Жезқазған қаласында еліміздің өнерсүйер қауымы асыға күтетін дәстүрлі ХХХІІІ республикалық «Ұлытау үні – 2025» фестивалі салтанатты түрде өтті. Бұл – аймақтың ғана емес, тұтас Қазақстанның мәдени өмірінде айрықша орны бар, талай дүлділдің бағын ашып, жұлдызын жаққан өнер додасы.
Фестивальдің шымылдығы Кеңгір жағалауындағы амфитеатр сахнасында хореографиялық композициямен түрілді. Ұлы Абайдың 180 жылдығына орай қойылған театрландырылған көрініс пен Жақсыкелді Сейіловтің «Ұлытау» әні мерекенің рухын айшықтап, жұртшылыққа ерекше әсер сыйлады. Ашылу салтанатында Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова құттықтау сөз сөйлеп, ұлттық өнерді ұлықтаудың мән-маңызына тоқталды.
Биылғы «Ұлытау үні» бірнеше тарихи тұлғалардың мерейтойымен тұспа-тұс келді. Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына арналған әншілер байқауында еліміздің түкпір-түкпірінен 14 үміткер бақ сынап, Қарағанды облысынан келген Фарида Саутхан бас жүлдені иеленді.
Ал Серке Қожамқұлов атындағы қазақ музыкалық драма театрында өткен күйшілер байқауы Кетбұқа жыраудың 840 жылдығына арналды. Бұл додада бас жүлде Астана қаласынан келген Айшолпан Қасымоваға бұйырды.
Сондай-ақ әйгілі композитор, дирижер, Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған мультиаспапшылар байқауында Ұлытау облысының жас таланты Санджай Альмишев топ жарып, бас жүлде иегері атанды.
Фестивальдің ең көп күтетін бөлігі – республикалық ақындар айтысы. Биылғы айтысқа елдің әр өңірінен келген 12 ақын қатысып, сөз сайысының көркін қыздырды. Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде Абай облысынан келген Рүстем Қайыртайға берілді. Ұлытау өңірінің жас ақыны Сырым Нығызбай ІІ орынды иеленіп, жерлестерінің қуанышына бөленді.
Фестивальдің соңғы күні өткен гала-концерт ерекше сән-салтанатымен есте қалды. Сахна төрінде Ұлытау облыстық филармониясының өнерпаздары, жас таланттармен бірге қазақ эстрадасының жұлдыздары – Тамара Асар, Ұшқын Жамалбек, Мөлдір Әуелбекова және «Жошы» этно-фольклорлық ансамблі өнер көрсетті.
«Ұлытау үні» – қазақ өнерінің асқақ үнін аймақтан асырып, елге танытып келе жатқан мәдени құбылыс. Ол ұлттық болмысымызды дәріптеп, жас буынға рухани азық беріп, халық пен өнерді табыстыратын ұлы дәстүрге айналды.
Ізтай Белгібай, Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.

