Облыстық қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырмасы аясында Жезқазғанда жастарға арналған «ULYTAU GO» жазғы лагері өз жұмысын бастады.
Жастарды біріктіруге және жан-жақты дамытуға бағытталған шара бағдарламасы шілде айының 29 мен 31-і аралығына жоспарланған. Жастар лагеріне Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал қалалары мен Жаңаарқа, Ұлытау аудандарынан барлығы 50-ден астам ерікті және белсенді жастар қатысты.
«ULYTAU GO» жастар лагері өз жұмысын салтанатты ашылу рәсімінен бастады.
– Осы семинардан сіздер барынша өздеріңізге қажетті дағдыларды қалыптастырып, қажетті дүниелерді үйреніп, оны ары қарай өздеріңіздің өмір жолдарыңызда, ертең еңбекке араласасыздар сол кезде пайдаланасыздар деп ойлаймыз. Бұл басқосу сіздерге пайдасы, септігі мол жиын болады деген сенімдеміз. Лагерьдің барлық қатысушыларына, осы лагерьдің жұмысына сәттілік тілейміз, – деді салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Дархан Мұхан.
Үш күнге созылған жастар лагерінің арнайы бағдарламасы бойынша алғашқы күні «Ораторлық қабілетті арттырудың тиімді жолдары» тақырыбында Астанадан кәсіби Медиа-тренер Сәнді Сұлтан арнайы келіп, тренинг ұйымдастырды. Сондай-ақ zhakifilms негізін қалаушы Азамат Жақиянов «Мобилография ерекшелігі» тақырыбында шеберлік сағатын өткізеді.
– Ұлытау облысына келгеніме өте қуаныштымын. Жезқазған қаласында ең белсенді, ең ақылды, ең әдемі жастармен кездесіп тұрмын. Өзімнің жеке мастер-класымды жүргізіп жатырмын. Бүгінгі біздің Қазақстанның болашағы осы жастардың қолында ғой. Сондықтан өзімнің бар білгенімді жеткізгім келеді, пайдалы болғым келеді, сол үшін келдім, – дейді медиа-тренер Сәнді Сұлтан.
Ал, форумға қатысушы жастар мұндай ілкімді істің үзіліп қалмауын қалайтындарын ашық жеткізді.
– Алдағы уақытта бізде дәл осындай лагерьлер болғанын қалаймыз. Ұйымдастырушыларға үлкен алғысымызды білдіреміз. Жан-жақтан тоғысқан балалар бір-бірімен танысып-білісіп, бір-бірлеріне деген өздерінің құрметтерін көрсетіп, жазғы лагеріміз өте жоғары деңгейде өтуде, – дейді лагерь қатысушы Жасұлан Жахин.
Үш күнге созылған жазғы лагерь қатысушылардың «Жошы хан» тарихи-мәдени кешеніне экскурсия жасауымен қорытындыланды. Лагерьге әр өңірден келген делегаттар өздерінің қабілеттерін шыңдады, білімдерін жетілдірді.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.