Биыл құрылғанына 70 жыл толған №1, №2, №3 Жезқазған байыту фабрикалары Наурыз мейрамы қарсаңында еңбеккерлер арасында қазақтың салт-дәстүрлерін насихаттау мақсатында байқау өткізілді.
Осымен үшінші мәрте ұйымдастырылған байқауға «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитеті мен Бригадирлер кеңесі ұйытқы болды. Ұлттық құндылықтарды дәріптеп, оны келешек ұрпақ санасына сіңіруді көздеген байқауда өндірістің өрендері өнерден құр алақан еместіктерін байқатты.
Көрісу, қыз айттыру, сырға салу, жарапазан айту, құда күту, тоқымқағар, қымызмұрындық жасау сынды салт-дәстүрлерді көрсеткен фабрика еңбеккерлері байқаудың жоғары деңгейде өтуіне атсалысты.
Қазылар алқасының ұйғарымы бойынша І орынды № 1 ұнтақтау корпусы жеңіп алды. ІІ орынды байыту фабрикасының басқармасы еншіледі. Үздік үштіктің қатарынан № 1 бас корпус көрінді. Байқауда топ жарып, жеңімпаз атанған ұжымдармен қатар, төрт ұжымға ынталандыру мақсатында ақшалай сертификаттар табыс етілді. Сайыс соңында қатысушыларға арнайы құрылған киіз үйлерде ақ дастарқан жайылып, ауыз ашар берілді.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.