеше ғылыми-зерттеу институттарымен тығыз байланыс орнатты. Заводта жас мамандар кеңесін құрып, оған өзі тікелей басшылық жасады. Жас мамандардың біліктілігін арттыруына, қызмет баспалдағымен жоғарылауына ықпал етіп, қадағалап отырды. Атқарылған ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесі және өнертапқыштардың ұсыныстары апта сайын өтетін техникалық кеңестің жиналысында кеңінен талқыланып, олардың тиімділерін кезең-кезеңімен өндіріске енгізді. Ашқан жаңалықтары елеусіз қалмады, оның айғағы 1981 жылы «КСРО-ның еңбек сіңірген өнертапқышы», ал 1987 жылы заводтың технологиялық буындарына аналитикалық бақылау жүйесін енгізгені үшін Төлеген Әбдірахманов басқарған бір топ завод инженерлеріне Қазақ ССР мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағы берілді.
Төлеген Әбдірахманов 1989 жылы (ол кезде әр деңгейдегі басшыларды ұжым өкілдері сайлайтын) Жезқазған мыс қорыту заводының директоры болып сайланды. Сайлау нәтижесінде жиналысқа қатысқан жұмыскерлердің 90 пайызы Төкеңді қолдап, дауыс берді. Бұл оған көрсетілген үлкен қолдау әрі жүктелген зор жауапкершілік болатын. Сол кезеңде КСРО-ның әлсіреуі, оның аяғы алып империяның ыдырауы болатын. Өндірістер арасындағы байланыстар үзіліп, электр қуатының шектелуі көптеген ірі кәсіпорындардың тұралауына әкелген еді. Кездескен қиындықтар заводты да айналып өтпеді. Төлеген Мұсаұлының іскерлігі мен табандылығының арқасында завод өз жұмысын тоқтатпады, қайта «Болиден Контект» швед фирмасының технологиясы бойынша №1 балқыту пеші құрылысының өзгертілуі, «Оутокумпу – Венмек» фирмасының № 1 карусельді-құю машинасының пайдалануға берілуі ауыз толтырып айтар жаңалықтар еді.
Төлеген Мұсаұлы қазақтың руханиятын назарынан тыс қалдырмайтын. Оған дәлел, 1989 жылы академик Қ. И. Сәтбаевтің 90 жылдық мерейтойы қарсаңында С. Қожамқұлов атындағы театрда Жезқазған кен байыту фабрикасы мен Жезқазған мыс қорыту заводының қызметкерлерінің арасында ұйымдастырылған ақындар айтысы, завод ұжымының «Наурыз мейрамын» қаламызда алғашқылардың бірі болып тойлауы, 1989 жылдың соңында Жезқазған қаласында бірінші болып «Қазақ тілі» қоғамының бастауыш ұйымының құрылуы, 1990 жылдың көктемінде қаламыздың төменгі жағында орналасқан мұсылмандар қорымына сенбілікке белсенді қатынасуы.
1995 жылдың қазан айында Төлеген Әбдірахманов «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасының металлургия саласы бойынша кеңесшісі болып тағайындалды. 52 жыл Қазақстан металлургиясының дамуына үлкен үлес қосқан ұлағатты ұстаз осы қызметтен 2007 жылы зейнеткерлікке шықты. Осынау ұзақ еңбек жолында Төкең ұстаздардың ұстаз атанды. Ол кісі көптеген шәкірттер тәрбиеледі. Ұлағатты ұстаздың шәкірттерінің арасында Қайсар Телешев, Виктор Лавецкий, Владимир Полянский, Мыңжасар Айсауытов, Виктор Сербин, Серік Барлықұлы Садықов, Дүйсенғали Байқуатов, Серік Үмітбекұлы Садықов бір-бір үлкен металлургия заводтарына абыроймен басшылық жасап қана қоймай, ғылыми жұмыстармен айналысып кандидаттық және докторлық диссертацияларын қорғады. Бүгінде олар да зейнеткерлік демалыста. Ұлағатты ұстаздың еңбек жолын жалғастырушылар қатарында Балқаш мыс балқыту заводының директоры Ербол Айбеков және осы заводтың бас инженрі Бексұлтан Қасымбеков, Жезқазған мыс қорыту заводының директоры Саят Әтен, кезінде заводқа басшылық жасаған Әбділмажит Тәкішев, Бағылан Таненов, Марат Ысқақов, Ержан Оспановты айтуға болады. Төкеңнің тәрбиесін алған металлургтер егеменді Қазақстанның түпкір-түпкірінде жүздеп, саналады.
