Жезқазғанда бес дүркін әлем чемпионы, гроссмейстер Жансая Әбдімәліктің шахмат академиясының жаңа филиалы жұмысын бастады.
Ашылу салтанатына ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Ұлытау облысының әкімі Дастан Рысбеков, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Нұрахмет Нуриев, Халықаралық шахмат федерациясы (ФИДЕ) президентінің кеңесшісі Берік Балғабаев қатысты.
Бұл филиал еліміздегі ең үлкен шахмат академияларының бірі болды. Ғимараттың жалпы ауданы 900 шаршы метр. Мұнда облыстың 5-18 жас аралығындағы 1000-ға жуық жас шахматшы білім алады.
«Ұлт ұясы – Ұлытауда сіздермен қауышқаныма қуаныштымын. Барлығыңызды академияның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Мемлекет басшысы спорт саласына ерекше көңіл бөлуде. Нәтижесінде спортшыларымыз әлемдік додаларда әрқашан биіктен көрініп келеді. Шахматта біздің спортшылар әлемдік додаларда өте жоғары нәтиже көрсетіп жүр. Елімізде 8 мыңнан астам шахмат үйірмелері жұмыс істейді. 270 мыңнан астам бала шахматпен айналысады. Жансаяның өзі халықаралық гроссмейстер. Әлемдік аренада топ жарып, өзінің спорттағы жолынан бөлек, балаларды спортқа баулып, оларға жол ашып жатыр. Келешекте осындай академиялардан әлемдік додаларды бағындыратын спортшылардың өсіп шығатынына сенімдімін», – деді Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.
Ашылу салтанатында Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков өңірімізден танымал шахматшылар мен ел чемпиондары шығып, Ұлытау облысын тек республикалық деңгейде ғана емес, әлемдік аренада танытатынына сенім білдірді.
Жезқазғандағы шахмат академиясы Қазақмыс корпорациясы мен Ұлытау облысы әкімдігінің меморандумы аясында салынды. Бұл жоба бизнес пен мемлекеттік құрылымдардың ынтымақтастықтығы елімізде спорт пен білім беру саласын дамытуда ерекше маңызға ие екенін көрсетті.
«Шахмат академиясының Астанада немесе Алматыда емес, Жезқазғанда ашылғаны «Қазақмыс» корпорациясы басшылығының өз қызметінде әлеуметтік бағытқа көп көңіл бөлетінін айғақтайды», – деп атап өтті Халықаралық шахмат федерациясы (ФИДЕ) президентінің кеңесшісі Берік Балғабаев.
Академияның ашылуы аясында «KAZAKHMYS YOUTH TEAM CHESS CUP» атты балалардың алғашқы халықаралық, командалық турнирі ұйымдастырылды. Жарысқа Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Моңғолиядан келген 100-ден астам жас шахматшы қатысты.
Жарыс қорытындысында бірінші орынды «Жансая Әбдімәлік-1 шахмат академиясы» командасының ойыншылары: Марк Смирнов, Данис Қуандықұлы, Ризат Ұлан және Мария Холявко иеленді.
Екінші орынды Астана қаласының «Каисса – орталық шахмат клубы» командасы жеңіп алды. Команда құрамында: Әлімжан мен Алдияр Жауынбай, Арлан Миржанов және Ақнұр Мамақова өнер көрсетті.
Үшінші орынды Беларусь Республикасының астанасы Минск қаласынан келген «Шахматтан республикалық олимпиадалық дайындау орталығы» командасы иеленді. Команда құрамында: Матвей Савелев, Дамир Булгак, Павел Пух және Ника Венская болды.
Төртінші орынды «Shatranj шахмат мектебі» командасы жеңіп алса, бесінші орын «Мәскеу кешенді олимпиадалық резерві «Восток» спорт мектебі» командасына бұйырды.
Жезқазғанда өткен балалардың алғашқы халықаралық, командалық шахмат турнирінің жеңімпаздары кубокпен, дипломмен және ақшалай сыйлықпен марапатталды. Турнирдің жалпы жүлде қоры 8 млн. теңгені құрады.