Халық шығармашылығы мен көркемөнерпаздар өнерінің туын көтеріп жүрген дәстүрлі «Ұлытау үні» фестивалі биы лтүрленіп, жаңаша бір жаңалығымен жалт қаратты. Жезқазған жерінде 31-рет өткізіліп отырған фестиваль бұрынғы аймақтық деңгейден республикалық дәрежеге көтерілуімен ерекшеленді.
«Ұлытау үні» фестивалі Тәуелсіздікті аңсап, ұлттық өнерге шөліркеп жүрген кезде жарқ етіп көрінуімен ыстық. Әрі бүгінге дейін өз жолынан жаңылмай, жаңарып, жалғасып келе жатқанымен құнды. Бүгінде ол аймақ өнерінің қастерлі бойтұмарына айналды десе болады.
Биыл облысымыздың жаңадан отау тігуіне орай республикалық деңгейге көтерілген дәстүрлі фестивальдың ауқымымен қатар мазмұны да кеңейе түсті. Халық шығармашылығының алуан саласы қамтылған өнер сайыстары ұйымдастырылды және олар арнаулы даталарға арналды. Мәселен, дәстүрлі ән орындаушылардың байқауы Ақансерінің 180 жылдығына арналса, күйшілер байқауы Құрманғазының 205 жылдығына, көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы Қазақстанның халық артисі, атақты диктор Әнуарбек Байжанбаевтың 100 жылдығына, ақындар айтысы халық батыры, ұлт-азаттық көтерілісінің бас сардары Аманкелді Имановтың 150 жылдығына арналды. Сонымен қатар, жыршы-термеші Шынболат Ділдебаевтың шығармашылығына арналған термешілер сайысы және қазақ әндерін тұңғыш гитарамен орындаушы, әнші-сазгер Қорабай Есеновтің 75 жасқа толуына орай «Қатар жүрген күндерді сыйлайықшы», ақын Бағдат Байжантаевтың 50 жасқа толуына арналған «Ұларлытаудың ұлымын» атты шығармашылық кештері өткізілді.
Өнер сайысына бұрындары, әрі кетсе облыс аумағындағы өңірлерден өнерпаздар қатысатын болса, бұл жолғы жан-жақтан келушілердің ауқымы кеңейе түсті. Қазақстанның әр облысынан фестивальға 80-нен аса өнерпаз келіпті. Өнер мерекесінің шымылдығы ашылған алғашқы күні өткен дәстүрлі ән орындаушылардың байқауына еліміздің 7 облысынан 12 әнші қатысты. Қазылар алқасының төрағасы Ербол Айтбаев бастаған белгілі әншілер қатысушылардың өнеріне өз бағаларын берді. Қазылардың шешімі бойынша Астанадан келген Сәкен Әлімхан бас жүлдені еншілесе, павлодарлық әнші Дәуренбек Сламғали бірінші орынға, Абай облысының өнерпазы Айдос Саниязбекұлы екінші орынға, Ұлытау облысының әншісі Сағынбай Мәлікбекұлы үшінші орынға ие болды. Қалған әншілерге де атаулы сыйлықтар мен диплом тапсырылды. Сол күні болған термешілер байқауына қатысушылар Шынболат Ділдебаевтың әр жылдардағы ең үздік шығармаларын орындады. Олардың өнеріне баға берген қазылар алқасының төрағасы айтулы жырауАлмас Алматов болды. Бас жүлде мен бірінші орын Астана атынан қатысқан Күнсұлу Түрікпен мен Елбол Қуанбекке бұйырды. Жамбыл облысының термешісі Бекарыс Көштаев екінші орынды, Ақмола облысынан келген Нұрайым Ерталапқызы үшінші орынды еншіледі. Тағы төрт термешіге арнайы жүлделер тапсырылды. Барлық қатысушылар «Ұлытау үні» фестивалінің дипломымен марапатталды.
Күйшілер сайысы екі кезеңнен тұрды. Қатысушылар бірінші кезеңде Құрмағазының үш күйін, екінші кезеңде бір күйін орындауға міндетті болды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәулескер күйші Жанғали Жүзбай бас болған қазылар алқасы жүлде көлемі 500 мың теңгелік бас жүлдеге Жезқазған қаласының өнерпазы Бекзада Достиярованы лайықты деп ұйғарды. Астана қаласынан қатысқан Қайрат Жұмағалиев бірінші орыналып, 400 мың теңге жүлдені қанжығасына байлады. Екі екінші орын 150 мың теңге жүлделерімен оралдық Тұрлыхан Абухан мен алматылық Нұрасыл Матжанға, 100 мың теңгелік жүлдесімен екі үшінші орын шымкенттік Дәулет Оңғар мен астаналық Марғұлан Әлкенге бұйырды. Тағы төрт күйші номинациялық жүлдегерлер атанды. Ал, көркемсөз оқу байқауында Ұлытау облысынан қатысқан Әлем Серік бас жүлдеге, қызылордалық Нұрман Бекжан бірінші орынға, Жаңаарқа ауданынан Бексұлтан Мағрұбжан екінші орынға, қостанайлық Мұхаммедсаид Дәрібаев үшінші орынға ие болды.
Фестиваль аясында Жезқазғанға арада көп жылдар салып ақындар айтысының оралуы ел рухын көтерген айтарлықтай оқиға болды. «Азаттық» деп алысқан арыстар-ай» атты республикалық ақындар айтысына 20 ақын қатысып, шайырлар екі күн қатарынан сөз қағыстырды. Олар қоғамдағы келеңсіз жайларды тілге тиек етіп, жаңадан құрылған облысты дамытуға қолбайлау болып отырған жол, ауызсу сияқты түйткілді мәселелерді қозғады. Айтыстың атасы атанған Жүрсін Ерман қазылар алқасының төрағасы ретінде онлайн желісі арқылы ақындардың бағасын беріп отырса, айтыстың тізгінін белгілі айтыскер ақын, қоғам қайраткері Аманжол Әлтай ұстады. Қазылардың шешімімен Қостанай облысынан қатысқан Айбек Қалиев 2 млн. теңгелік бас жүлдені еншіледі. Қарағандылық ақын МақсатАқановқа 1 млн. теңге жүлдесімен бірінші орын бұйырды. Әрқайсына 700 мыңтеңгеден жүлдесі бар екі екінші орынға Рүстем Қайыртай (Абай облысы) мен Мейірбек Сұлтанхан (Астана) ие болса, үш үшінші орын Нұрзат Қаруға (Қызылорда), Ерлан Дәулетке (Ақмола облысы) және Қанат Мырзаханға (Жамбыл облысы) берілді. Олардың әрқайсына 450 мың теңгеден жүлде тапсырылды. Шұғайып Сезімхан, Дидар Қами, Рауан Қайдаров 350 мың теңгелік арнайы жүлде иелері атанды.
Сонымен үш күнге созылған өнер мерекесікенді өңірді ән мен күйге бөлеп, көпшілік қауымға ұмытылмастай әдемі әсер сыйлады. Дәстүрлі фестиваль гала концертпен аяқталды.
Амандық РАХҰЛЫ.