«Ат тұяғын тай басар» дегендей Төлеген Мұсаұлының ісін балалары жалғастыруда. Үлкені Болат әке жолымен металлург мамандығын таңдаған. Қызмет баспалдақтарынан өтіп, «КазКат» заводының директоры қызметін атқарды. АҚШ, Германияда оқып, білімін жетілдірді. Техника ғылымдарының кандидаты. ҚР Құрметті металлургі. Өкінішке орай Болат Төлегенұлы өмірден ерте өтті. Болаттың қазасы Төкеңнің жүрегіне жазылмастай жара болып қалды. Болаттың зайыбы Ғафура Нұртазақызы Ыбыраева көп жылдар «Қазақмыс» корпорациясы» басқарма төрағасының орынбасары болып қызмет атқарды. Төкеңнің қызы Зәуре де инженер-металлург, техника ғылымдарының кандидаты, қазіргі уақытта корпорацияда департамент директоры. Зәуренің жолдасы Шәріп Нысанбаев инженер-металлург, көп жылдар бойы әртүрлі деңгейде корпорацияда қызмет жасаған, зейнеткер. Гүлнары – дәрігер, Қарағанды қаласында тұрады. Серігі мен Алматы корпорацияда әртүрлі қызмет атқарған. Олар Алматы қаласында.
Төкең өмірден өз орынын таба білді. Ұл десең – ұл, қыз десең – қыз өсіріп, өмірінің жалғасын көрді.
Төкең менің де ұстазым, көп жылдар бойы заводта бірге қызмет атқардық. 5-6 жылдай көрші болдық. Отбасымызбен араластық. Гүлжахан жеңгейдің қолынан сан мәрте дәм таттым. Жақсымен жанассаң жан дүниең байып сала беретіні белгілі. Осындай жақсылардың бірі еліне адал еңбек етіп, халқынан жанының жылуын аямаған, ар-ұят, жауапкершілік қанына сіңген, үлкен өмір жолынан өткен азаматымыз – Төлеген Мұсаұлы еді.
Адам баласын уақыт, заман өсіреді, жетілдіреді. Қызметке араласа келе, Төлеген Мұсаұлы кісілігі басым, бітімі бөлек, талғамы терең, ұстамды, сабырлы, төзімді басшы болды. Қай жағынан алсаң да молынан пішілген жаны жайсаң, өмірдің пендешілік ұсақ-түйегінен жоғары тұратын азамат еді. Төкеңнің тағы бір қасиеті – асып-тасуды, ретсіз төгілуді білмейтін.
Үлкеннің де кішінің де жүрегіне жол табатын, қандай орта болса да өзін еркін ұстайтын, басқаны өзіне тарта білетін, ұлағатты ұстаз Төлеген Мұсаұлы Әбдірахманов 90 жасқа толуына тоғыз күн қалғанда жарық дүниеден өтті. Өмір үзілді. Бірақ, оның ісі тоқтаған жоқ. Жезқазған мыс қорыту заводы сары алтындай сары мысты сапырып жатыр. Оның тәлім-тәрбиесін алған жас металлургтер жаңа биіктерді бағындыруда.
Артында өлмейтұғын із қалдырған, туған елінің патриоты, ұлағатты ұстаз Төлеген Әбдірахмановтың екінші өмірі енді басталмақ.
Төлеген БҮКІРОВ,
Қазақстанның Құрметті металлургі.